Сұрақ: Араб тілі күштеп таратылған ба?
Жауап: Ислам діні қадам басқан жерде араб тілі күштеп ендіріліп, жергілікті халық тілі шеттетілді деген дерек тарих қітаптарында кездеспейді. Тарихшылардың айтатыны – араб тілінің таралуы классикалық ғылым мен білім, жазу тілі болғандығы арқасында жүзеге асқан. Тіпті біздің ата-бабаларымыз орыс халқымен болғаны сияқты арабтармен тікелей қарым-қатынасқа түспеген, олардың арасындағы байланыс жанама түрде, мәдени дүниелер мен жазба кітаптар деңгейінде ғана болғандығы мәлім.
Орта ғасырларда Батыста жазбаша тіл рөлін классикалық латын тілі атқарып келсе, Шығыста оны классикалық араб тілі атқарды. Бұған қоса араб-тілі әлемдік деңгейде ғылым тілі саналды. Сол үшін де қазақ тіліндегі араб кірме сөздерінің табиғаты негізінен оқу-жазу (кітап, парақ, қалам, мұғалім, сынып, ғалым, ғылым және т.б.) мен рухани дүниеге қатысты лексиканы түзеді десек болады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ