Конституция күні қарсаңында Қарғалы ауданы Бадамша ауылындағы құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй халық игіліне берілді, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Салтанатты шараға Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов, облыстық төрағасы Гүлқасима Сүйінтаева, аудан басшылығы және жаңа қоныс иелері қатысты.
Келе жатқан Конституция күнімен баршаңызды құттықтаймын. Ауданның жан-жақты дамуы үшін бірқатар шаралар қолға алынды. Соның бірі – «Нұрлы жер» бағларламасы арқылы салынған 5 қабатты үй. Барлық инфрақұрылымы тартылған. 60 отбасы жылы үйлеріне қоныстанады. Қуаныш құтты болсын. Үйлеріңіздің іші берекеге толсын, – деп Ералы Тоғжанов ақ тілегін білдірді.
Кәмшат Мұздыболатова – ата-анасынан ерте айырылған, бір қыз тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана. 2016 жылдан бері баспана кезегінде. Бадамша ауылының тұрғыны өз үйіне қол жеткізгеніне қуанышты. Тіпті ол кілт алған сәтте көзіне жас алды.
Өзім пәтер жалдап жүрдім. Айына 30 мың теңге төлеймін. Қызым бар. Пәтер иелері келіп, үйді сатамыз, басқа жаққа көшіңдер дегенде жүрегіме қатты тиетін. Енді міне көптен күткен арманым орындалды. Өз үйім – өлең төсегім. Пәтерді жалға алып жүргеннен гөрі, жалға алу ақшасын төлегенім артық. Өйткені, ол – өз баспанам, – деді жаңа баспана иесі Мұздыболатова.