Сұрақ: Зікір салғанда трансқа түсу дұрыс па?
Жауап: Ислам дінінде Алла Тағаланы зікір ету (еске алу) – сауабы мол құлшылық амалдардың бірі. Сопылық танымы қазақтың діні мен дәстүрінде қастерлі саналатын діни-рухани ұғым екендігі белгілі. Сопылықтың ілімінің негізгі мақсаты – Жаратушыны тану мен нәпсіні тәрбиелейтін, мінез-құлықты көркейтетін, адамның ішкі жан дүниесін рухани кемелденуге жетелейтін жол.
Дәстүрлі Ислам танымы тұрғысынан алғанда, кейбір сопылардың трансқа түсіп, секіріп немесе айналып зікір айтып билеуі құпталған амалдардан емес.
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында бұл мәселеге қатысты нақты ұстанымдары бар.
Ислам тарихында Мұхаммед (с.а.у.) пайғамбар, оның сахабалары, кейінгі ислам ғұламалары да жиналып алып, трансқа түсіп, зікір салған деген деректер кездеспейді. Ислам тағылымы адамнан құлшылық ғибадат уақытында саналылықты, ақыл-естің бүтіндігін талап етеді.
Сүннетте зікірдің өз әдептері мен орны бар. Ал, айғайлап секіру немесе билеу бұл әдепке қайшы амал.
«Рағыд» сүресінің 28-аятында: «Міне, солар иман келтірген әрі Алланы еске алу арқылы жүректері жай табатын ізгі жандар. Ендеше, біліп қойыңдар! Жүректер Алланы еске алу арқылы ғана жай тауып, толық қанағаттанады!» – деген.
Демек, зікір айтудың шариғатта өз өлшемі бар, зікір саламын деп қалыпсыз жағдайларға түсіп қалмайық.
Икрам АЙТАЕВ









