Сұрақ: Аллаға серік қосудың неше түрі бар?
Жауап: Аллаға серік қосуды «шірік» деп атайды. Шірк араб тілінде серік қосу деген мағынаны білдіреді.
Аллаға серік қосу үш түрге бөлінеді. Олар: зат (болмысы), сипат және іс-әрекет (амал ету) жағынан болады.
Біріншіcі, Алла Тағаладан басқа нәрсені (болмысы) жағынан Құдай деп есептеу. Қандайда бір нәрсені Алламен теңеу, яғни оны Алла сияқты санау.
Шірктің сипат жағынан болатын екінші түрі – қандай да бір заттың бойында Аллаға тән құдірет, білім, есту, көру секілді сипаттары бар деп сену. Басқаша айтқанда, оны Алла сияқты барлығын білуші, барлық нәрені көруші, барлық нәрсені естуші, қүші барлық нәрсеге жетеді және сол сияқты т.б. Ол затты Аллаға тән сипаттармен теңеу.
Шірктің үшінші түрі – қандай да бір нәрсені іс-әрекеті жағынан Алла сияқты жоқтан бар етеді, өлтіреді, қайта тірілтеді, зиян келтіреді деген сияқты т.б. амалдарға құдіретті деп илану. Аллаға ғана тән дүниелерді басқа нәрсеге таңу.
Исламда бұлардың барлығы – серік қосу. Олар үлкен шірк деп аталады. Діндегі догмаға сәйкес үлкен шіркті орындаған адам діннен шығады. Себебі ол Аллаға серік қосқан болып есептелмек, яғни Алла сияқты басқа да Құдай бар деген болады.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ