Сұрақ: «Бақара» сүресінің ерекшелігі туралы не білеміз?

Жауап: Құранның әрбір сүресі өзіне тән қасиетімен ерекшеленеді. «Бақара» сүресі де көптеген қасиеттермен белгілі. Бұл туралы Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің әйгілі хадистерінде айтып кеткен. Біз ол ерекшеліктердің бірқатарын ғана айтып өтеміз.

Осындай хадистердің бірін Сәһл ибн Сағыд (Алла оған разы болсын) пайғамбардан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай риуаят қылады:

 «Әрбір нәрсенің шоқтығы болады. Құранның шоқтығы – «Бақара» сүресі. Кім оны түн мезгілінде үйінде оқыса, үш түнге дейін оның үйіне шайтан кіре алмайды. Ал кім оны күндіз оқыса, үш күнге дейін оның үйіне шайтан кіре алмайды», – деген (Ибн Хиббан, Табарани және Байһақи).

Сонымен қатар, «Бақара» сүресінің осындай ерекшеліктерінің бірін ислам тарихындағы мына оқиғадан да байқаймыз: «Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір топ адамды жолға шығарады. Олардың арасынан Құранды жатқа білетін кім екенін сұрайды. Сөйтіп топтың ішіндегі ең жастауына келіп:

– Достым, Құраннан не жаттағаның бар? – деп сұрайды.

Ол:

– Бірқатар сүрені және «Бақараны» жатқа білемін, – деп жауап береді.

Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– «Бақара» сүресін жатқа білемін дейсің бе? – деп әлгі адамның жауабын нақтылағысы келді. Ол:

– Иә, жатқа білемін, – деді.

Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Олай болса, сен осылардың әмірі (басшысы) боласың, – дейді.

Сол кезде осы топтың арасындағы ең құрметті болғаны:

– Аллаға ант етейін! Мен «Бақара» сүресін жаттап алғым келді. Бірақ, оның жауапкершілігінен қорықтым (яғни егер оны жаттаған болсам, онда оған амал қылуым қажет), – деді. Сонда Алланың елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

– Құранды үйреніңіздер және оны оқыңыздар. Расында, оны кім үйренсе әрі оқитын болса, онда оның оқыған Құранының мысалы – иіссу салынған толы қапшық сияқты. Оның қош иісі жан-жаққа тарайды. Ал енді Құран үйренген адам аяқ созып, жататын болса, онда оның мысалы –  иіссу салынған толы қапшықтың үстінде жатқан сияқты», – деп айтқаны туралы хабар бар.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ

Пікір жазу