Жарапазан сөзінің түбірі «Жә-Рамазан», яғни «Рамазан келді» деген ұғымды білдіреді. Ертеректе қазақ ауылдарында бұл жыр қасиетті айдың келуін сүйіншілеп, жұрт болып айтылатын игі дәстүр болған. Соңғы жылдары елімізде осы дәстүр қайта жаңғырып келеді.
Бүгінде жарапазан жыры өңірімізде де кеңінен орындалып, көпшілік қауымның қызығушылығын арттыруда. Өлең жолдары Ораза ұстаған жандарға құрмет білдіріп, олардың ниеттерінің қабыл болуын тілеп, қасиетті айдың қадір-қасиетін насихаттайды.
Бүгін Қостанай қаласында аталған дәстүр кең көлемде аталып өтті. Шара барысында имамдар жамағатқа Рамазан айының маңызы мен жарапазан жырының тәрбиелік мәні туралы насихат айтты.
Ұлттық киім киген ақ жаулықты аналар мен өнерпаздар жарапазан жырын нақышына келтіре орындады. Оған куә болған жастар тағылым алып, ұлттық дәстүрге деген құрметін арттырды.










