ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Сауд Арабиясына жасаған сапарында Мекке қаласында Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы шейх, доктор Мұхаммед ибн Абдулкарим әл-Иссамен кездесті.
Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты арттыру мәселелері сөз болды. Тараптар әлемдік сын-қатерлерге үн қатудың маңызын талқылап, мұсылман үмбетінің ауызбіршілігін нығайту жөнінде пікір алмасты.
Бас хатшы ортақ бастамаларға қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізіп: «Қазақстанның біз үшін орны бөлек. Сіздермен арадағы қалыптасқан достық байланысты әрі қарай дамытуға әрқашан ниеттіміз. Қазақстан көптеген елдерге дінаралық келісімді сақтаудағы өзіндік үлгісімен танымал. Біз әркез ортақ жобаны бірге атқаруға дайынбыз» деді.
Наурызбай қажы Тағанұлы Лиганың жұмысына табыс тілеп: «Біздің мақсатымыз – тәуелсіздік алған тұстан бері бейбітшілікті ұстану, әлемде болып жатқан жанжал, дінаралық қақтығыстардың алдын алу. Осы ретте Лиганың атқарып отырған жұмысы орасан зор. Мұсылман үмбетінің ауызбіршілігін нығайту бағытында да көптеген жұмыс атқарылуда. Игі істеріңізге әрқашан сәттілік тілеймін. Алла разы болсын!» деді.
ҚМДБ Төрағасы Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысын Қазақстанға арнайы шақырып, ортақ жобаларды жүзеге асыруды ұсынды. Бас хатшы Бас мүфти ұсынысын қолдайтынын жеткізіп, игі ниетін білдірді.