Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің арнайы жобасы аясында 2022 жылғы 22-30 қыркүйек аралығында Маңғыстау облысында Дін мәселелері жөніндегі Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының (РАТТ) мамандары халықтың дінтану сауаттылығын арттыру және қоғамда дәстүрлі рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру мен діни экстремизмнің алдын алу шеңберінде жергілікті тұрғындармен бірқатар іс-шаралар мен кездесулер өткізді.
Аталған кездесулерге республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының құрамына білікті теологтар, дінтанушылар және психологтар – Б. Мырзаев, А. Тулепов, Қ. Оразбаев, Т. Нүсіпханов, Ә. Абитова, Л. Ұзақбаева, Т. Қожахметова, Н. Данаева, Д. Мухамбетова тартылды.
РАТТ мүшелері Ақтау және Жаңаөзен қалалары, Маңғыстау, Мұнайлы, Түпқараған, Қарақия аудандарында студент жастар, мектеп мұғалімдері мен оқушылардың ата-аналары, әскери бөлімнің сарбаздары, еңбек ұжымдары және мешіт жамағаттары, ауыл тұрғындары, қайырымдылық мекемелерінің өкілдерімен кездесіп, мемлекеттің зайырлы құрылымының мәні мен маңызы, Қазақстан халқының мәдениеті мен рухани мұрасына, деструктивті жалған діни және радикалды идеялардың зияндылығына бағытталған дін саласындағы мемлекеттік саясат туралы ақпараттар беріп өтті.
Аталған жоба аясында 33 шара өткізіліп, 1500-ге жуық адам қамтылды.
Тыңдаушылар тарапынан да РАТТ мүшелеріне бірқатар сұрақтар қойылып, сауалдарға тұшымды жауаптар алынды.
Маңғыстау облысының дін істері басқармасы