Сұрақ: Исламда кәсіппен айланысу туралы не айтылған?
Жауап: Ислам – адал мен арамның аражігін ажыратып берген дін. Алланың адал етіп берген ризық-несібесі өте көп. Адам бір кәсіпті меңгеріп адалынан еңбек етуі ризқын арттырады. Тарихта пайғамбарлардың өзі де сауда-саттықпен, шаруашылықпен, кәсіппен айналысумен қатар, өзгелерге де адал еңбек етіп, кәсіп жасауды насихат еткені белгілі.
Исламда кәсіп иесі болу сауапты іс саналады. Кәсіп иесі болу тек өзін асырау емес, басқа адамдарды жұмыспен қамту және қоғамға қажетті өнімдер ұсыну тұрғысынан үлкен жауапкершілікті іс.
Шариғатта адал еңбекпен мал табу, кәсіппен айналысу құлшылықтың бір түрі ретінде бағаланады. Кәсіппен айланысқанда арақ-шарап, құмар ойындар, өсімқорлық сынды тыйымдардан алыс болуға, сауда-саттықта таразыдан жемеуге, пайыздық несиелер мен өсімқорлық мәмілелерден алыс болуға, адамның еңбекақысын уақытылы беруге, белгілі бір байлық деңгейіне жеткенде мал-мүлкінен мұқтаждарға зекет береу сынды дүниелерге мән берген дұрыс.
Пайғамбарымыз (с.а.у.) хадисінде: «Бір-біріңе көреалмаушылық пиғыл танытпаңдар, бағаны көтермеңдер, бір-біріңнен теріс айналмаңдар, жақтырмауды доғарыңдар, бір-біріңнің саудаларыңның үстінен сауда жасамаңдар және бір-біріңе бауыр болыңдар», деген. Демек, кәсіп иесі болып, қоғамға пайда тигізу сауапты амалдардың бірі екен.
Икрам АЙТАЕВ











