Сұрақ: Алланың «пайғамбардың (с.ғ.с.) өмірін сақтаймын» деп уәде бергені рас па?
Жауап: Расында Алла Тағала пайғамбарға (с.ғ.с.) Өзінің дінін адамдарға тарқату жолында өмірінің қауіпсіздігіне кепілдік бергені рас:
«Ей, пайғамбар! Раббыңның тарапынан түсірілгенді жалғастыр. Егер оны істемесең елшілік міндетін жалғастырмаған боласың. Алла сені адамдардан қорғайды» (Мәида: 67-68).
Мұхаммед пайғамбарға (с.ғ.с.) ешқандай нәрсенің зияны тимейтініне, кесірі келмейтініне және оның алдынан, артынан, жасырын немесе ашық түрде зияндық болмайтынына толық уәде етті. Әдетте өз өмірін қауіпсіздендірген патшалар мен дәулетті адамдар күндіз-түні ондаған, тіпті, одан да көп сақшылар мен күзетшілердің ортасында жүретіні мәлім. Пайғамбар (с.ғ.с.) болса күзет ұстамаған.
Әуелгіде пайғамбарды (с.ғ.с.) түн мезгілінде сақшылар күзететін еді. Кейін Алла пайғамбарға (с.ғ.с.) оның өмір қауіпсіздігіне уәде берген аятынан кейін, түнгі күзетті мүлдем алып тастады. Бұл жайында Айша анамыз:
– Сақшылар пайғамбарды түн мезгілінде күзетуші еді. Кейін Алланың оның өміріне кепілдеме берген аяты түскен соң күзетті таратып:
– Уа, халайық! Алла менің өмірімді Өзінің қамқорлығына алды. Үйлеріңізге барыңдар – деп айтты – деген (Термези).
Расында да Алла Тағала пайғамбарды (с.ғ.с.) бірнеше мәрте ажал ауызынан арашалап қалды. Сондай оқиғалардың бірі жайында Жәбир:
–Біз Алланың елшісімен бірге сапарға шыққан едік. Үлкен ағаштың көлеңкесіне аздап дем алу үшін тоқтадық. Қылышын ағашқа іліп, көлеңкеде пайғамбардың (с.ғ.с.) жалғыз өзі қалған сәтте дұшпандардың бірі жасырын келеді де оның қылышын ұстап алып: «Менен қорқып бойыңды үрей биледі ме?» деп нәбиден сұрайды. Ол кісі:
–Жоқ, сенен қорқып тұрғаным жоқ, – деп жауап қатады. Жауапқа аң-таң қалған дұшпан:
–Менен не үшін қорықпайсың? – деп тағы сұрайды. Пайғамбар:
–Мені демеп тұрған Алланың күші. Қолыңдағы қылышты таста! –деп өктем әмір етеді. Сонда әлгі дұшпан қолындағы қылышын тастады – деп айтқан (Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ