Сұрақ: Ақыретте Пайғамбар (с.ғ.с.) шапағатшы бола ма?
Жауап: Расында дін исламның сеніміне сәйкес Мұхаммед пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің үмбетіне шапағатшы болады. Шапағатшы болу – бұл пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетінің күнәларының кешірілуі үшін Алла Тағаладан шапағат тілеуі.
Шапағат қылу – тек Алланың қолында. Ол рұқсат етпейінше ешкім ешкімге және ешнәрсеге шапағатшы бола алмайды. Ең алдымен Алла Тағала Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шапағатшы болуға рұқсат береді. Ол одан соң ғана шапағатшы бола алады. Өйткені, Әлемдердің Раббысы:
«Мен рұқсат етпестен, ешкім ешкімге шапағат ете алмайды», – деген (Әли Имран: 3)
Келесі бір аятта Алла: «Алланың қасында, рұқсат берілген біреуден басқаның шапағаты пайда бермейді», – деген (Саба: 23).
Міне, дін ғалымдардың «шапағат деген нәрсе бар» деп айтатыны осы нәрсе. Сол ғалымдарымыз айтқандай, Алла Тағаланың шапағат етуіне рұқсат берген адамдар ақыретте шапағатшы болады.
Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында: «Маған ақыретте шапағатшы болуға рұқсат берілді», – деген (Бұһари, Мүслим және Ахмад ибн Ханбал).
Тіпті: «Алла Тағала менен былай деп сұраған болатын:
– Шапағатшы болуды қалайсың ба әлде үмбетіңнің жартысы жұмаққа кіргенін қалайсың ба?
Мен болсам:
– Шапағатшы болуды қалаймын, – дедім» (Термези, Ибн Мәжаһ).
Себебі пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің үмбетінің жартысын жұмаққа кіргеннен гөрі барлығының Алланың мейіріміне бөленгенін қалайды. Олар үшін Алладан шапағат сұрайды.
Осы орайда пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетін орындау өте маңызды. Сол себепті мұсылман қауымы пайғамбардың шапағатынан мақұрым қалмас үшін «сүннет» деген деген дүниеге үлкен мән береді.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ