Сұрақ: Алла ерте тұрған адамның ризығын молайта ма?
Жауап: Әдетте мұсылман жұмыс күнін уақыттың ең берекетті кезеңі болып есептелетін таң намазымен бастайды. Иман келтірген адам таң атысымен Алладан өзіне мол ризық нәсіп етуін сұрап дұға қылып, құлшылық етеді. Сол күнін позитивті (оңды) көңіл күймен бастайды.
Еңбегіне ерте бастан кіріскен ол түске дейін біраз шаруаның басын қайырады. Мысалы, ауылдық жерде осындай дұғаны арқалай егін алқабына шыққан диқанның немесе дүкенінің есігін ашқан дүкеншінің еңбек ету ниеті ерекше болатыны белгілі. Мұндай адам тек материалдық жағынан емес, рухани жағынан да мол пайдаға кенеледі.
Мақсатына жету үшін үнемі ерте бастан еңбек етіп, үздіксіз тер төккен адам дүниеде табысқа жетеді.
Бұған қоса пайғамбар (с.ғ.с.) таңғы уақыттың берекетін асыру үшін: «Уа, Алла! Үмбетім үшін (күннің) таңғы уақытын берекетті етте гөр!» – деп дұға қылған (Ибн Ханбал).
Еңбек етіп, отбасын асырай білген адам ақыреттегі сыйына да ие болмақ. Өйткені отбасын мұқтаждыққа ұшыратпай қамтамасыз ету – мұсылман адамның дін алдындағы міндеті («Бақара» және «Ниса» сүрелерін қараңыз).
Міне, мұндай адам екі дүниенің де берекетіне қол жеткізбек деген осы.
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ