Сұрақ: Бір сүрені ерекше жақсы көрсе бола ма?
Жауап: Құран – қасиетті кітап. Мұндағы сүрелердің барлығы да қасиетті саналады. Бір сүренің екінші сүреден артықшылығы жоқ, барлығы Құран. Алайда олардың уахи ретінде келу жағдайлары мен оқиғаларына байланысты әрбіріне тән өз ерекшелігі де бар.
Бір күні Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаны көреді. Ол үнемі бір немесе екі ракат намазында «Фатиха» сүресінен кейін «Ықылас» сүресін оқиды екен. Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) одан:
– Мен сенің әр бір ракатта «Фатихадан» кейін «Ықылас» сүресін оқуға қатты көңіл бөлетініңді байқадым. Мұның себебі не? – деп сұрайды.
Әлгі сахаба:
– Себебі мен оны жақсы көремін уа, Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)!» – деп жауап береді.
Пайғамбар: (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
– Сенің оған деген махаббатың, сені жәннатқа кіргізеді, – дейді.
Жалғас САНДЫБАЕВ