Қызылордада 18 қазан – Рухани келісім күніне орай рухани құндылықтарды дәріптеуге, қоғамдағы татулық пен тұрақтылықты нығайтуға арналған дөңгелек үстел өтті.
«Анаға тағзым» орталығында ұйымдастырылған «Рухани келісім – бейбітшілік пен бірліктің негізі» атты басқосу барысында қоғамдағы өзара құрмет, этносаралық және конфессияаралық келісім, сондай-ақ бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығы талқыланды.
Іс-шараның басты мақсаты – өңірдегі қоғамдық келісімді нығайту, азаматтарды ортақ рухани құндылықтар төңірегінде топтастыру және түрлі этнос пен діни конфессия өкілдері арасындағы өзара түсіністікті дамыту. Дөңгелек үстелге облыстық дін істері басқармасының басшысы М. Қазбекова, ҚР ҰҚК-нің терроризмге қарсы дайындық жөніндегі офицері Бауыржан Шоманов, PhD докторы, дінтанушы Бауыржан Ботақараев, теолог-дінтанушы Далелхан Оспанов және діни бірлестіктер клубының мүшелері қатысты. Басқосу барысында рухани келісімді қалыптастыру мен сақтаудағы мемлекет пен діни институттардың рөліне ерекше назар аударылды. Қатысушылар көпұлтты қоғамдағы бірлік пен өзара түсіністіктің маңызын сөз етіп, діни тұрақтылықты қамтамасыз ету, қоғамдық татулықты сақтау және ізгілікке негізделген құндылықтарды кеңінен насихаттау жөнінде пікір алмасты.
Сонымен қатар, қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді нығайтуға үлес қосып жүрген бірқатар азамат облыс әкімінің алғысымен марапатталды. Іс-шараның жалғасы ғалымдардың баяндамаларына негізделген оқыту курстарына ұласты. Рухани келісім – қоғамның тұрақты дамуы мен ел бірлігінің маңызды негіздерінің бірі. Әртүрлі көзқарас пен сенім өкілдерінің өзара құрмет пен түсіністік жағдайында өмір сүруі қоғамдық татулықты нығайтып, ортақ мақсаттарға жетуге жол ашады. Басқосудың негізгі түйіні де осыған саяды: бейбітшілік пен бірлікті сақтау, қоғамдағы өзара құрмет пен келісімді нығайту – баршамызға ортақ жауапкершілік.
Балауса СЫЗДЫҚОВА,
Қызылорда облысы дін істері
басқармасы «Дін мәселелерін
зерттеу орталығының» бөлім басшысы










