ҚМДБ Алматы қалалық өкілдігі шаһар имамдары, дін қызметкерлері мен ұстаздарына «ҚМДБ қабылдаған Концептуалды құжаттарды түсіндіру» семинарын өткізді.
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Оспан семинарда ҚМДБ қабылдаған Концептуалды құжаттарды қала имамдарына, дін қызметкерлері мен ұстаздарына түсіндіріп, құжаттардың маңызы мен мәніне кеңінен тоқталды. «Діни лауазымдар тізілімі» мен «ҚМДБ қызметкерінің этикасы» құжаты жайында баяндама жасап, мүфтият жұмысы мен имамдардың қызметін жетілдіруге және жамағат арасында ислам құндылықтары бен ата-бабамыз ұстанған салт-дәстүрді дәріптеуге бағытталған концептуалды құжаттарды насихаттау керектігін айтты.
«ҚМДБ қабылдаған Концептуалды құжаттарды түсіндіру» семинары екі күнге созылды. Алғашқы күні қалалық мешіттердің наиб имамдары жиналса, екінші күні сегіз аудандық мешіттер мен қала мешіттерінің бас имамдарына түсіндіру жұмысы жүргізілді. Алматы Орталық мешітінің дін қызметкерлері Бекзат Сыздықов «Имамның тұлғалық келбеті», «Зияткер имам тұжырымдамасы, «Мұсылманның тұлғалық бейнесі» тақырыбындағы құжаттарға кеңінен тоқталып, Қуаныш Әбішев «Қазақстан мұсылмандары тұғырнамасы», «Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі» мен ҚМДБ рухани тұғырнамасы «Жеті рухани қазық» жайын түсіндірді. “Қарасай батыр” мешітінің бас имамы Есім Ержан «Ас беру мәдениеті» мен «Зират және зиярат мәдениеті» құжатын тарқатып айтып берді.
Құжаттардың қазақ-орыс тілдеріндегі топтамасы мүфтият бастамасымен «ҚМДБ концептуалды құжаттары» атты кітап болып шығарылған болатын. Әрбір дін қызметкері осы құжаттарды жіті назарда ұстап, қызмет бабында тұғырнама көрсеткеніндей мұсылманның негізгі діни ұстанымдары, білуге тиісті діни мәселелері және оның зайырлы қоғам тіршілігіне, мемлекеттің заңдары мен қоғамда қалыптасқан тәртіптерге қарым-қатынасы, білім алуға, емделуге, Отанды қорғауға, еңбек етуге, отбасына, қоршаған ортаға және ел аумағындағы халықтың салт-дәстүрлерін, ерекшеліктерін сыйлауға қатысты көзқарасты ұстануы негізделетіні түсіндірілді.
Семинарда таныстырылып, түсіндірілген концептуалды құжаттар тізімі:
1.«Қазақстан мұсылмандары тұғырнамасы»,
2.«Имамның тұлғалық келбеті»,
3.«Мұсылманның тұлғалық бейнесі»,
4.«ҚМДБ қызметкерінің этикасы»,
5.«Жеті рухани қазық» Қазақстан мұсылмандарының рухани тұғырнамасы
6.«Діни лауазымдар тізілімі»,
7.«Дін қызметкерлері атқаратын діни рәсімдер тізілімі»,
8.«Ас беру мәдениеті»,
9.«Зират және зиярат мәдениеті»,
10.«Зияткер имам тұжырымдамасы»
Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы семинар соңында биыл атқарылған іс-шаралар мен алдағы жұмыс жоспары бойынша нақты тапсырмалар берді.