Бала тәрбиесі – ешқашан өзектілігін жоғалтпайтын мәселе. Дұрыс тәрбие беру баланың өмірден өз орнын табуына тікелей әсер етеді. Ата-ана баласын тәрбиелеймін деп өрескел қателіктер де жіберіп алады. Айталық, баласын ұрып-соғу, жазалау сынды әдістерді қолдануды әдетке айналдырғандар баршылық. Бұған ислам діні қалай қарайтынына, психологтар қандай кеңес беретініне осы материалда ашып айтамыз.
Асыл дінімізде баланы ұруға қатысты айтылған хадис бірен-саран ғана. Соның ішінде ең әйгілісі сахаба Амр ибн Астан риуаят етілген мына хадис бар. Онда пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) былай деген:
«Балаларыңа жеті жасында намазды бұйырыңдар. Он жасында егер оқымаса, ұрыңдар. Және осы жаста оларды төсектерінде араларын бөліңдер (яғни бір-бірінен бөлек жатқызыңдар)».
Аталған хадиске байланысты белгілі исламтанушы Абдусамат Қасым:
– Бұл хадистен түсінгеніміз, кейде бала тым еркелікке басып, айтқан ақылға құлақ аспай, жаман қылықтарға бой алдырып жататын кездері болады. Ондай кезде ата-ана баланы тәрбиелеу мақсатында ұруға құқылы екен. Онда да жанына батырып, зақым келтірердей ұру – күнә. Сондай-ақ бірден қол ала жүгіру – әбестік. Алдымен жай сөзбен айтады. Оған құлақ аспаса, қатаң дауыспен ұрсып айтады. Оған да көнбей жатса, жансыз жерінен бопсалап қоюға болады, – дейді дінтанушы.
Ал Ислам ғұламалары аталған хадистегі «ұру» сөзіне былай түсінік берген. Олардың айтуынша, ауыр соққымен емес, жұмсақ ұру керек. Ондағы мақсат – баланы жазалау емес, тәрбиелеу. Алайда қазіргі таңда кейбір ата-аналар балаларын аяусыз соққыға жығып жатады, бұл – ауыр күнә. Баланы қатты жазаламай, дұрыс тәрбиелеуді үйрену керек екендігін ғұлама ғалымдар алға тартады.
Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) балаларын ұрмаған. Бұл жайында жұбайы Айша анамыз:
– Ол балаларын махаббатпен, даналықпен тәрбиеледі. Балаларына мейірімін төгіп, оларға деген сүйіспеншілігін жасырмайтын. Кезінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.) Хабис әт-Тамими есімді бір кісімен отырғанда немересі Хасанды сүйеді. Сонда қасында отырған кісі: «Менің он балам бар, бірде-біреуін сүйген емеспін» дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) оған қарайды да: «Кім мейірім көрсетпесе, сол мейірім көрмейді» деген екен», – деп баяндайды.
Ал отбасылық және балалар психологы Айгүл Амантайқызы бала тәрбиелеу типі бойынша ата-ананың түрлерін бөліп айтып берді.
– Тәрбиелеу типі бойынша ата-ананың екі түрі болады: авторитет ата-ана және авторитарлы ата-ана. Бірінші типтегілер бала тәрбиелеу арқылы ата-ана болудан ләззат алады, өзіне мол сауап жинайды. Нәтижесінде мықты тұлға тәрбиелеп шығарады.
Ал екінші типтегілер ата-ана болудан шаршап жүреді, аманатқа қиянат жасап, жүйкесі тозып, түбінде балаға да, өзіне де қиындық тудыратын қарым-қатынас құрады. Өкініштісі, ата-ананың көбі бала алдында авторитет боламын деп, авторитарлы тәрбиеге қалай өткенін байқамай жатады, – дейді психолог.
Айгүл ханымның айтуынша, авторитарлы ата-ананың бір белгісі – баланы ұрып тәрбиелеу. Бұндай жолмен тәрбиелеу – ата-ананың бала тәрбиелеуде басқа әдістерді білмеуі, қолдана алмауының белгісі дейді.
– Баланы ұрып-соғу – ата-ананың бала тілін таба алмағандығының көрінісі. Балаға қол жұмсау – ата-ананың балаға шектеулер мен тыйымдарды толық жеткізе алмауының, ереже орната алмауының нәтижесі, – дейді психолог.
Өкінішке қарай, көп ата-ана тәрбиелеу жолында қамқорлық қана жеткілікті деп ойлайды. Бұл қате түсінік. Бала ата-анасы арқылы әлемдегі, қоғамдағы өз рөлін анықтайды. Олардың әрбір әрекетінің артында, есейген шақтағы қалыптасатын мінез-құлық қасиеттері жатыр. Ал сол қасиеттер оны мықты адам қылып өсіре ме, әлде өшіре ме – ол ата-ананың тәрбиесіне байланысты болмақ. Сондықтан баланы жазаламастан бұрын дұрыс тәрбие бере алып жүрмін бе деген сауалды өзіңізге жиі қойыңыздар.
Балжан ӘБДІРАШ