Сұрақ: Өзге діндегілермен қатынасымыз қандай болу керек?
Жауап: Ислам – ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік діні. Дәстүрлі Исламның қағидаттарында толеранттылық пен рухани келісім аса маңызды. Дінаралық татулықты сақтау талабына исламда баса мән берілген. Басқа дін өкілдерімен тату-тәтті қарым-қатынаста болу – ислам шариғаты бұйырған іс-амалдардан.
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) тағылымды дүниесі толеранттылық талабына сай келеді. Хадисте: «Мұсылман – өзгелер қолы мен тілінен зиян көрмеген адам» деген.
Қазіргі таңдағы радикалды діни топтар «Біз Алланың таңдаулыларымыз», «Біз жұмақта, өзгелер тозақта» деген сеніммен өз мақсаттарына жету жолында Құран аяттарын үзіп-кесіп, орынсыз түсініктемелерімен қоғамға кері әсерін тигізіп жүр. Мұндай діни топтар шынайы мұсылмандар санатынан емес.
Демек, өзге дінді жек көріп, дінараздық алауыздыққа бой алдыру шариғат құптаған амалдардан емес. Керісінше Исламның негізгі талаптарының бірі – «Өз дініңе берік бол! Өзге дінді құрмет тұт» деген қағида. Діни тұрақтылықты сақтау баршаға міндет екен.
Икрам АЙТАЕВ










