Жаугершілік заман екен. Үш кісі тұтқынға түседі. Барлығы өлім жазасына кесіледі. Етегі жасқа толып, тұтқындармен соңғы рет жүздесуді өтініп қолбасшыға бір әйел келеді.

– Олар кімің еді? – деп жөн сұрағанда әйел: «Бірі күйеуім, бірі ұлым, үшіншісі ағам», – дейді. Қолбасшы:

– Бір әулеттен үш бірдей тұтқын екен. Саған жаным ашып тұр. Жарайды, біреуін қидым, босатамын. Өзің таңда, – деді. Қолбасшының қарамағындағылар: «Құдай қосқан қосағы күйеуін таңдайтын шығар» деп тұр. Біреулері «бауыр еті бала тұрғанда басқаны қайтсін» десті.

Моншақтап аққан жасын үнсіз сүртіп тұрып: «Ағамды босатыңыз», – деді. Жұрт таң қалды. «Баласын қалай өлімге қиды?! Күйеуін неге таңдамады?!» деп жатты. Сонда қолбасшы:

– Дегенім деген. Ағаңды босаттым. Бірақ, неліктен ағаңды таңдадың? Сені жар еткен еркекті неге таңдамадың? Өзегіңді жарып шыққан балаңды неліктен өлімге қидың? – деп сұрады. Сонда әйел:

– Күйеу табылады. Елде ер азамат көп. Құдай берсе, етегіме бала да бітеді. Бірақ, бір анадан туған ағамнан айырылсам, оны ешкім маған қайтара алмайды, – деген екен.

Бұл сөз қолбасшының жүрегін мірдің оғындай тесіп өтті. Әйелдің бауырмалдығына тәнті боп:

– Кештім, үшеуін де бердім, – деп барлығын еліне қайтарған екен.

Бұл қисса қазақ ауыз әдебиетінде де, араб діни қиссаларында да айтылады. Қиссаның түйіні бауырмалдық хақында. Оның ішінде қыздың аға-інісіне деген бауырмашылдығы.

Әділдік әкімге де, әлсізге де, әркімге де бірдей демекші, асыл дінімізде еркек пен әйелдің құқығы тең. Ислам мұсылманға да, басқа дін өкіліне де бірдей әділ. Ислам әлсізді тұмсықтыға шоқтырмайтын, қанаттыға қақтырмайтын дәрежеде қамқор.

Әйел – ана. Ол қарындас һәм өмірлік жар. Бүгін жалпы әйел емес, тек қана қарындас жайлы айтайық.

Исламға дейін Амрұлы Сағсағ есімді кісі болған. Ол Тамим руынан еді. Құндылықтар аяқ асты болған жахилиет дәуірінде Сағсағ жақсылыққа жаны құмар, жамандықтан ат тонын ала қашатын тектілігімен танымал еді.

Сонау қараңғылық заманның бір қасіреті – туған қызын тірідей көму болғаны белгілі. Ондағысы жаугершілік кезде қолға түсіп, әулеттің абыройын аяқ асты етеді деген түсінік. Сағсағ осы салттың құрбаны боп көмілейін деп жатқан қыздарды әкесінен сатып алады екен. Осылайша, Алланың қалауымен, төрт жүзден астам қыздың өмірін құтқарыпты.

ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:  Аяқ киіммен намаз оқуға бола ма?

Жұрт Сағсағты «Өлілерді тірілтуші» деп атап кетеді. Ислам діні келгенде, Сағсағ: «Уа, Алла расулы! Қыздарды өлімнен аман алып қалғаным үшін маған сауап бар ма?» – деп сұрайды. Алла елшісі (с.ғ.с.): «Иә, мұсылман болсаң, сауап бар», – дейді. Сонда Сағсағ: «Онда Алладан басқа Құдай жоқ әрі сіз Алланың елшісі екеніңізге куәлік еттім», – деп мұсылман болады.

Артынша: «Уа, Алла елшісі! Маған өсиет айтыңыз», – деп өтінеді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Уа, Амрұлы Сағсағ! Саған анаңа, әкеңе, әпке-қарындасыңа және аға-ініңе қамқор болуды өсиет етемін», – дейді. Сағсағ: «Уа, Алла елшісі! Тағы да қосыңыз», – деп өтінеді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Сақалың мен мұртыңның арасындағы тіліңді, екі аяғыңның арасындағы әуретіңді күнәдан сақта…», – деген екен.

Қыз жат жұрттық деп әпке-қарындасты тұрмысқа берген соң, арамыз алыстап жатады. Қал-жағдайды тек мерекелерде ғана сұраумен шектелеміз. Алайда, бір жағдай болса, алып-ұшып келетін бірінші сол қарындасымыз. Шариғат бойынша, әпке-қарындас тұрмыс құрғаннан кейін де үнемі хабар-ошар алып тұру міндеттіміз. Қажет жағдайда жанынан табылуымыз аға-інілік парызымыз.

Мұса пайғамбар туған кез. Перғауын еркек кіндікті нәрестелерді бауыздатып жатқан. Өйткені, сәуегейі яхуди халқынан шыққан бала патшалығыңның түбіне жетеді деп түсін жорып берген.

Мұсаның анасы баланы босанған соң, емізіп құндақтап, бесікті дария тастайды. Осылай етуді Алла Тағала ана көңіліне аян еткен еді. Бауырын алыстан бақылып қарайлау үшін әпкесін жіберіп: «…Оның соңына түс… [1]», – дейді.

Дария бесікті перғауын сарайына алып келеді. Мұсаның әпкесі басын қатерге тігіп сарайға кіреді. Бесікті судан шығарып алған Перғауынның әйелі мен қызметші қыздарға: «Сендерге оны бағатын, оған қамқор бір отбасын көрсетейін бе?…[2]», – деп ұсынады.

Міне, бұл әпке мен қарындастың бауыры үшін жанын пида ететінінің бір көрінісі.

Иә, қарындасымыздың қамқор өмірлік жары бар. Ұл-қыздары бар. Бірақ, аға-інінің орны бөлек. Ағасынан естіген жылы сөзі қарындастың мерейін өсіреді. Мұны көріп өскен ұл-қыз да ертең бір-біріне ерекше бауырмал болады.

Руслан ҚАМБАР

[1] Қасас сүресі, 11-аят

[2] Қасас сүресі, 12-аят

Пікір жазу