Сұрақ: Мен діндар бір жолдасымнан: «Сені Алла үшін жақсы көремін», – деген сөзді естідім. Мұны қалай түсінуге болады?
Жауап: Ислам адамдар мен халықтар, ұлыстар мен ұлттар арасында достықты, мейірім мен бейбітшілікті насихаттайды. «Алла үшін жақсы көру» концепциясы осының бір дәлелі. Мұсылманның басқа бір адамды «Алла үшін жақсы көруі» дегеніміз сол адамға көрсеткен мәмілесі, қылған жақсылығы мен қатынасы барлығы риясыз Алла үшін деген сөз.
«Ол мүміндердің жүректерін қосты. Егер сен жер жүзіндегі нәрселерді тұтас сарып қылсаң да олардың жүректерін қоса алмас едің. Бірақ Алла олардың араларын біріктірді» (Әнфәл: 63).
Сол сияқты Құдай үшін кешіру, Құдай үщін жақсы көру, Құдай үшін мейірімді болу деген сияқты т.б. Басқаша айтқанда біреуді достықпен жақсы көруің, жақсылық істеуің қайтарымсыз болуы керек. Өйткені мұсылман адам барлық нәрсенің «құдайдан қайтатынына» сенеді. Ертедегі ізгісалих кісілердің амалынан «Құдай үшін жақсы көру» амалын жиі көреміз. Мысалы, Әбу Идрис әл-Ихуани мына оқиғаны баяндайды:
«Мен Дамаскте Қудус мешітіне кірдім. Онда күлімсіреген бір жігіт отырды. Адамдардың барлығы соның қасында топталыпты. Егер олар өзара бір нәрсеге келіспей қалса, онда әлгі жігіттің сөздеріне сүйеніп және соның пікірімен әрекет қылып отырды.
Мен олардың қасына барып, әлгі жігіттің кім екенін сұрадым. Олар:
– Бұл, Мұғаз ибн Жәбал (р.а.) – деп жауап берді.
Таң атқан соң мен жылдамдатып мешітке бардым. Сөйтсем, Мұғаз ибн Жәбал менен бұрын келіп, намаз оқып тұр екен. Оның намаз оқып болғанын күттім кейін, алдына келіп:
– Аллаға қасам! Мен сені жақсы көремін – деп айттым.
Ол менен:
– Алла үшін жақсы көресің бе? – деп сұрады. Мен:
– Алла үшін жақсы көремін – дедім. Ол шапанының етегін ашып, мені өзіне тартты да:
– Саған қуанышты хабарым бар! Алла елшісінің (с.ғ.с): «Алла тағала: «Мен үшін бірін-бірі жақсы көргендерге, бірге мәжіліс қылғандарға және Мен үшін бір-біріне демеу көрсеткендерге Өзімнің махаббатымды уәжіп қылдым» – деп айтқан»,– деген сөзін есіттім – деді».
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ