Атақты сахаба Әнәс (Алла одан разы болсын) былай дейді: Мәдинадалық сахабалардың арасындағы ең құрма бауы көп ардақты сахаба Әбу Талһа (Алла одан разы болсын) болатын. Оның ең жақсы көретін дүниесі ардақты Пайғамбар (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) мешітінің қарсы алдындағы «байруха» атты құрма бауы еді. Кейде Алла Елшісі бауға кіріп, оның суынан ішіп тұратын. «Сүйген нәрселеріңді сарп етпейінше, Алланың разылығына қол жеткізе алмайсыңдар!» деген аят түскенде Әбу Талһа Алла Елшісіне келіп:
– Уа, Алланың Елшісі! Хақ Тағала «Сүйген нәрселеріңді сарп етпейінше, Алланың разылығына қол жеткізе алмайсыңдар!» деген аяты түсіпті. Ең жақсы көретін дүнием «байруха» атты құрма бауым еді. Оны Алла разылығы үшін инфақ (қайырым жасау) етейін. Алладан оның сауабын және ақыретте азығым болсын деп тілеймін, – деді. Сонда Алла Елшісі:
– Айтқаныңды естідім Әбу Талһа! Сені құттықтаймын. Пайдалы дүние деген осы. Енді оны туыстарыңа беруді жөн көремін»,- деді. Әбу Талһада (р.а.) еш сөзге келместен:
– Иә, солай жасайын, Алланың Елшісі!, – деп бауырлас туыстары мен немере туыстарына бөліп берген екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz