ҚМДБ Төрағасының орынбасары, наиб мүфти Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы Алматы аймағындағы бірқатар ауқымды іс-шараларға қатысты.
Наиб мүфти алдымен Алматы облысы Іле ауданы «Әділхан» мешітінде өткен «Рамазан сыйлығы» қайырымдылық шарасына қатысып, жиналған қауымға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының құттықтау сәлемін жеткізді. Жамағатты қасиетті Рамазан айымен құттықтап, мұқтаж жандарға Алла Тағаладан жақсылық тілеп, бата жасады. Іс-шара барысында жағдайы төмен 100 отбасыға азық-түлік таратылды.
Сондай-ақ жат ағымның алдын алу мақсатында Іле ауданының Казцик ауылдық әкімдігінде «Ата дінім – елдігімнің діңгегі» тақырыбында жиын өтті. Жиынға ҚМДБ Төрағасының орынбасары Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы, Алматы аймағының бас имамы Қуаныш Бақытбекұлы, «Иман» журналының бас редакторы Оңғар қажы Өмірбек, ауыл әкімі Бауыржан Ақжолұлы және ауыл ақсақалдары мен білім ордасының басшылары қатысты.
Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы жат ағымдардың зарары мен зардабы туралы баяндап, Ислам дінінің қазақ халқының дәстүрімен байланысын жан-жақты түсіндірді. Жиынға қатысқан ақсақалдар ҚМДБ-ның Рамазан айында дүкендерде арақ сатпау, зираттарды зәулім етіп көтермеу және ас бергенде ысырапқа жол бермеу секілді бастамаларын қолдайтынын жеткізді. Сондай-ақ наиб мүфти Іле ауданындағы «Арын қажы» мешітінде Алматы өңірі бойынша өткен «Құранның 29-парасын жатқа оқу» және «Алла Тағаланың 99 есімін мағынасымен жатқа айту» байқауларының жеңіпаздарын марапатталды.
Осы сапарында ҚМДБ Төрағасының орынбасары Ащыбұлақ ауылында өткен ҚМДБ ауызашар дастарқанына қатысып, «Зекет және қайырымдылық» қорының «Ел үлесі – пәтерге» жобасының кезекті кілтін 6 баланың анасы Мейіргүл Тұрсынбекқызына табыстады. Кенжеәлі қажы Қоңыратбайұлы ауызашар дастарқанында мағыналы уағыз-насихат айтты. Сондай-ақ мазмұнды әндер мен термелер орындалып, жамағатқа ҚМДБ атынан сыйлықтар табысталды.