Сұрақ: Аманатты сақтаудың үлгісі бар ма?
Жауап: Өмірде аманаттың түрі көп болғанымен олардың негізгі шарты біреу, ол – аманатқа берілген затты сол қалпында сақтау, қайтару. Мұны анық түсіну үшін ислам тарихынан нақты мысал келтірген жөн болар. Сулеймен әт-Тимий жеткізген мынадай бір оқиға бар.
«Халифаның көзін көрген Нағима әл-Атара: «Омар (Алла оған разы болсын) әйеліне сат деп мұсылмандардың (ортақ қазынаға тиесілі) иіс суын береді. Сол иіс судан мен де сатып алдым. Сол арада сатып отырған ханымның саусақ ұшына иіс суы жағылып кетеді. Сонда ол әлгі иіс суын қалай пайдалану керектігін көрсетіп:
– Міне, былай жағады, – деп саусағындағы иіс суды орамалына жағады.
Сол уақытта Омар (Алла оған разы болсын) үйге кірген еді. Ол:
– Мына не қылған қош иіс? – деп сұрайды. Ханымы оған болған жағдайды айтып береді.
Омар:
– Ортақ қазынадағы мұсылмандардың иіс суын пайдаландың ба? – деп әйелінің басындағы орамалын алып, оны топырақ араластырып сумен жуды, кейін иіскеді. Оның иісі кеткенше осылай жасады», – деп басынан өткен оқиғаны баяндаған.
Оқиғадан хазіреті Омардың басқаның аманатына қандай жауапкершілікпен қарайтынын көрдік. Әрине, басты мәселе адамның ниеті мен ықыласы екені айқын. Мойынына аманат міндеті жүктелген адамның жауапкершілігі жоғары екенін естін шығармауымыз керек.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ