Ардақты сахаба хазіреті Әбу Зәр (р.а.) һидаятқа қалай келгенін сөз етеді.
«Мен Ғифар руынанмын. Меккеде бір кісі шығыпты, өзін пайғамбармын деп жариялапты деген хабарды естігенімде, Алла Тағала менің көңіліме ислам дініне деген бір сүйіспеншілік орнықтырды. Дереу азығымды, суымды алып, Меккеге қарай жолға шықтым. Ол кезде Алла Елшісін (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) танымайтын едім. Сұрастырудан да тайсақтадым. Харам мешітінде пайғамбардың келуін күттім. Аштық пен шөлімді зәмзәм суымен басатынмын. Бір кезде Хазірет Әли жаныма келіп:
– Сен бұл жерді білмейтін тәріздісің? – деп сұрады. Менде оған:
– Иә, – деп жауап бердім.
– Олай болса үйге жүріңіз, қонақ болыңыз, – деді. Әлиге (р.а.) еріп үйіне бардым. Меккеліктердің ызғарынан, қаһарынан тайсақтаған Әли менің келу себебімді де сұрамады. Таң атқаннан кейін Алланың Елшісін табу үшін Харам мешітініне қайта келдім. Кешке дейін күтіп, ол жайлы еш мағлұмат ала алмадым. Хазірет Әли маған қайта келіп:
– Сен әлі баратын жеріңді таппадың ба? – деп сұрады. Мен тағы да:
– Жоқ, – дедім.
– Олай болса бізге қайта қонақ бол, – деді. Үйіне барғанымызда:
– Сенің мұның не? Бұл жерге неге келдің? – деп сұрады. Құпия сақтайтынына әрі маған жол нұсқайтындығына ант ішкіздім. Кейін:
– Бізге жеткен хабарға қарағанда, бұл жерде бір кісі шығыпты. Өзінің Пайғамбар екендігін айтатын көрінеді. Онымен кездесіп, сөйлесу үшін келдім, – дедім. Ол:
– Дұрыс істепсің! Ол кісі Алланың Елшісі. Хақ Пайғамбар. Таңертең менің соңымнан ер. Мен кірген үйге сен де кір. Сен үшін қандай да бір қауіп көрсем, аяқ киімді түзеткен болып, теріс қарап тұрамын. Сол кезде сенде айналып, білдірмей өтеп кет, – деді. Бірақ еш қауіп болмады.
Бір уақытта айтқан үйге кіріп, Хазреті Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) құзырына келдік. Маған исламды түсіндірді. Дереу мұсылман болдым. Алланың Елшісі мұсылман болғаныма қатты қуанып, күлімсіреді. Біраз уақыт Пайғамбарымыздың (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қасында қалдым. Кейінірек:
– Ей, Алланың Елшісі! Не істеуімді әмір етесің? – деп сұрадым. Ол (с.а.у.):
– Саған бұйрығым жеткенше, қауымыңа исламды насихатта. Жарыққа шыққанымызды естігеніңде, жаныма кел, – деді».
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ
kazislam.kz