Түркістан облысы Сауран ауданының пробация қызметкерлері екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тағайындалған көпбалалы соталған азаматшаны тұрақты жұмысқа орналастырды. Сонымент қатар, көп балалы анаға алеуметтик психологиялық көмек көрсетілді. Алдағы уақытта материалдық көмек көрсету де қарастырылуда.
Қазақ халқы қашанда қолынан келгенше қайрымдылық жасауға тырысқан. «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің» дейді қазақ xалқы. Аудандық пробация қызметінің қызметкерлері аудан әкімдігінің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» КММ-мен бірлесе отырып жұмыссыз жүрген сотталғандарды жұмысқа орналастыру ісін жүйелі түрде атқарып келеді.
Екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған Гүлден ұрлық жасағаны үшін пробациялық бақылауға алынған болатын. 5 бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты ана бұл іске жұмыссыздықтың салдарынан барғанын жасырмады.
– Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады. Қайырымдылық жасауды қаржылай көмек көрсету ғана деп ұқпау керек. Сөзбен де, іспен де, басқа жолдармен де қайырымдылық жасау – борышымыз. Жақсылық жасау қолыңнан келіп тұрса, қуаныш сыйлауға мүмкіндігің жетіп тұрса неге қол ұшын созбасқа?! Пробация қызметі есебінде тұрған жағдайы төмен отбасыларға қолымыздан келгенше көмек қолын созуға тырысамыз. Себебі, олар көмекке мұқтаж. Осылай көмек көрсету арқылы сотталғандарды қоғамға араласуға бейімдейміз.
Осындай қайрымдылық шарасы осымен тоқтап қалмайды. Алдағы уақытта да игі істер жасау жоспарда бар. Әрине, біз пробациялық бақылауға алынған әрбір адамның жағдайын егжей-тегжейлі қараймыз. Себебі, қылмысқа адам қысылғаннан барады. Немесе жастар балалықпен қылмыс жасайды. Олардың отбасындағы әлеуметтік жағдайын да қарап, қандай көмекке мұқтаж екенін де протоколға тіркеп қоямыз. Гүлден деген азаматша Сауран аудандық соттың үкімімен 188 бап бойынша екі жылға бас бостандығынан шектеу жазасына тартылған. Жалпы, жұмыспен қамту орталығымен бірлесе атқарған жұмыстарымыздың нәтижесінде біршама сотталған азаматтар жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, өздерінің шағын бизнесін ашуды жоспарлап жүргендер де мамандардан кеңес алып, бизнес ашудың жолымен танысуда. Алдағы уақытта жұмыссыз әрбір сотталған жұмысқа орналысып отбасыларына материалдық көмек көрсете алады, – деді Сауран аудандык пробация кызмети болiмi бастыгынын мiндетiн аткарушы әділет аға лейтенанты Қайсарбек Серманов.
Әділет аға лейтенанттың сөзіне қарағанда көпбалалы ана Сауран аудандық су мекемесіне жұмысқа орналасқан екен. Сонымен қатар, әлеуметтік және азық-түлік беру көмектері де алдағы уақытта жасау жоспарлануда.
Тұрақты жұмысқа орналасып, отбасын асырауына мүмкіндік алған Гүлден пробация қызметкерлеріне алғысын білдірді.
– Мен өзімнің жасаған қателігіме өкінемін. Қандай қиын жағдай болса да ұрлық жасау үлкен күнә екенін түсіндім. Жұмыссыздықтың салдарынан адам қателікке баратыны рас екен. Балаларым мұндай қателікке жол бермесе екен деп тілеймін. Алдағы уақытта адал еңбегіммен, маңдай теріммен тапқан тәтті нанымды балаларыма жегіземін деген сенімдемін. Мені тұрақты жұмысқа орналастырып, әлеуметтік, психологиялық көмек көрсеткен пробация қызметінің қызметкерлеріне алғысым шексіз, – деді Гүлден.
Шымкент қаласы және
Түркістан облысы бойынша
ҚАЖД қызметі