Құдай тағала Адам баласын толық әрі кіршіксіз жаратқанына күмәніміз жоқ. Алайда адам сауапты амал жасауға бейімді болғаны сияқты күнә да жасауға бейімді жаратылған. Расында адам баласы тамсандыратын, таңғалдыратын және зұлымдықтарға да бара алатын қарама-қайшылыққа толы жаратылыс иесі. Сонымен қатар, Алланың әмірлерін орындауға, жақсылыққа шақырып жамандықтан тыятын періштелермен қатар, бір сәтке де азғыруын тоқтатпайтын әзәзіл шайтан мен нәпсінің торына шырмалған пенденің сүрінетін сәттері болады. Міне, осындай сәттерге тап болғанда не істегені дұрыс? Шариғатымыз бұл жайында не әмір етеді және сүйікті Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) өмірлік ұстанымы мен өсиеті қандай болған деп қараймыз.
«Сүрінбейтін тұяқ, жаңылмайтын жақ жоқ» демекші, пенде болған соң қателесеміз, жаңыламыз. Алайда бұндай сәттерде кешірім сұрап және жіберілген қателіктерге өкіну жақсылықтың нышаны әрі қадір тұтар қасиеті. Қателікті мойындау және өзіңдікі дұрыс болса да кешіру бұл мұсылмандық сипат. Ал өзгелерге кешірімді болу, кешіріммен қарау мейірімділік пен ымырашылдыққа, татулық пен табыстыққа жол ашады және кешірімді болу араздықты жеңіп, адамдардың арасындағы сүйіспеншілікті, махаббатты және достықты нығайтады.
Бұл жайында қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде: «Нағыз ізгілер – кеңшілікте де, таршылықта да Алла жолында садақа бергендер, ашуын жеңе білгендер әрі адамдарға кешірімді болғандар. Шүбәсіз, Алла Тағала ізгі жандарды жақсы көреді» (Әли-Имран сүресі-134). Яғни Алла тағалла кешірімді жандарды жақсы көреді екен. Алланың жақсы көретін құлдарына әлбетте сый да бар. Бұл жайында сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде барша мұсылмандарды былай деп сүйіншілейді: «Өзіне зиян берген адамды кешіретін болса, Алла Тағала ол адамның бұл өмірде дәрежесін көтеріп, ақыретте күнәсін кешіреді» дейді. Басқа бір хадисінде:
«Егер кімнің бойында мынандай үш қасиет болса, Алла Тағала оның есебін жеңіл етіп, мейірімімен жәннәтқа кіргізеді» дейді. Сонда жанында отырған Сахабалар: Ол қандай қасиет деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с): Бермегенге беруің, сенімен арасын үзген адамдармен қарым-қатынас орнатуың және саған зұлымдық жасаған адамды кешіруің, егер осы амалдарды істесең, жәннәтқа кіресің» деп жауап берген. Міне, қазақ даналығында да «кешірімділік анадан, кішіпейілділік данадан», «Жақсылықты жақсылықпен қайтару әр кісінің ісі. Ал, жамандықты жақсылықпен қайтару ер кісінің ісі», деген сынды өсиет қалдырған.
Сөзімізді Шәкәрім Құдайбердінің мына өлең шумақтарымен аяқтауды жөн көрдім.
Біреудің мінін кешірсең,
Құдай да сені кешеді.
Бірінде қылмай есірсең,
Төбеңді әлі-ақ теседі.
Көңілі жұмсақ адамның,
Күрмеуін тағдыр шешеді.
Пейілі жаман адамның,
Орыны дайын деседі.
Бердімұрат ҚАСЫМОВ,
Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының теологы,
исламтанушы