Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы жыл басындағы бағдарлық баяндамасында 2023 жылды діни қызмет аясында «Ислам және Ізгі қоғам» жылы деп жариялаған болатын. Алматы өкілдігі аталмыш жыл аясында бірқатар ауқымды іс-шараларды жүзеге асырды.
Осыған орай, мүфтият бекіткен 5 бағыт негізіндегі жоспарға сай Алматы қаласының бас имамы Төлеби Дәділұлы өкілдікке қарасты 8 аудан имамдарының жылдық есебін тыңдап, 2023 жылы атқарылған жұмыс барысын қорытындылады.
Жылдық есеп жиыны қасиетті Құран аяттарын оқумен басталды. Әр аудан имамдары мешіттердің жыл бойы атқарған жұмысын жинақтап, орындалу деңгейін слайд арқылы көрсетті. Әр аудан имамы жыл басында жоспарланған жұмыстардың орындалу барысын баяндап, 5 бағыт аясында атқарылған ауқымды іс-шараларының есебін берді.
Сондай-ақ, Алматы Орталық мешітіндегі бағыттарға жауапты найб имамдар 8 ауданның жылдық жоспарды орындау деңгейіне қарай аудандық мешіттердің көрсеткіштерімен таныстырды. Кемшіліктерді жою жөнінде ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар биыл Орталық мешіт жанынан құрылған «Әдеп» кеңесінің Төрағасы Байұзақ Бекмұратов кеңестің жұмысына тоқталып, өз пікірімен бөлісті.
Қала имамдарының еңбегі елеусіз қалмады. Дін қызметкерлерін ынталандыру мақсатында «Үздік аудан-2023», «Белсінді имам-2023» және «Үздік имам-2023» аталымдары бойынша имамдар марапатталды.
Сонымен қатар Алматы қаласы бойынша өкілдігінің бастамасымен «Мүфтият» баспасынан шыққан «Пайғамбарымызды танисыз ба?» кітабы барлық имамдарға сыйға тару етілді.