Қамшының сабындай болған мына жалған өмірде анаңнан асқан қамқор, әрбір ісіңе тілеулес боп отыратын нағыз жанашыр адам жоқ екен. Ананың аялы алақанынан асқан жұмсақ нәрсе жоқ. Мұны уақыт өткен сайын сезініп келемін…
Анам Алланың қалауымен өмірге 11 перзент әкелген жан еді. Әр намазында балаларының бәрінің атын атап, ұзақ дұға жасайтын. Қазір біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп, өсіп-өніп келе жатқанымыз сол анамыздың дұғасы екені сөзсіз. Өйткені ата-ананың баласына жасаған дұғасы кері қайтарылмайды.
Адам баласы осы өмірде қандай жетістікке жетсе немесе түрлі сынақтардан, қауіп-қатерден аман болса, мұндай нығметке ата-анасының разылығы, яғни дұғасы арқылы ие болғанын түсінуі тиіс. Жақсылыққа қол жеткізуді қалаған адам ата-анасын үнемі қуанышқа бөлеп, алғысын алуға тырысатыны сондықтан. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ата-ананың баласына жасаған дұғасы кері қайтарылмайды», – деген. Ғалымдарымыз бұл нәрсе қарғысқа да қатысты екенін айтқан. Алла бізді мұндай қорлықтан сақтасын!
Анам өте қонақжай болатын. Үйден кісі үзілмейтін. Анамның тандырға пісірген тәтті нанын ауыл адамдары әлі күнге дейін тамсана айтып жүреді. Үйге кісі келсе құрдай жорғалап, дастарқан қамына кірісіп, қонақтардың бабын жасауға асығып тұратын. «Мың сіз-бізден бір шыж-быж артық» деп қазан көтеріп, ас әзірлеуге кірісетін. Мұндайда халқымыз «От жағылмаған үй – қора, кісі келмеген үй – мола» деп бекер айтпаса керек.
Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қонақ күтпейтін жанда қайыр жоқ», – деген хадисі әрбір жанға өмірлік өнеге болуы керек деп санаймыз. Расында қазір адамдар қонаққа келгенде үй иелерінің тамағына емес, қабағына қарайтыны белгілі. Осы сәтте аналарымыздың ашық жарқын жүзбен қонақты құшақ жая қарсы алуы қандай жарасымды. Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Кімде кім Аллаға, ақырет күніне иман келтірген болса, қонағын құрметтесін, жақсылап күтсін», – деген өсиеті анамыздың жадында сақталып қалса керек, қонақ келсе оны танымай қалатынбыз. Қазір ойлап отырсам, бұл діннен бастау алған қанымызға сіңген қасиет, дәстүріміз бен әдет-ғұрпымыз екен.
Анам дін жолында, діни қызметте жүрген азаматтарды өте қатты сыйлайтын, қадірлейтін. Үйге имамдардың бірі келсе, барын алдына қоятын. Расында асыл дінімізде халықты имандылыққа үндеп жүрген дін қызметкерлердің орны ерекше. Оларға құрмет көрсетудің де сауабы мол. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Ілім үйреніңдер, ілімге қажетті байыптылық пен байсалдылықты да қоса үйреніңдер. Сендерге ілім үйреткен кісіні құрметтеңдер, сыйлаңдар», – деген. Ілім, дін жолындағы адамды ардақтаған кісі тек жақсылыққа кенеледі. Расында, ұстазға құрмет – игі іс. Біз анамыздан осындай игі істі, тектілікті үйрендік.
Қонақ дегеннен шығады, шынында көпшілікпен ішкен аста береке болады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Екі адамға жеткен ас үш адамға жетеді. Үш адамға жеткен ас төрт адамға жетеді», – деп көпшілікпен жеген астың берекелі болатынын меңзеген. Ата-анамыз бізді жалғыз тамақ ішпеуді, керісінше ортақ табақтан тамақ жеуді үйретті. Сол кісілердің бізге берген тәрбиесінің арқасында алдымызға келген нығметті өзгелермен бөлісуді үйрендік. Жоғарыда анам марқұм 11 құрсақ көтергенін айттым. Бала кезде бәріміз бір табақтан таласып тамақ жейтінбіз. Осы тәрбие біздің бір-бірімізге деген бауырмалдық сезімді оятып, жанашыр болуға баулыды. Қазір бұл қасиет өмірлік дағдымызға айналды. Аллаға шүкір деймін.
Өздеріңізге белгілі, қазір қоғамда ене мен келін арасындағы қарым-қатынас жайлы жиі айтылады. Жас келінді өмірге баулу көп жағдайда енеге байланысты екені анық. Менің таңғалатыным, ауылда кейбір ата-аналар келіндерімен сөзге келіп, ұрыс-керіс болып жатқанда біздің анамыз ешбір келініне дауыс көтеріп сөйлемейтін. Керісінше, келіндер биязы, ұстамды, ибалы болуды анамыздан үйренді. Ол кісінің тәрбиесін көрген жастар әлі күнге дейін оның ұлағатты істерін айтып жүреді. Бала тәрбиесінде «айтпа – үйрет, үндеме – көрсет» деген тәсіл бар. Анамыз келіндеріне көрсетіп, үйретіп кетті.
Анам бізге үнемі әкемізді қадірлеуді, оған құрмет көрсетуді, оның шешіміне тоқтауды үйретті. «Бұған әкең не дейді екен? Әкең қандай шешім қабылдайды, сол болады» деген сөзді бала кезден құлағымызға құйып өсірді. Аллаға шүкір, қазір соның жемісін көріп келе жатырмыз. Алла Тағала «Ниса» сүресінің 34-аятында: «Жақсы әйелдер Аллаға мойынсұнады және күйеуінің ақысын орындайды. Күйеуі жоқ кезде оның намысын және мал-мүлкін Алланың көмегімен қорғайды», – деп баяндаған. Менің өмірден түйгенім: күйеуіне мойынсұнған, оны қадірлеген әйел бақытқа бөленеді. Бұл ретте күйеуі де, әйеліне жақсы қарым-қатынас жасап, көркем мәміледе болуы тиіс. Хадистердің бірінде «Алланың разылығы – ата-ананың разылығында, Алланың қаһары – ата-ананың ашуында» деп ескертілген. Иә, жақсылық жасауға ең бірінші лайық жан – ата-анамыз. Өйткені бұл игі ісіміз бізді жәннатқа жетелейді. Ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл жайында: «Кімде кім күнін Алла ризалығы үшін ата-анасына бойұсынған күйде бастаса, оған екі бірдей жәннаттың есігі ашылады. Егер біреуі тірі болса, бір есігі ашылады», – деп сүйіншілеген. Сондықтан біз қысқа ғұмырымызда ата-анамыздың дұғасы мен алғысын алуға тырысуымыз қажет. «Үш дұға міндетті түрде қабыл болады, оған еш күмән жоқ: зұлымдыққа ұшырағанның дұғасы, жолаушының дұғасы, ата-ананың баласына дұғасы» деген хадисті өміріміздің басты ұстанымына айналдырғанымыз абзал. Ата-анамыздың разылығын алып, Алланың разылығына бөленейік!
Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,
ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти
«Иман» журналы, №8, 2023 жыл