Уафи Әли Абдулуахид – 1901 жылы Судан мемлекетінің Уммудурман қаласында дүниеге келген. Әкесі қызмет бабымен 1905 жылы Мысырға қоныс аударды. Алғашқы білім жолын Әзһар мектептерінде бастады. Алдымен Құран Кәрімді, кейіннен басқа да ғылымдарға қатысты мәтіндерді жаттаған. Оқуда озат болып мемлекет тарапынан грантты жеңіп алып, 1928 жылы Париж қаласындағы Сорбонна университетінің (Paris-Sorbonne University) әдебиет факультетінде оқыды. Осы уақыт ішінде социология, экономика, психология және пәлсапа мамандығын қоса оқып, 1929 жоғарғы оқу орнынан төрт бірдей диплом алған. Сонымен қатар, Сорбонна университетінде пәлсападан докторлығын қорғап, 1931 жылы мемлекетіне қайта оралды. Мысырдағы Дарул Улум жоғары оқу орнында алты жыл ұстаздық қызмет атқарумен қатар, Әл-Әзһар университетінде қосымша лекция оқыды. 1936 жылы қызмет бабымен Каир университетіне ауысып, 1950 жылы Социология және пәлсапа факультетінің деканы болды. Ғылым саласында Араб елдеріндегі көптеген жоғарғы оқу орындарының басшылығы тарапынан марапатталады. Каирде «Араб тілі комитетінің» мүшесі болып сайланды. 1987 жылы социология ғылымына қосқан үлесі үшін мемлекет басшысы тарапынан марапатталады. 1992 жылдың 6 наурызында Каир қаласында дүниеден озды.[1]
Египет және Араб әлемінде әлеуметтану ғылымы және сол салалардың негізін қалаушы ретінде қабылданған Уафи Әли Абдулуахид, елуге жуық ғылыми еңбек жазған.[2] Сондай-ақ, көптеген ағартушылық іс-шаралар өткізіп, ғылыми мәжілістерде баяндамалар жасады. Оның еңбектерінің ішінде, әсіресе, Бейнә ш-Шифа және Әһли Сүнне заманының кейбір зерттеушілері тарапынан сын айтылған. Айтылған сындарға қарамастан көптеген еңбектер жазып, тақырыптарды ғылыми түрде дәлелдеп, оны жарыққа шығара білді. Кейбір салаларда жаңашыл пікірді қолдап және Араб әлемінде көптеген адамдарға үлгі болды. [3]
Бүгінгі таңда мұсылман елдерінде, соның ішінде Араб мемлекеттерінде Уафи Әли Абдулуахидтің жазған діни әдебиеттерін жоғарғы оқу орындарда, кәсіптік және орта мектептерде де пән ретінде оқытылуда. Батыстық түсінікті мұсылмандық ой өріске негіздеп жазған бұл еңбектері, бүгінгі қоғам үшін өте пайдалы. Уафи Әли Абдулуахидтің жазған діни әдебиеттерінің барлығы дерлік Каир, Александрия және Ыстамбұл қалаларындағы беделді кітапханаларында түп нұсқасы сақталған.[4]
«Фиқһу Луға» 1944, 1962, 1973 жылдары және «Илму л-Луға» еңбегі 1941, 1944 жылдары Каир қаласында жарық көрген. Бұл еңбегі араб тілінің қалыптасу кезеңдері мен ережелері, араб тілінің ұрпақтан-ұрпаққа жетуі, түпнұсқасынан көптеген тармақтардың таралуы және олардың бір-бірімен байланысы тұрғысынан қарастырылады. Сонымен қатар «Ақбариату Ибн Халдун» бұл шығармасында Ибн Халдунның өзінен кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырған «Муакаддиме» еңбегінің маңыздылығы, еркін ойлау мен дұрыс пікірді айта білуді алға тартады. Әсіресе, социолог ғылымын мұсылмандар арасындағы маңыздылығы сипатталған бұл еңбегінде Ибн Халдунның өмірі баяндалған әдебиеттері жайлы кеңірек тоқталған. Уафи Әли Абдулуахидтың айтуы бойынша 1936 жылы жоғарғы оқу орындарында, Ибн Халдунның «Муакаддиме» еңбегін социология пәнінің негізгі кітабы ретінде оқытып әрі ғылыми жоба ретінде қарастырған.
«Әл-Мәдинату л-Фазила Ли л-Фараби» үш бөлімнен тұратын бұл еңбегінің бірінші бөлімінде, Фарабидің өмірі және ғылыми тұлға ретінде қалыптасуы, екінші бөлімде Фарабидің «Арауу Әһли л-Мадинати л-Фазила» еңбегінің маңыздылығы мен ғылыми тағылымдамасы туралы зерттеулер жүргізген. Үшінші бөлімінде Фарабидің ғылымдағы тәсілі және ойлау әдістері жайында пікірлерін заман талабына сай түсінудің артықшылығы жайында баяндалады. «Әл-Луға уә л-Мужтеағ», «Әл-Хуррия фи л-Ислам», «Назарииатун Ижтимаииә» сынды көптеген әдебиеттері мұсылмандар арасында кең таралған.[5]
Исатай Бердалиев
[1] Ихсан Илахи Захир, әр-Радду л-Кафи ала Мугалетати в-Вуккар ала Әли Абдулуахид, Лондон 1984, бет 2-23,
[2] М. Абдулжауад, Такуиму Дари л-Улум, Каир 1410/1990, I-том, бет 250-251.
[3] Хайыр Рамазан Юсуф, Татиммату л-Алам, Бейрут 1418/1998, I-том, бет 383-384;
[4] Назар Абаза, M. Рияз әл-Малиһ, Итимату л-Алам, Бейрут 1999, бет 188-189.
[5] Ахмад әл-Алауина, Зейлу л-Алам, Жидда 1418/1998, бет 140-141;