Сұрақ: Алғашқыда Исламды сынап, кейін мұсылман болғандар бар ма?
Жауап: Тарихта исламды сынап кейін мұсылман болғандар жетерлік. Тіпті арасында өз елінде немесе аты әлемге таралған белгілі тұлғалар да жоқ емес (ғалымдар, саясаткерлер, спортсмендер, дәрігерлер т.б.). Себебі Ислам – әлемдік дін.
Айырмасы сол, Исламды қаралау мақсатында кейіннен келген оппоненттер сол баяғы қалыптасқан пікірлерді өздері ойлап тапқандай қайта-қайта қаузай береді: «Ислам – ойдан шығарылған дін», «Ислам – мистика, миф», «Құран – өтірік» және т.б. Адамдар дүниеге келіп-кетіп жатса да, Құран бәзбаяғы қалпында өзгермей тұра береді. Керісінше дін дұшпандары исламды танып, тәубе етіп мұсылман болады.
Мысалы, голландиялық саясаткер Ван Клаверен мұсылман болмас бұрын исламға қарсы ұстанымымен танымал Гирт Вилдерстің «Бостандық» партиясының мүшесі болған. Ол «Ислам – жалған дін. Құран – у» деп мәлімдеме жасаған. Кейін Исламға қарсы кітап жазамын деп, оның ақиқат дін екеніне көзі жеткен.
Сол сияқты алғашқыда исламды сынап, кейін зерттей келе пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақтаушысына айналған оппоненттердің бірі ағылшын философы христиан Томас Карлейлдің (Thomas Carlyle) «Батырлар» атты кітабында: «Қазіргі ғасырдағы ең ұятты жағдайлардың бірі – Ислам діні жалған, Мұхаммед өтірікші деп айтылған әрбір сөзге құлақ асуымыз. Біз мұндай ұятты әрі күлкілі сөздермен кездескен жерде күресуіміз қажет», – деп айтқан мойындауы бар. Бұл тұжырымды айтудан бұрын ол Исламға қарсы күрескен ең белсенді оппоненттердің бірі болатын…
Бұл тізімді әрі қарай да жалғастырып кете беруге болады. Алайда бұл мәселеге әлі де қызығушылық танытқан жанға ашық қайнар көздерінде ақпарат жеткілікті.
Жалғас САНДЫБАЕВ