Сұрақ: Ағаммен ренжісіп қалғаныма бірнеше айдың жүзі болды. Екі отбасы араласпаймыз. Не қылмақ керек?
Жауап: Туыстық қатынасты үзу – үлкен күнә. Ағайын бірде араз, бірде тату болары анық. Ислам ағайын арасында кейде болып тұратын осы араздың мүлдем болмағанын қалайды. Ал енді ағайын арасындағы өкпе–наз бола қалған жағдайда онда екі жақты тез татуласуға шақырады. Татуласпақ үшін екі тараптың қайсысы бірніші қадам жасаса, Алланың алдындағы марапаттың үлкені соған жазылады. Осылайша, дініміз туыстық қатынастың үзілмеуіне жан-жақты жағдай жасаған.
Алла тағала Құранда, пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде туыстық қатынасты мұсылманның міндеті деп хабар берген. Бұл байланыстың қандай болуы керектігі де айтылған. Егер адам мұсылман сипатына лайық ағайын-туыспен қарым-қатынаста бола білсе, онда ол Алланың алдындағы уәдесін орындаған саналады:
«Олар сондай Алланың уәдесін орындағандар әрі серттерін бұзбағандар. Олар Алланың жалғасуы әмір етілген нәрсесін жалғастырып, Раббыларынын қорқа отырып, есебінің жаман болуынан қауіптенгендер» (Рағыд: 20-21).
Себебі, Алла тағала туыстық қатынастың жақсы болып жалғасуын әмір еткен. Сондықтан да мұсылман егер Алланың бұл әмірін орындамасам, онда Оның алдына барған уақыттағы менің жағдайым мүшкіл болмақ деген қауіппен туыстық қатынасты үзбек емес.
Әбу Һурайрадан (р.а): «Алланың елшісі: «Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, қонаққа құрмет қылсын. Кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, туыстық қатынасты жалғастырсын сондай-ақ, кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз айтсын немесе үн қатпасын», – деп айтты» деген риуаят келеді (Бұхари, Мүслим).
Жалғас САДУАХАСҰЛЫ