Күндердің күнінде бір қаланың танымал ғалымына бір келіншек келіп күйеуімен ажырасқысы келетінін айтады. Ғалым біршама ойланып:
– Мен саған кеңес берейін. Сен ажыраспас бұрын күйеуіңмен бірнеше күн жақсы қатынаста бол. Оған жағымды сөздер айтып, жағдайын жаса. Содан кейін маған кел, – дейді. Айтқанын бұлжытпай орындаған келіншек бір аптадан соң қайта ғалымға келеді. Ғалым оның көтеріңкі көңілін көріп:
– Енді ажырасасың ба? – деп сұрайды. Сонда келіншек:
– Жоқ а, енді ажыраспаймын. Керісінше мен оны жақсы көремін, – деп шешімін өзгерткен екен. Сонда ғалым:
– Әйел адамның көңілін табу бізге Құранда былай бұйырылған:
«Әй, мүминдер, олармен (әйелдермен) жақсы қатынаста болыңдар».
Сондықтан асығыс шешім қабылдамас бұрын алдымен мәселенің түйінін табу үшін жан-жақты ақыл таразысына салу керек. Егер ер адамға жағымды болсаң, міндетті түрде ол екі есе саған жағымды болады, – деген екен.
Жалғас АСХАТҰЛЫ,
дінтанушы