Осыдан бірнеше апта бұрын ҚМДБ Әйел-қыздар секторының Нұр-Сұлтан өкілдігі «Үміт» дағдарыс орталығына зиярат жасап, ондағы тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдермен кездесу өткізген еді.
Арнайы сый-сияпаттарын әзірлеп, рухани қолдау білдіруге барған «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел ұстаздары орталықтағы мұқтаж жандармен жекелеген кездесулер ұйымдастырып, жағдайларына қаныққан болатын. Сол «Үміт» дағдарыс орталығында тұрып жатқан Айгүл Ақмолдаева есімді келіншектің басындағы ауыр жағдай ерекше назар аудартып, мешіт ұстаздары оның жеке құжаттарын жөндеуге көмектескен болатын. Бұдан бөлек, орталық қызметкерлері Айгүлдің құлағы естімейтінін айтып, есту құрылғысын алып берулерін өтінген еді.
Осыған орай, «Әзірет Сұлтан» мешітінің әйел ұстаздары жамағат демеушілігімен Айгүл Ақмолдаеваға арнайы есту құрылғысын сатып әперді. Арнайы мамандандырылған орталықта алдымен дәрігер тексеруінен өткен Айгүлге есту құрылғысы беріліп, мереке қарсаңында айрықша қуаныш сыйлады. Сондай-ақ орталықта тұру мерзімі аяқталуға жақындаған Айгүлге жамағат атынан қаржылай қолдау беріліп, мешіт ұстаздары құттықтау лебізін білдірді.