Сахаба Әбу Саид (р.а.) былай деп баяндайды:
Алла Елшісі (с.ғ.с.) айтты:
«Сендерден бұрын өмір сүрген қауымдардың арасында тоқсан тоғыз адамды өлтірген бір кісі болған екен. Бір күні ол жер бетіндегі ең білімді адамды іздестіріп, сұрақ сұрағысы келді. Оған бір монахты (рахибті) нұсқады. Әлгі кісі оған барып:
– Мен тоқсан тоғыз адамды өлтірдім. Мен үшін тәубе етуге мүмкіндік бар ма? – деп сұрған екен.
Монах:
– Жоқ, саған тәубе жоқ! – депті.
Сонда әлгі адам оны да өлтіріп, кісі өлтіру санын жүзге жеткізіпті.
Ол тағы да жер бетіндегі ең білімді адамды сұрай бастады. Оған бір ғалымды көрсетеді. Ғалымға келіп:
-Мен жүз адамды өлтірдім. Мен үшін тәубе бар ма? – деп сұрады.
Ғалым оған:
– Әрине, бар! Сенің тәубеңе кім тосқауыл бола алады? – деді де, былай деп жауабын толықтырады:
– Бірақ сен пәленше жерге көшіп баруың керек. Ол жерде Аллаға құлшылық ететін адамдар бар. Сен де солармен бірге Аллаға ғибадат жаса. Өз еліңе қайта оралма. Өйткені ол жер – жаман мекен.
Әлгі адам жолға шықты. Алайда жолдың жартысына жетпей жатып, ажал періштесі келіп, оның жанын алды. Сол сәтте рахмет періштелері мен азап періштелері оның жайында пікір таластыра бастады.
Рахмет періштелері:
– Ол тәубе етіп келе жатқан еді. Жүрегімен Аллаға бет бұрған болатын, – десе, ал азап періштелері:
– Ол өмірінде бірде-бір жақсылық істемеген, – депті.
Олар осылайша таласып тұрған кезде, адам кейпіндегі бір періште келіп, таласып келе жатқан періштелер оны төреші етіпті.
Төреші болған періште:
– Оның шыққан жері мен бармақ болған жерінің арақашықтығын өлшеңдер. Қайсына жақынырақ болса, соған тапсырыңдар, – деді.
Өлшеп қараса, ол баруды қалаған ізгі жандар мекеніне бір қарыс жақынырақ екен. Сонда оны рахмет періштелері жұмаққа алып кетіпті» (Бұхари, Әнбия 50; Муслим, Тәубе 46 (2766); Ибн Мәжа, Дият 2 (2621).
Алланың жаратқан мақлұқтарының ішінде мүлде күнә жасамайтын жаратылыс иесі періште. Ал азғын, тәубесі қабыл болмайтын жаратылыс иесі шайтан. Адам баласы періште де емес, шайтан да емес, бірақ нәпсімен жаратылған. Нәпсі болғандықтан адам жақсы мен жаманды, күнә мен сауап амалды жасайтыны анық. Қателікке бой алдырмайтын, күнә жасамайтын пенде жоқ. Алайда жасаған күнәсі үшін тәубе етіп, Алладан кешірім сұрай білген адам жақсы адам болмақ. Яғни ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) былай деген: «Адам баласының бәрі қателік жасайды. Солардың ішіндегі ең жақсылары жасаған қателіктері үшін тәубе ететіндері», – деген (Ибн Мажа, зуһд 30). Демек күнә істемейтін, қателікке бой алдырмайтын пенде болмайды. Өкінішке орай кейбір жандар өздерін күнәсізбіз деп санауы қателік екенін білуі тиіс. Адам күнәсіз болса, оның жаратылу мақсаты қалмайды. Себебі күнәсіз жаратылыс иесі періште. Адамның жаратылу мақсатының бірі күнә істеп, жасаған ісі үшін Жаратушыдан кешірім сұрап, тәубе етуі керек екен.
Дайындаған – Тұрар ТҮГЕЛҰЛЫ








