Өмірді өзгертетін – саяхат… Расымен, қасиетті орындарды зиярат еткенде сол жердегі ауаның өзі адамға ерекше күш береді. Жүрегің мейірімге толып, айналаңа тек жылы шуағыңды шашуға дайын тұрасың.
Мұндай жерлерде болған бақытты жандар өмірлерін қажылыққа дейінгі және одан кейінгі деп бөліп жатады. Бүгін біз америкалық студенттің Мекке мен Мәдинада болған кездегі әсерін баяндап береміз.
Алғашқы әсер…
«Меккедегі мешітке жақындап қалғанда жүрек қағысының күшейгенін сездім. Сол мезетте мешіттің барлық сән-салтанаты мен әсемдігі – мәрмәр еден, күрделі безендірілген бағандар, алтын жалатылған әшекейлер – бәрі еритін, балқитын болып көрінді және алыста тұрған төрт бұрышты қара құрылым магнит сияқты өзіне тартып барады. Бұл мен үшін бүкіл әлемдегі ең жалғыз ғажап дүние болды.
Екі күндік жолдан кейін менің негізгі мақсатым – Алла Тағаланың үйі Кағбаның алдында тұру еді. Осы қарапайым қара құрылымға қарап тұрғанда, кенет көзімнен өкініштің жасы төгілді. Осылайша менің қажылығым басталды», – дейді американдық студент Даниш Вайани.
Студент жігіттің айтуы бойынша, алғашқы қажылық сапары Дубайда басталған екен. Ол жерде «ихрам» киімін киген. Ихрам дегеніміз – адамдар қажылық кезінде киетін екі ақ матадан тұратын арнайы мата. Бір бөлігі белге, ал екіншісі иыққа оралады. Сондай-ақ аяқ киім ашық болуы керек. Яғни, аяқтың басы немесе тобықтың жоғарғы бөлігі жабылмауы тиіс.
– Бастапқыда ихрам киімін киюде біраз қиындықтар туындады. Көп ұзамай бәріне орнына келді. Мен оны дұрыс байлап үйренгеннен кейін, бұл киім маған қарапайым болып көрінді, бірақ талғампаз екендігі сөзсіз. Бір сөзбен айтқанда, мен оған ғашық болдым, – дейді жас қажы.
Бәрі Алланың алдында тең
«Шындығында, ихрам барлық бай және кедей, ақ және қара нәсілді мұсылмандарды сыртқы келбеті бойынша теңестіреді. Яғни, адамның мәртебесінің көрсеткіші болатын нәрсені жояды. Бұл сыртқы теңдік адамдардың қиямет күнгі жағдайын көрсетеді, байлар мен кедейлер Алланың алдында тең болады», – дейді Даниш Вайани.
Оның айтуынша, қажы ихрам жағдайында болған кезде оған көп нәрсеге тыйым салынады. Мысалы, тырнақ пен шашты алуға (олар тірі организмнің бөлігі болғандықтан), өсімдіктерді жұлуға және жануарларды өлтіруге болмайды. Мұның астарындағы ой – өзін-өзі ұстауға үйрету. Бұл қажылық кезіндегі өзгерістердің бірі ғана екендігін атап өтті.
«Меккеге келіп, қажылықтың бір бөлігі болып табылатын тауаф құлшылығын жасадым (Қағбаны жеті рет айналып өту), екі рәкат намаз оқыдым, дұға оқыдым, қасиетті зәмзәм бұлағынан су іштім, сонымен қатар сәуә орындадым (Сафа мен Маруа шоқыларының арасында жеті рет жүгіру). Мен қажылықтың негізгі рәсімдерінен бұрын умра жасадым. Мұндай таңғажайып бастама маған үлкен әсер қалдырды», – дейді американың азаматы.
Мәдинада
Даниш Вайани Меккеде бірнеше күн болғаннан кейін Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітін зиярат ету үшін Мәдинаға барады. Ол бұрын-соңды көрмеген ең әдемі мешітті тіпті, Меккедегі әл-Харам мешітінен де әдемі деп ойлағанын жасырмайды.
Оның сөзінше, Пайғамбар мешітінде көптеген әдемі элементтер қамтылған. Мысалы, көрсе, көздің жауын алатын алтын мен мәрмәр тастармен безендірілген. Жас жігітті құрылысшылардың шеберлігі, мешіт декорының қаншалықты мұқият ойластырылғандығы, тіпті, ұсақ бөлшектері де назардан тыс қалмағаны таң қалдырған. Ол айналасына жай ғана қарап бір сағат бойы отырып қалған, себебі кірген кезде көзге түспеген әдемі нышандар көріне бастаған.
Бұл мешіт Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қабірі орналасқандығымен маңызды. Сондай-ақ Әбу Бәкір мен Омар ибн Хаттабтың қабірі де осында.
Даниш Вайани: «Маған мұндай шеберлікті көру бақытын тағдырыма жазғаны үшін Аллаға шексіз разымын».
Сондай-ақ оған Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітінің жанындағы Бакия зиратын көруге мүмкіндік болған. Осман ибн Аффан мен көптеген басқа сахабалар осында жерленген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бұл зиратқа жиі келген екен. 1400 жылдан астам уақыт өткеніне қарамастан, оның сыртқы көрінісі жақсы сақталған.
Даниш Вайани: «Осындай жерде сіз өзіңізді басқа әлемге түсіп кеткендей күй кешесіз. Өмірдің шегі мен өлімнің бар екендігін қатты сезінесіз».
Меккеге оралу
Ол Мәдинаға барғаннан кейін қажылықтың басталуын күту үшін Мина алқабына жеткен. Сол алқаптың заңдылығы бойынша, Минаға зул-хиджа айының 8-інде (ислам күнтізбесінің он екінші айы) барып, содан кейін 9-шы күнді Арафат тауында өткізген. Ал 10-шы күннің қарсаңда Джамаратқа тас ату үшін Муздалифаға барған (Шайтанды ұрудың символдық ырымы).
Мина – адамдар көп болатын жерлердің бірі. Адамдар шатырларда ұйықтайды және көбіне қарапайым өмір сүреді, сондай-ақ көп уақытын дұғаға арнайды.
Қасиетті Мекке қаласының шығысында орналасқан Арафат тауында тұру – қажылықтың басты және маңызды сәті. Бұл Даниш Вайани үшін адамның жанын тыныштандыратын жерлердің бірі болған. Оның айтуынша, қажылар лагерълерінің жанындағы жолдар автобустарға толы, адамдар барлық жерде толып жүреді, бірақ Арафатта болғанда үйлесімділік пен ішкі тыныштықтан басқа ештеңе сезінбейсің. «Қажылық дегеніміз – Арафат» деген хадис бар және бұл жерде кез келген дұға, Жаратушыға арналған өтініш қабыл болады. Адамдар Арафат тауында тұрып жылайды, кешірім сұрайды, жүректеріндегі барлық нәрсені Алладан сұрауға тырысады екен.
Даниш Вайанидің әсері…
Қажылық жас жігіт үшін керемет тәжірибе болған. Әлемнің ешбір жерінде осы қасиетті орындағыдай бақыт пен тыныштықты сезінген емес. Қасиетті сапардан оралған американдық жігіттің жаман өмірін ұмыту, керісінше түзелу мен тазару жолына түсуі үшін серпіліс болған. Онымен қоса, рухани өмірі жақсы жаққа өзгерген.
Қажылықтың сауабы – барлық күнәлардың кешірілуі, өмірді «ақ беттен» бастау және ойларыңызды жақсылық жасауға бағыттау, Алла Тағаланың ризалығында болу, жаман істер мен әдеттерді өткенге қалдыру.
Балжан ӘУЕЗХАНҚЫЗЫ