Дін талабы тас түйін, алайда оны ақыл ғана жұмсартады. Өйткені исламның табалы бойынша Аллаға амал әрекетпен ғана ұнамайсың, Одан бұрын ниет жөнді болуы керек. Мәселен, бір адам ислам талаптарын қатаң ұстаймын деп қоғамнан бөлініп, заман ығына қарсы есіп, заң мен талаптарды мойындамай, әсіре діншілдікпен жаман жағынан көрінуі мүмкін. Онымен қоймай қоғам ішіне іріткі салып, бүлікке бастап кетсе. Бұл дін көрсеткен жол емес, бұл дінді жаман етіп көрсетуді мақсат еткен ібілістің ісі болып шыға келеді. Мұндайда қазақ мұсылман болу әсте-әсте деп сипаттаған.
Негізі елдің ішіне діни талаптарды тарататындар түрлі идеологиялық ағымдар, радикалды топтар екенін жақсы білеміз. Олар адамның ойына, дүниетанымына әсер етуге тырысады. Сөйтіп өз әскерлерін әр елде жасақтап, күшейген уақытта сол мемлекеттің өзін бопсалайды. Жерін, жер асты байлығын тіпті билігін алғысы келеді. Яғни, радикалды адамдарды көбейту арқылы түрлі бүлікті жасатады.
Ал, сол радикалды сенімнің ізінде исламды насихаттап жүрміз дейтіндер қылмыскер, отанға опасыздық жасаған болса, діни тұрғыдан алғанда бүлікші болып шыға келеді. Осындай кезеңде саналы ойлау – адамның ең мықты қорғаны болмақ.
Саналы ойлау дегеніміз – әрбір ақпаратты сүзгіден өткізу, дәлел мен дәйекке сүйену, эмоцияға берілмей, ақылмен шешім қабылдау. Ең бастысы діни талаптарды қанша жыл ұстанып келген бабаларымыз қалай тұтынғанына қарау керек. Себебі, ислам шариғаты еш өзгермейді. Сол қағидаттарды еш өзгеріссіз ғұламалар елімізге биімдеді. Соған назар салу керек. Ол дәстүрлі исламда, салт пен санамызда тұр.
Дін – адамзат тарихында маңызды рөл атқарған рухани құбылыс. Алайда, кез келген идея немесе сенім жүйесі дұрыс түсіндірілмесе, немесе оны белгілі бір топтар өз мүддесіне пайдаланса, ол қоғамға зиян келтіруі мүмкін. Мәселе діннің өзінде емес, оны бұрмалап, адамдарды қорқыныш, өшпенділік немесе соқыр бағыну арқылы басқаруға тырысатын ағымдар құртады.
Саналы ойлау адамды радикализмнен, фанатизмнен және манипуляциядан қорғайды. Егер адам кез келген уағызды, шақыруды немесе ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдаса, ол оңай алданбайды. Ол: «Бұл пікірдің дәлелі бар ма?», «Бұл ақпарат қайдан шықты?», «Бұл ой қоғамға пайда әкеле ме, әлде іріткі сала ма?» деген сұрақтарды өзіне қояды.
Кей жағдайда кейбір адамдар діни ұрандардың ықпалына түсіп, қоғамнан оқшауланып, өзгелерді «дұрыс» және «бұрыс» деп бөле бастайды. Мұндай көзқарас қоғам бірлігін әлсіретеді. Саналы ойлау керісінше, төзімділікке, диалогқа, өзара құрметке жетелейді.
Білім алу – сананы қорғаудың тағы бір маңызды жолы. Ғылым мен білім адамға әлемді тереңірек түсінуге көмектеседі. Білімді адам кез- келген идеяны тексеріп, салыстырып, логикалық тұрғыдан бағалай алады. Бұл оны жалған ақпарат пен радикалды насихаттан сақтайды.
Сонымен қатар, саналы ойлау – адам еркіндігінің негізі. Өз ойы бар, сыни пайымы қалыптасқан адам ешбір идеологияның соқыр құралына айналмайды. Ол өз таңдауын саналы түрде жасайды. Сондықтан дін талаптары қатып қалған қағидат емес екенін, ақыл мен санаға салса өзіне де, қоғамға да, дінге де тіпті өзге дін мен дін ұстанушыларға ұнауы тиіс. Сонда ғана діни ұстанымыңыз дұрыс болады. Алла адамды барлық мақұлықтан артық жаратқандағы сана мен ақылдың болғаны екенін ұмытпа.
Сәкен АЛДАШБАЕВ








