Дін саласының белгілі қызметкері, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясының құрметті академигі, «Ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры, ф.ғ.д., профессор Айдар Парқұлұлы Әбуов 19 маусымда 60 жасқа толады. Осыған орай Айдар Парқұлұлымен әңгімеміз оның өмір жолы, дін саласындағы қызметі, жат ағымдардың жай-күйі мен діни ахуал төңірегінде өрбіді.
Археологиялық жұмыстар ізденісіме жол ашты
– Айдар Парқұлұлы, 60-жылдық мерейтойыңыз құтты болсын! Осындай мерейлі мерекеңізде өткен өміріңізге көз жүгірсек: қайда білім алдыңыз, қызмет жолыңыз қашан басталды?
– 1960 жылы 19 маусымда қазіргі Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Жетісай қаласында дүниеге келдім. Мектепті бітіріп, Шымкенттегі педагогикалық институттың тарих факультетіне оқуға түстім. 1982 жылы оны тәмамдағаннан кейін ауыл мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып қызмет жолымды бастадым.
Екі жыл мектепте сабақ бере жүргенде архив пен мұражайларда зерттеу жасауды ұнататынмын. Студент кезімде археологиялық қазба жұмыстарына қатысып, ізденіске талпындым. Содан болу керек, қазақтар көп шоғырланған Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сырдария педагогикалық институтына мені жұмысқа шақырды. Бұл жер біздің Жетісайдан қашық емес.
Тарих кафедрасында кабинет меңгерушісі болып жұмысты бастадым, аға лаборант болдым. Әрі сонда дәріс беріп, студенттерге практикалық сабақтар өткізіп тұрдым. Кәсіби біліктілікті арттыру үшін мені Мәскеуге тағылымдамаға жіберді. Онда бір жыл оқып, кейіннен институттың жолдамасымен 1986 жылы Ташкент университетіне аспирантураға түстім. 1990 жылы аспирантураны бітіріп, кандидаттық дессертациямды, ал 1997 жылы докторлық десертацияны қорғадым.
Яссауи бабамыздың қасиетті мекені қызықтырды
– Дін саласында көптен бері еңбек етіп жүрген беделді тұлғалардың бірісіз. Осы салаға қалай келдіңіз?
– 1991 жылы университетте аға оқытушы ретінде қызмет етіп жүргенде Түркістанда университет ашылды деген қуанышты хабарды естігеннен кейін ата-бабаларымыз бен қасиетті топырақ мекені болған Түркістанға қуана бардым. Ғылым кандидаты болғаннан кейін мені жұмысқа бірден қабылдады.
Бабамыз Қожа Ахмет Яссауидің кесенесі мені студент шағымнан қызықтыратын. Сол жерде практикадан өтіп жүріп, қазба жұмыстарына қатыстым. Одан кейін бұл тақырып мені өмір бойы жетелеп жүрді десем болады.
Ташкентте оқып жүргенде өзбектер Түркістанды қасиетті мекен санайтынын көрдім. Қожа Ахмет Яссауи бабамыздың хикметті сөздерін айтып жүретін. Осындай ойлар және Әмір Темірдің бұл кесенені не үшін Ислам әлемі ғана емес, бүкіл әлемге әйгілі кесене ретінде салып кеткені мені таңғалдырып, үнемі мазалайтын.
Осы тақырыпқа қызығушылығым ауып, халық арасында айтылып жүрген аңыздардан, ауызша әңгімелерден, қазақ әдебиетінің тарихынан соны зерттеп, біртіндеп материал жинай бастадым. Кейін келе Қожа Ахмет Яссауидің дүниетанымы қазақтың дінін, бүкіл түркі тілдес халықтардың дүниетанымын, өзегін ашып беретінін түсіндім.
Яссауи дүниетанымын түсінген адам бүкіл түркі тілдес халықтың дүниетанымын, оның астында жатқан қабат-қабат тарихи, философиялық, діни тұжырымдарға көз жеткізеді. Сондықтан мен дін тақырыбына да осы тарихқа қызығушылық арқылы келдім.
«Оқимын» деген адамға мүмкіндік көп!
– Еліміздің қазіргі діни ахуалына көңіліңіз тола ма? Не жетіспей жатыр?
– Бұл салада жұмыстар аз жасалып жатқан жоқ. Алдымен, 1991 жылы елімізде ҚМДБ ұйымдастырылды. Қазіргі таңда елімізде 3 мыңға жуық мешіт бар.
Екіншіден, дін саласында қаншама білікті мамандар қалыптасты. Тәуелсіздік алған жылдары имамдардың саны өте аз болатын. Қазір олардың саны артып, білімді, дүниетанымы мол, жан-жақты хабары бар имамдар қалыптасты. Үшіншіден, мемлекет бұл салаға көңіл бөліп, Дін істері комитеті ашылды.
Зайырлы мемлекет болғанымен мемлекет діннің дамуына, әсіресе Ислам дінінің таралуына үлес қосып жатыр деп айтуға болады. Дінтану мамандығында студенттер оқып, гранттар да беріледі. Бір университетіміз бен тұрақты медреселеріміз қызмет етіп жатыр.
«Не жетіспейді?» деген әрқашан қойылатын сұрақ. Қазір оқимын деген адамға мүмкіндіктің бәрі бар. Енді не керек – білім керек. Тек адамның білімге деген талпынысы ғана жетіспей жатыр ма деп ойлаймыз.
Адамзат жаратылғаннан бері адамның дамуында оның білім деңгейі сәл артта қалып келеді. Адам – үнемі білімді талап етіп тұратын жаратылыс. Мәселен, қазіргі таңда математика саласынан жетіспей тұрғаны – білім, яғни мықты программистер аз. Қаншама программистер оқып жатыр, бірақ деңгейі қажетті дәрежеде емес.
Сол сияқты дінтанушылырдың деңгейін әлі де жетілдіру қажет. Сапа жетіспей тұр. Уақыт – әр салада сапаны талап етеді, мейлі ол ғылым болсын, білімнің басқа саласы болсын. Көрсеткіштер бар, бірақ сапа жетіспей жатыр.
Меніңше, қазіргі таңда діннің жақсы дамуы үшін халық оған үстірт қарамауы керек. Бұл тек имамдардың ғана емес, барша мұсылман қауымның жұмысы.
Сондықтан Ислам мәдениеті тек бес уақыт намаз, ораза ұстаумен шектеліп қалмайды. Бірінші керегі – білімді болу, ғылымды зерттеу, даму. «Білім Қытайда болса да ал» деген хадис бар. Сол сияқты дін өз дәрежесіне жету үшін қоғамның да санасы жоғары болып, дами беруі керек. Сонда дін мәдениетпен, ғылыммен ұштасып тұратын заман болады. Алдағы уақытта оған да жетеміз деген ойдамын. Алла Тағала сол күндерге жеткізсін!
– Ал Қазақстан мектептеріндегі дінтану пәні қалай жүргізілуде? Күткен нәтиже бар ма?
– Дінтануды, діни мәдениетті бала мектептен емес, отбасынан, яғни өз ата-анасынан алуы керек. Қанмен, тәрбиемен келуі тиіс.
Мұғалім балаға бұл қағидаттарды үйреткенімен үйінде діни мәдениет, білім болмаған бала партада қанша отырса да ол қалыптаспайды.
Мектепте дінді үйретудің нәтижесі көп болмайды. Тарихын зерттеуге болады, қай заманда қай мешіттер салынды, медресе ашылды, қандай кітап жазылды деген секілді. Жақсы оқыған балалар оны біледі. Ал енді діни-рухани мәдениеті – тәрбиемен келеді. Оны бір дәріспен бере алмайсың.
Имамдар – бүгінгі бағбаншылар
– Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елімізде жат ағымдардың қарасы көбейгені белгілі. Қазіргі таңда бұл ағымдардың жай-күйі қандай?
– Ол Тәуелсіздіктен бұрын да, әлемдік дін пайда болған кезеңнен бастап пайда болған. Яғни, өсімдіктің қасындағы пайдасыз арамшөптер секілді. Мәселен, Інжілдің өзінде де жүзімнің бұтағы жайлы айтылған. Онда жеміс беретін өсімдіктің өзінен жеміс бермейтін құрғақ бұтақтар пайда болады екен. Оны бағбаншы өскен кезінде-ақ алып тастайды. Тек жеміс беретін бұтақтары қалады.
Сол секілді бүгінде бағбаншы кім? Бүгінгінің бағбаншылары – мәдениеттанушы, дінтанушы, имамдар мен молдалар.
Діннің жеміс бермейтін бұтақтарын – жат ағымдар деп айтамыз. Яғни, олар жеміс беретін бұталарға кедергі жасайды, өздері де жеміс бермейді.
Бүгінгі иудаизм, христиандық пен буддизмде де көптеген жат ағымдар бар екенін зерттеушілер біледі. Сол сияқты ислам әлемінде де жат ағымдар пайда болған. Иранды бір дінді тоталитарлық мемлекет деп түсінеміз. Бірақ, ол жердің өзінде де діннің басқа тармақтары бар.
Кеңес дәуірінде кейбір жат ағымдар тыйым салынған саясатқа қарамастан өсіп, дамып, қатарын көбейтіп, кітаптарын да таратып жүрді. Ал еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін, әрине, бұл жат ағымдар әрі қарай өз әрекеттерін жасап жүрді.
Жат ағымдардың ерекшелігі – тақыр, шөп өспейтін топырақта өсуге әрекеттенеді. Олардың негізгі қағидасы – мемлекет, қоғам тарапынан қанша кедергі болса, сонша мүмкіндік бар деп есептеуі. Яғни оларға тосқауыл қойып тұрған кезде, олардың әрекеттері күшейе бастайды. Оларды қамап тастаса, әрекеті одан бетер дамиды.
Қарасаңыз, Ислам ғана емес, жалпы басқа дінде де солай. Оларға тосқауыл қою үшін жоғарыда айтылғандай діни мәдениет керек. Ұлт бірлігі, тіл бірлігі, мәдениет бірлігі болса, қазақтың бірегей мәдениеті мен тарихы, тілі мығым болса, басқа ағымдарға, топтарға дес бермесі анық. Мысалы, араб мәдениетін алайық. Жиырмадан астам араб мемлекеті және олардың өз тілі, әдебиеті, тарихы мен ұғымдары бар. Олар да топтарға бөлінген. Өз топтары мен мектебі қалыптасқан, бірақ олар бір-біріне қайшы келмейді.
Біз де Орта Азияда бір мектеппіз. Сондай-ақ, өзбек, тәжік, түрікмен, қырғыз мәдениетінің өз ерекшеліктері мен діни қағидаттары бар. Қазақтың да өз ерекшеліктері болуы керек. Абай, Шәкәрім, Қожа Ахмет Ясауи сынды ғұламаларымыз, Асан қайғы, Бұқар жырау, Мәшһүр Жүсіп, Ыбырай Алтынсарин секілді тарихи тұлғаларымыздың барлығы да Ислам мәдениетіне өз үлестерін қосты.
Осындай шарттар дамыса, әрине оған мемлекет те, дін де атсалысу керек. Барлығы бірігіп күш бріктірсе, жат ағымдарға мүмкіндік азаяды. Бірақ, қоғамда бәрі біріңғай болу да – идилия. «Бес саусақ бірдей емес» демекші, біріккен сорпасы қайнаған бір халықтың өз ерекшеліктері бар. Біреуі қысқа, біреуі ұзын, қалыңдау немесе жіңішке деген секілді.
Сол сияқты қоғамда да бәрі біріңғай ойланатын робот қоғам құрамыз дегеннен де аулақ болуымыз керек. Жат түсінік те болады. Жат ағымға кіріп кетіп, соның ішінде жүріп, қызығып, көкейіндегі сұрақтарына жауап таба алмай, ойланып, одан шығып жатқандар да өте көп.
Ал егер «Барма ол жерге, кірсең қамаласың, атыласың» дей берсең, шындығында олар барудың әрекетін күшейтеді. Тосқауыл қою, зияны жоқ жат ағымдар деп айтуға болмайды. Нейтралдық жат ағымдар да бар. Оның зияны да көп емес, бірақ пайдасы да жоқ. Дінтанушылар соларды ажырата білу керек.
Кейбір жат ағымдардың теріс жағынан пайдасы да көбірегі бар. Оны жіті зерттей білу қажет. Соларды зерттей отырып, әр топқа өз әдісін қолданып мемлекет тарапынан, дін, ғылым, білім саласы тарапынан ұстанатын әрекеттерді белгілеу өте маңызды.
Өзара диалог – даму қадамдарын айқындайды
– Астанамызда бірнеше рет Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі өткен болатын. Жалпы дінаралық және конфессияаралық келісімді орнатуда Елорданың үлесі қандай?
– Әлемдік деңгейде мұндай диалог ауқымы жағынан алғаш рет Қазақстанда өткені – үлкен тәжірибе. Елбасымыз Н. Назарбаев өз ойларын іске асыруы деп түсінуіміз керек. Сол сияқты әлемдік діндер лидерлерінің астанамызда бас қосуы – үлкен жұмыс, мәртебе.
Диалог орнату, өзара келісім, алға жылжитын қадамдарды бірге айқындау іске асып жатыр. Осы диалогтан кейінгі жұмыстар – әлемдік проблемаларды біріге шешудің жолдарын белгілейтін кезең болады, оған да жетеді. Тек қана өзара сұхбаттасумен шектелмек емес.
Солардың күштерін біріктіретін потенциалын әлі де мүмкіндіктер ретінде пайдалану керек. Сол жұмыстар Елордамызда жүріп жатыр. Бұл әлемдік деңгейде мойындалған, мақұлданған. Мұны салғырттықпен емес, бұл жұмысты мамандар зерттеп, ұсыныстарын енгізіп, діни қауымдастықпен біріге отырып ізденіс жасау керек.
Толеранттылық – өмір сүруге мүмкіндік
– Кейде халқымызға тән толеранттылық сипатымызды тым асыра қолданып, еліміздің әлеуметтік-экономикалық салаларында табысты бола алмай жатырмыз деп ойламайсыз ба?
– Адамда тұлға ретінде қаталдық басым болса, оны көпшілік мойындамайды. Онымен тіл табыса алмай, бірден айыптайды, қоғам оны қабылдай алмайды. Жұмсақ, жуас, момын әрі келісе беретін адам да көпшілікке әлсіз боп көрінеді. Бірақ, діни көзқараспен қарасаңыз, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Қоғамның ішінде Алла Тағалаға ең жақыны – жуас, момын адам маған жақын», – деген.
Салыстырмалы түрде қарасақ, жуас, момын, толерантты адамды өзіңе жақындатуға бола ма? Толерантты – ойға, көзқарасқа, іс-әрекетке деген төзімділік. Ал бірақ бәріне келісе бермей, әлемдік диалогқа түсіністікпен қараған адамды толерантты дейді. Яғни жел қай жақтан соқса, сол жаққа кету деген сөз емес.
Қоғамның ішінде дұрыс жол – көпшілікпен бірге деген сөз бар. Халықпен бірге жүрген адамды толерантты деуге бола ма? Болады.
Сондықтан толеранттылық – өмір сүруге мүмкіндік ашады, әсіресе, аяққа тұрмаған қоғамға, мемлекетке және адамға. Мәселен, философиялық тұрғыдан өсімдікті алайық. Желге қарсы өс десе, боран оны сындырып кетері сөзсіз. Содан әрі қарай бұғып өсіп, тірі қалары анық. Астынан басқа өсімдіктердің өсуіне мүмкіндік береді. Оған көлеңке, қорғау болады. Бұл – табиғаттың заңы. Тек қарсы бола беру емес, үйлесім табу маңызды.
– «Елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері тұрады» деп мақтану бізге кері әсерін тигізіп жатыр деп ойламайсыз ба?
– Оны түсінікпен айту керек. Мақтану емес, осындай көп ұлт өкілдерін бір шаңырақ астына біріктірген өмірлік мекенге айналған ел деп дұрыс түсіндіру қажет. Мақтану – жүздеген ұлттың көңілін тауып, жаңа Қазақстанды бірге құрып жатырмыз деген еңбек деп айта аламын.
Әр ұлттың өз тарихы, тағдыры бар. Сол жүздеген ұлт өкілдерінің көбі өз еркімен елімізге көшіп келген жоқ. Көп ұлттардың тарихи отандары жоғары дәрежеде өмір сүріп жатыр деп айтуға болады. Бірақ ол халықтар Қазақстанмен байланысты өмір сүріп жатыр, бұл да бір үлкен мәселе.
Мысалы, қуғындалып елімізге қоныстандырылған корей халқы еліне көшіп кетпей, қазақ халқымен біте-қайнасып кетті деуге де болады. Оларға Қазақстан ыңғайлырақ. Осыған байланысты, кейбір немістердің тарихи отанына көшіп кетіп, қайта оралып жатқандары да бар. Бұл да өмір сүрудің диалектикасы. Адам сол жерге үйреніп сіңісіп кетсе, кеткісі келмейді.
Сол сияқты Ыстамбұлдың Зейтінбұрны ауданында 20 мың қазақ тұрады екен. Шақырғанмен, ол жақтан санаулы қазақ қана келді. Олардың көбі түрік тілін, мәдениетін тарихи отанынан жақсы біледі, тіпті келгісі келмейді де. Олар да мақтанып жатқан жоқ, өз орнын тапсын, тұра берсін. Түркияның дамуына үлесін қоссын.
Елімізде бірге тұрып жатқан халықтар Қазақстанды әлемге танытады, ақпарат таратады. Осындай ұлт бар, «Мен де қазақпын» деген деңгейге жетер бір күні. Қазақша өлең айтып, тілімізде сөйлеп жатқан ұлттар көп. Америкада бір емес, бес жүзден аса ұлт мекендейді. Қазақстан жүз жылдан кейін АҚШ секілді дамыған, әлемге танымал мемлекетке айналады, бұйыртса…
Ұстанымым – қоғаммен үйлесім табу
– Айдар мырза, имандылық дегенді қалай түсінесіз?
– Бұл өте ауқымды ұғым. Отбасы – кіші мемлекет. Оны басқарып, әр мүшесімен тіл табыса білу керек. «Диктаторлық патшалық» орнатсаң, онда қайшылық көбейді. «Демократия» жасап жіберсеңіз де, теріс жағын көрсетуі мүмкін. Сол секілді бұл отбасылық қарым-қатынас диалектикасын орнату өте маңызды. Орта жолды ұстану қажет.
Имандылық дегеніміз – адамның қоғамда өз кәсібі мен жолын тауып жақсы өмір сүруі. Сондай-ақ, көрші-қолаң, туыстарымен де жақсы қарым-қатынаста болып, үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсететіндей мәдениетті болуы. Тек қана өз ауылының тарихын емес, әлем тарихынан хабардар болса, осындай адам имандылықтың кемеліне жетеді деп ойлаймын.
– Өмірлік ұстанымыңыз не?
– Адам өмірде өз орнын тауып, хәкім Абай айтқандай: «..кетігін тап та, бар қалан» ұстанымы. Үйлесім табуың керек. Өмірде қатал адам мен жуас адамның арасындағы алшақтықты білу, орта жолды ұстанып – көпір болу.
Әр істі «бисмилләмен» бастаймын…
– Балаларыңыз бен немерелеріңізді тарихқа, руханиятқа қаншалықты баулып келесіз?
– Тарихқа баулимыз. Дастархан басында мән-мағыналы, тағылымды әңгімелер айтамын. «Бисмилләсіз» іс бастамаймын. Немерелерімізге ислами есімдер қойдым. Мысалы, Абылай хандай болсын деп Әбілмансұр, Ыдырыс пайғамбар (ғ.с.) құрметіне Ыдырыс деп есімін қойдық. «Тарихым, Отаным, Қазағым» деп ұлттық қасиеттерімізден алшақтамай, діни мәдениетпен өмір сүруілеріне ықпал жасаудамыз.
– Қандай еңбек жазып жатырсыз?
– Философия мен тарихқа байланысты өз ойларымды жинақтап, құрастырып жатырмын.
– Ғылыми-зерттеу институтының директорысыз. Бүгінгі қызметіңіз бен алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Мен осы ғылыми-зерттеу институтын дамытып, аяққа тұрғызғым келеді. Мақсатым – грант алып, ғылымға қызығып жүрген, ерекше ойларымен танылған адамдардың басын қосу, елімізге пайдасын тигізетін дүниетанымымыз бен дінімізді жақсы деңгейге көтеру, дамыту.
Алға жетелейтін жолдарды анықтап, олар белгілі құзырлы органдарға ұсынылып, іске асырылып отырса деген мақсат бар. Мемлекет нақты ұсыныстар беріп, оны қолдап отыру қажет.
– Әңгімеңізге рахмет. Игiлiктi icтерiңiзге тaбыcтaр тiлеймiн!
Cұхбaттacқaн Руcлaн БЕГЕН