Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығының ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі ретінде, халықпен жұмыс істеу барысында түрлі сауалдар алдымнан шығады. Тіпті «Жусан» арқылы елге оралғандар арасында өздеріне өткені жайлы қайталай беруге де наразылықтары барын байқатты…

Ең әуелі елімізде ғана емес, әлемде резонанс тудырған мемлекетіміздің «Жусан» операциясына қатысты Қазақстан Ұлттық арнасының YouTube желісіндегі 2019 жылғы 9 қаңтардағы алғашқы «Қазақстан азаматтарын Сириядан эвакуациялау» бейнебаянын шолып шықтық. 14 мыңнан аса адам тамашалап, пікір қалдырған 80-нен астам адамның 90 пайыздайы қолдау білдірген. Ал мамыр айындағы дәл сол желідегі «Жусан-2» операциясы жайлы бейнероликті алғашқыдан 2 есе көп адам көрген, бірақ бұл жолы теріс пікір жазғандардың қатары керісінше 90 пайызға жуық.

Сондай-ақ ҚР Президентінің кеңесшісі Ерлан Кариннің жеке YouTube каналындағы «Жусан-3» операциясы жайлы бейнероликтің қазақша нұсқасын 3300-ден аса, ал орыс тілді нұсқасын 30 мыңға жуық адам көрген. Пікір қалдырған көрермендердің 90 пайыздан астамы қолдау білдірсе, 8 маусымда жарияланған ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бейнебаянын 26 мыңнан астам көрермен көріп, пікір қалдырған 100-ден аса адамның басым бөлігі отандастардың елге жеткізілуін құптаған.

Естеріңізде болса, Шам өлкесіндегі қақтығыс аймағынан бірнеше кезеңге созылған «Жусан» операциясымен елге 524 адам жеткізілсе, оның 357-сі балалар, 137-сі әйел болатын. Бұлардың әрқайсысының Сирияға бару тарихы әрқилы болғанымен, ортақ нәрсе – теріс діни түсінік. Әйтсе де, елге оралған қаракөздер арасынан «нәпақа, білім іздеген» күйеулерінің соңына еріп, тағдыр жазуымен тап болғандардың да бары рас. Соған қарамастан қоғамда олар жайлы «жат ағымға ерушілер, Отанын тәрк етушілер» деген ортақ пікір жиі бой көтеретіндіктен, әлеуметтік желі арқылы сауалнама жүргіздім:

Фейсбук, Инстаграм арқылы жүргізген сауалнама бойынша жауап бергендердің жартысы «адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген қағиданы ұстанып, қолдау білдірсе, 20 пайызы «олардан елге қауіп бар» деп үзілді-кесілді қарсылығын білдірген, ал 30 пайызы бұл мәселені қатаң бақылауда ұстау қажет деп сақтыққа шақырады.

Сауалнамада «Асыл мұра» журналының тілшісі Қадір Молдекеұлы:

«Жеке жұмыстарды олармен жүргізгенде қайта-қайта көрген қорлықтарын сұрап, жараларының бетін аша бермеуіміз керек. Бастысы, бұл жақтағы қоғамнан, биліктен қиындық көрмеуі қажет. Əйтпесе, үш-төрт жылда террорлық жайттар орын алуы мүмкін. Көзқарасым барынша көмектесіп, бейімдеу керек. Осылай дінтанушылардың ізденістері де, білімділігі де артады»,-десе, Қалима есімді респондент:

 «Мен мүлдем қолдамаймын. Яғни олардың шын тәубесіне келетініне кепілдік жоқ. Ал ол дегеніміз – елімізге аз болса да қауіп бар деген сөз. Саналы түрде қандай да бір әрекетке барған адамнан мен ешқашан үміттенбеймін, шыны керек. Бейбіт елімізге артық уайым секілді көрінеді. Сол үшін мүмкін бұл мәселеге қатаң қарау керек шығар,-деген.

Ал дін мәселесінде жиі ой білдіретін журналист Жолымбет Мәкіш:

«Енді олар дінге, құдайға деген ниеті жақсы болғанымен, ақидада адасқандар ғой. Олар Аллаға жағамыз, «шаһид» боламыз деп елден кетті, шаһидтің шынайы мағынасын білмесе керек. Бір кездері маған да мәзһабты жоққа шығарғысы келгендер жиі ұшырасып, араластым да. Мен бірден «Бізге керегі мәзһаб» деп басын ашып айттым. Мәзһабты жоққа шығарғысы келетіндер арасында қайтатындар да, қайтпайтындар да бар. Қайтқандарының өзі мәзһабқа қайтпай, ары қарай «Құран және сүннетпен жүреміз» деп ұстанымдарын жалғастыра беруі мүмкін. Мәзһаб та Құран мен сүннетке жүгінетінін ескергісі келмейді, «былық» көп деген түсінікте. Егер адасқандарын білсе екен. Олармен бірте-бірте ақырын жұмыс істеп, діннің мағынасын ашып, түсіндіріп насихат жасау керек деп ойлаймын. Олар өзіміздің Діни басқармаға бағынғысы да келмеуі мүмкін. Бірақ қоғамға қауіпті деп ойламаймын, себебі Шам жерінде айырылатынынан айрылып, өлетіндері өлген, өздері аштықты, соғысты көріп, елге жеткеніне «шүкіршілік» етіп жүргендер деп ойлаймын»,-деді. 

Бұл пікірлерді қолдаушылар мен қауіптенушілерге ортақ негізде алып отырмын.  Ал «Жусан» операциясында оңалту жұмыстарына қатысқан мамандардың бірегейі филос.ғ.к., доцент Кеңшілік Тышхан:

«Оларды үш топқа бөлуге болады.

Расында өкінгендер. Ондай райларынан қайтып, қайтадан қоғамға араласып кетуге барын салып жүрген әйелдер бар. Өздері де, балалары да қоғамда енді көп қиыншылық тудыра қоймас деп ойлаймын!

 Қайтуға мәжбүр болғандар. Олар ашаршылық пен қорлықтан құтылу үшін ғана диалогқа барып отырғандар. Идеологиялық тұрғыдан оңалмағандар. Бұлардың саны аз болуы мүмкін. Бірақ бар. Ертең қауіп осылардан туады. Террорлық әрекеттерге де баруы мүмкін.

Осы екеуіне жатпайтын үшінші бір топ бар. Олар – балалар. Адам тәрбиенің 80%-ын 5 жасқа дейін алады дейтін болсақ, радикализм мен такфиризмнің тәрбиесімен өскен балаларды оңалту мүмкін бе?! Араларында 10-12 жасқа келгендер бар. Олар өлімнен, оқ пен оттан қорықпайды. Олардың санасында әкесін, ағасын «кәпірлер» өлтірген. Олар нағыз болашақ баскесерлер болып шықпай ма деген күдік сейілер емес. Сондықтан қазақы дүниетаным негізінде жетімдер мен жесірлерді әкелгенімізбен енді олармен өмір бақи жұмыс жасауымыз керек!»-деді.

Ал Нұр-Мүбарак университетіндегі Экстремизмнің алдын алудағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры, докторант, теолог Асқар Сабдин:

«Мен елге оралғандардың шамамен 10%-мен ғана кездестім. Ақтөбе, Орал, Атырау қалаларындағы кездесу өткізген әйелдер  арасында қатты агрессивті көзқарас байқалмады, бірақ сұрақтары бар екен. Яғни қалыптасқан дүниетаным, көзқарастары,  ұстанымдарына байланысты сұрақтары бар. Сол сауалдармен жұмыс істеп, түсіндіру жұмыстары қажет, – деді.

Жалпы жат елге «жұмақ» іздеп кеткендердің арасында тағдыр жазуымен тап болғандар да бар дегенмен, олардың да баруына себепші болған адамдардың (күйеуі, әйелі, таныстары, т.б.) теріс діни ағыммен тікелей байланысы болғаны анық. Сондықтан «теріс ағымның салқыны тиген не болмаса шырмауына түскен жандардың қайтадан тура жолға түсуі мүмкін бе?» деген заңды сауал туындайды.

Мамандардың зерттеуінше, тәжірибеде  теріс діни ағымға ергендердің 5/1-і райынан қайтады. Барлығына ортақ пікір  адамның жеке болмысы, сана-түсінігіне байланысты мәселе екендігі айтылады.

Асқар Сабдин:

«Қайтып та жатыр. Ұжымдық жұмыспен 2012 жылдан бастап, 2016 жылдың соңында аяқтаған есеп бойынша 283 адамды қайтардық. Одан кейін күнделікті жазып жүру мүмкін болмай кетті. Бірақ өздерінің теріс ағымда адасқанын түсініп, дәстүрлі ұстанымымыздың тура жолда екенін мойындағандар жайлы бейнероликтер баршылық, тікелей телефоныма рақметін айтып жатқандар көп. Ал қайтпайтындар жайлы айтсақ, олар  теріс ағым идеологиясын санасына сіңіріп, қалыптасқан «комфорт зонадан» шыққысы келмейді. Өзіне ұнайтын өмірі, қоршаған ортасы, араласып жүрген жамағатын ауыстырғысы келмей, қалыптасқан жолын жалғастыра бергісі келеді. Кез келген сектаға кірген адамның талдау, ойлану қабілеті әлсіз болса, сол деңгейде қала береді. Жаңадан ой қалыптастыру, жаңа сүзгіден өткізуді қиын көреді», -дейді.

Кеңшілік Тышхан:

Оңалуы әбден мүмкін. Мұндай тәжірибелер өмірімізде болды. Бірақ қанша уақыт керек десеңіз, басқа мәселе. Әрі оның теріс ағымға кіру уақытына да байланысты. Егер енді ғана кіріп жүрген болса, оны тез қайтарып алуға болады. Ал 6 айдан артық болған болса, ондай адаммен жүйелі жұмыс істелуі керек. Ең үлкен қиыншылық біздің теріс ағым деп түсінген ағымдарда жүргендер өздерін ақиқат жолындамыз деп есептеуі. Сондықтан ондай адамдар тіпті оңалуға ниет те білдірмейді, сәйкесінше ондай адамдар оңалмайды да. Теріс ағым өкілдерінде логика – харам. Сол себепті сыни ойлауға үйрету арқылы кез келген адамға дәлел іздетуге болады. Шубха, яғни күмән деп қашқанымен кейін өзі сұрақ қоя бастайды. Білім арқылы кез келген мәселені ортаға салып, олардың қате жолда екендігін дәлелдей білсеңіз, оңалу процесі басталады. Көкейіндегі ой, бұрынғы алған діни білімі тез жойылмайды. Орташа қарағанда бір адамның оңалуына 2-3 және одан да көп жыл қажет болады. Оның өзінде тұрақты білімді бір адаммен жұмыс істеген жағдайда. Ал тиіп-қашып анда-санда кездесулер өткізу бос әуре. Мұны тәжірибе дәлелдеген, – деген пікірде.  

Алматы облысының әкімдігінің Дін істері басқармасы оңалту бөлімінің басшысы Ерлан Матаев:

Көзқарасын оңалтуға болады. Бірақ ол адамға байланысты. Көбіне енді ғана сол ағымға кіре бастаған, ақ пен қарасын ажырата алмай жүрген адамның бетін бері қайтарып алу мүмкіндігі бар. Ал ұзақ жылдар сол ағымның жетегінде жүрген адаммен біраз уақыт талап етеді және оны барынша бауырмалдықпен, көркем мінезбен тартуға ғана болады. Бұл бір өзге діннен басқа дінге өткізгенмен бірдей үдеріс секілді. Өйткені дін – жүрекпен қабылданатын нәрсе. Жүреккке әмір емес, махаббат, мейірім жүреді. Сондықтан оңалту, бейімдеу деген процесстер махаббатпен, шынайылықпен болса ғана өз нәтижесін беріп, оңалтуға болады деп есептеймін,-деген ойымен бөлісті.

Діннің негізгі мақсаты – адам баласын кемелдікке жетелеп, қоғамның өркениетті дамуына кепіл болу. Қазіргі жаһандану кезеңінде іргесі әлі беки қоймаған мемлекеттер үшін ғана емес, тарихы терең ұлттарға да «жұтылып кету» қауіп жоғары болып тұрғандықтан, әрбір отандасымыз үшін белгілі бір дүниетаныммен шектелмей, саяси сауаттылық та аса маңызды. Себебі ашық қоғамда адамдар санасын «жаулау» арқылы рухани соғыстар жүріп жатқандықтан, тек дін арқылы ғана емес, күнделікті тіршілігіміздің сан-саласы арқылы сығалап кіріп жатқан зиянды түсініктерде де есеп жоқ. 

Әлбетте, «Алла кімді оңғарса, сонда ол тура жолда. Алла кімді адастырса, оған Алладан өзге жәрдемші таба алмайсың», – деген қасиетті Құранда («Исра», 97-аят).

Ал тағы бір аятта: «Расында бір қауым, өзін өзгертпейінше, Алла оны өзгертпейді. Сондай-ақ егер Алла, бір қауымға бейнет тілесе, Сонда оны ешбір қайтарушы жоқ. Әрі олар үшін Алладан өзге бір жәрдемші де жоқ» (13/11) деген.

Былай қарасаңыз, бір-біріне мағына жағынан кереғар аяттар: барлық өзгеріс Алланың қалауымен десе, келесіде бір қауым өзін-өзі өзгертпейінше Алла оны өзгертпейді деген. Құран Кәрімнің «Әли- Имран», «Әнғам» сүрелерінде «Ойланбайсыңдар ма?» десе, «Бақара», «Хұд», «Жүсіп» сүрелерінде «Ақылға салмайсыңдар ма?» деген аяттар ойлануға, ақылға салуға шақырады.

Расында, адам ақылын дұрыс қолданса, ақиқатты табады. Өйткені күллі жаратылыстағы адамға тән артықшылық − оның ақылында. Ақылымызды қалай қолдансақ, сондай нәтижеге қол жеткіземіз. Осы орайда, кез келген миссионерлік, теріс діни ағымдардың негізгі ұстанымы адамдарды ойланудан «сақтандырып», өздерінің идеологияларына бағынышты етіп, не айтса, соған еріп кете беретін «зомби» етіп өздеріне ноқталап қою. Ал кең далада ой еркіндігін шектемеген халқымыз қашанда даналық пен терең ойға сүйеніп, кең байтақ даланы бүгінгі ұрпаққа аманат етіп кетті.   Шәкәрім бабамыз да «Келдім қайдан? Нетсем пайдам? Өлгеннен соң не болам?» дей келе:

Несін сүй, несін сүйме ерік өзіңде,

Нәпсің де, ақылың да тұр көзіңде,

Сынау үшін жаратқан бір Иең бар,

Тексерілмей қалмайсың бір кезінде, – деп ескерткен. Ендеше біз де хәкім  Абайдың «Адасқанның алды — жөн, арты — соқпақ…» деген сөзімен қорытындылап, ғасырлар бойы халқымыздың бірлігі мен елдігінің тірегі болған ханафилік дәстүрлі діни ұстанымымыздың баянды болашақ үшін де басты кепіл екенін айт кеткіміз келеді.  

Айша КЕҢЕСБАЙ

1 Пікір

  1. Өте сауатты жазылған мақала. Оқып отырған адамға жазылу мәнері жеңіл, тілі түсінікті сықпытта. Жазар таусылмасын. Расымен, көкейде жүрген сауал ортаға тасталып, соның жауабын алғандай болдық.

Пікір жазу