Рухани кемелдікке жеткен ғалым Хазреті Мәулананың бүкіл адамзатты қайран қалдырған «Мәснәуи» еңбегінде мынадай бір ғибратты оқиға өрбіген екен.
Бірде Мұса (ғ.с.) пайғамбар «Мен пайғамбармын, Алла Тағала басқаға лайық көрмеген атақ-дәрежесін маған беріп, сырларын ашты. Бұл дүниеде менен білімді ешкім болмас,» – деп насаттаныпты. Сонда Жаратқан Құдай Тағала үн қатып: «Пәлен мұхиттың жағасында отырған қартқа барып осы сөзіңді айт,» – деді.
Мұса (ғ.с.) пайғамбар бірнеше күн жүріп, айтылған мұхит жағасында отырған қартқа жетіп, іздеп келгенін айтты. Қарт оған мұхиттың жағасына қонған торғайды көрсетті. Торғай мұхиттан бір-екі шоқып су ішті де ұшып кетті. Қарт Мұсадан (ғ.с.):
– Торғай қанша су ішті? – деп сұрады. Мұса (ғ.с.) пайғамбар:
– Торғай қанша су іше алатын еді, өзіне лайығын ғана ішті ғой, – деді. Сонда қарт:
– Алла Тағала ілімі де осы мұхит секілді шексіз. Сенің алған ілімің де осы торғайдың ішкен суынан артық емес, – депті. Мұса пайғамбарда дереу өз қателігін мойындап, Алладан кешірім сұраған екен. Оқиғаны түсінген жан үшін үлкен ғибрат жатыр.
Айтайын дегенім, біз адам баласы, өз құмырамыздың сыйымдылығы қанша екенін білеміз бе? Білмейтін нәрсемізді «білмеймін» деп айта аламыз ба? Кейде орынды орынсыз сөз сөйлеп, мен білемін деп діннің төңірегінде бүлік шығарып, түкке тұрғысыз әңгіме айтып жүрген қаншама жандар бар?!
«Білмеймін деп айтудан ұялған немесе қорыққан адамның біліміне де сөзіне де сенбе» деген екен Хазіреті Әли (р.ғ.) сахаба. Сондықтан білмегенді «білмеймін» деп айту ұят емес. Білмегенді «білемін» деп айту өте қатерлі іс. Екеуінің арасын ажырата білуді Алла нәсіп етсін!
Дайындаған –Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ