Астана қаласында жаңа мешіт ашылды. Игі іс-шараға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы қатысып, жамағатты жаңа мешіттің ашылуымен құттықтады.
«Бүгін, қасиетті жұма күнінде, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген қасиетті Мәуліт айында Астана қаласы бойынша 14-ші мешіт есігін айқара ашып, жамағаттың игілігіне беріліп отыр. Бұл – көптен күткен қуаныш. Өйткені, осы мешіттің ашылуы бірнеше жылдарға созылды. Алайда Алла Тағаланың қалауымен сәулеті мен сәні жарасқан мешіт бүгін халық игілігіне берілді. Жаңа құлшылық үйі құтты болсын» деді Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.
ҚМДБ Төрағасы мешітті салған азаматтарға айрықша алғыс білдіріп, игі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, Бас мүфти жұма намазына қатысып, жамағатқа уағыз айтты.
Айта кетсек, қаланың Көктал шағын ауданында ашылған жаңа мешітте бір мезетте 500 адам құлшылығын өтей алады.