Адамдар, әсіресе, мұсылман үмбеті тәні мен киімінің тазалығына мән бергендей, тілінің де тазалығына мән беруі тиіс. Себебі тіл – жүректің айнасы, жүрек қаншалықты таза болса, тілден де соншалықты көркем сөз шығады. Алла Тағаланың жаратылыстарының ішінде адамға берілген нығметтің саны шексіз екені мәлім. Орнын ешнәрсе толтыра алмайтын да бағалы нығметтер бар. Соның бірі – осы сөз, сөйлеу нығметі. Бұл жөнінде қасиетті Құран Кәрімдегі «Рахман» сүресінің алғашқы аяттарында: «Рахман, (Алла)! Құранды үйретті. Адамды (жоқтан) жаратты. Оған сөйлеуді үйретті», – деп баяндалған.
Айналамызда бір ауыз сөз айтуды армандап жүрген жандар бар екені белгілі. Бұл әрбір мұсылманды ойландырып, сөйлеу нығметін берген Аллаға шүкір ету керектігін еске салады. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, барша адам баласы жақсы сөз сөйлеп, оны өзінен кейінгілерге де үйретіп отыруы тиіс. «Сөз – сен сөйлегенше сенің тұтқының, сөйлеген соң сен – оның тұтқынысың» деген сөздің де жаны бар. Мұндайда бабаларымыз айтылған сөзді атылған оққа теңеп, не айтсақ та, ойланып сөйлеуді өсиет еткен.
Тілдің қызметі сөйлеу болғанмен, оны дұрыс қолдана білу де – өнер. Пайғамбарлардың мырзасы Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмір жолы жайлы жазылған сира кітаптарында оның шешен бола тұра аз сөйлеп, көп ойланатын, көп сөздің орнына дөп сөйлеп, тыңдаушыға ерекше әсер қалдыратын тұлға болғаны баяндалады. Оған қоса, уәдеге беріктігі, бір сөзділігі баршамызға үлгі. «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірсе, жақсы сөз сөйлесін немесе үндемесін» деген өсиеті – жақсы сөз сөйлеудің маңызын айқындайтын хадис.
Қазіргі технология дамыған ақпарат дәуірінде тек тіл ғана сөйлеу құралы саналмайды. Әлеуметтік желілерде жазылып жатқан әрбір сөздің, пікірдің де сұрауы барын естен шығармаған жөн. Өкінішке қарай, ар-намысқа тию, көрінгенді мазақ қылу виртуалды әлемде үдеп барады. Өзін мұсылман санайтын әрбір жан бұдан аулақ болуы керек. Жақсы сөз жазуға шамасы жетпесе, үнсіз қалғаны ләзім. Хәкім Абай: «Көп айтса көнді, жұрт айтса, болды – әдеті надан адамның» деп айтқандай, дүрмекке еріп, ойына келген сөзді пікір қылып жаза беру, адамды мазақ қылу – мұсылман баласына жат қылық.
Алла Тағала Құран Кәрімдегі «Ахзаб» сүресінің 70-аятында мұсылмандарға: «Уа, иман келтіргендер! Алладан қорқыңдар да дұрыс сөз сөйлеңдер», – деп бұйырады. Демек, отыз тістен шығатын сөзіміздің отыз рулы елге тарайтынын естен шығармай, жақсы сөз айтып, дұрыс сөйлеуге әдеттенуіміз керек. Бүгінде қазақ халқының имам-молдаларға қатысты нақыл сөздерін басқа мағынаға бұрып, дін қызметкерлерін жөнсіз айыптап, қаралап жатқан жағдайларды да көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Танымал тұлғалардың да шығармашылығы, еңбек жолынан гөрі жеке өмірі жиі талқыланып, ақиқаты мен жалғаны белгісіз ақпараттарға желі қолданушылары пікір білдіріп отырады. Бұл тұста екі үлкен күнә адамдар арасында кең тарап кеткенін байқаймыз. Біріншісі – жақсы сөз ғана қолдану немесе үнсіз қалудың орнына көппен бірге әлеуметтік желіде ойына келген сөзді жазу. Ал екіншісі – өзіне қатысы жоқ сөзге араласу. Ардақты Пайғамбарымыз бір хадисінде: «Көркем мұсылманның белгісі – өзіне қатысы жоқ нәрсені тастауы», – деп айтқан.
Тілге, сөзге қатысты күнәлардың қатарына ғайбат, өсек пен өтірік айту, бос сөз сөйлеуді жатқызамыз. Адамдар арасында сенімсіздіктің тууына, араларының бұзылуына, бүкіл бір қоғамға зардабы тиетін үлкен күнәлі істердің бірі – ғайбат айту. Ғайбат – бір адамды ол жақтырмайтын істерімен еске алу. Ғалымдардың бір ауызды келісімі бойынша ғайбат харам істердің қатарына кіреді. Сондай-ақ оның күнәсі ғайбаттаған адамның кім екендігіне және қалай деп ғайбаттағандығына байланысты әртүрлі дәрежеде болатынын айтқан.
Ауыр күнә саналғандықтан ғайбат айтып қойған адам алдымен тәубе етіп, Алладан жарылқау тілеп, өкініп, оған қайта бармауға шешім қабылдауы керек. Екіншіден, ғайбат өзгенің абыройына нұқсан келтіру болғандықтан, ол сөз ғайбатталушыға жеткен жағдайда оның алдынан өтіп, кешірім сұрау керек. Егер ғайбат ғайбатталған адамға жетпесе, қаншалықты жамандаған болса, соншалықты өзі үшін Алла Тағаладан жарылқау тілеп, ғайбаттаған адамы үшін де кешірім мен жақсылық тілеп дұға етуі тиіс.
Қасиетті Құранда ғайбат айту адам өзінің бауырының етін жеумен ғана емес, өлген бауырының етін жеумен салыстырылып, оның қаншалықты ауыр күнә екендігі түсіндірілген. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде бір адам екінші бір адамды ғайбаттаған кезде жағымсыз иістің шыққандығы турасында риуаяттар жеткен.
Ғалымдардың кейбірінен: «Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дәуірінде ғайбат-өсек айтылса, төңіректе жағымсыз иіс шығатын еді. Осылайша ғайбат-өсек айтылғаны білінетін. Ал, біздің дәуірімізде ғайбат айтылғанда жағымсыз иістің сезілмеуінде қандай хикмет бар?» – деп сұралғанда, былай деп жауап беріліпті: «Біздің дәуірімізде ғайбат-өсек көбейіп, мұрындарымыз ғайбаттың жағымсыз иісімен бітелген. Мысалы: Бір адам тері илеушілердің алдына кірсе, терінің жағымсыз иісінен олардың жанында тұра алмайды, бірақ ол жердің қызметкерлері жайбарақат жұмыстарын істеп, сол жерде тамақтанып, шай ішеді, өйткені олар сасық иіске әбден үйреніп кеткен. Біздегі қазіргі ғайбаттың жағдайы да тура осылай».
Ал өсек деп бір кісінің жағдайын оның рұқсатынсыз екінші бір кісіге араларына от салу мақсатында жеткізуді айтады. Бұған қатысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өсекші жәннатқа кірмейді», – деп айтқан (имам Бұхари, Мүслим).
Бұл хадисте ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсек айтқан адам мынадай күнә арқалайды демей, бірден жәннатқа кірмейді деп айтуынан өсек тасудың қаншалықты үлкен күнә екенін аңғаруымызға болады. Тағы бір хадисте Алла Елшісі екі қабірдің жанынан өтіп бара жатып: «Расында бұларды үлкен күнәлар жасағандары үшін азаптап жатқан жоқ. Дегенмен, бұлардың күнәлары ауыр. Оның бірі өсек тасыған болса, екіншісі өзінің зәрінен сақтанбаған», – деген (имам Бұхари). Хадистегі «Расында бұларды үлкен күнәлар жасағандары үшін азаптап жатқан жоқ» деген сөздің мағынасы, сіздер үшін үлкен күнә емес, бірақ Алланың құзырында бұл ауыр күнәлардың қатарында дегенді білдіреді.
Адамдар жақсы сөз сөйлеу арқылы қоғамда бірлік пен береке орнатып, араларында жылулық пен қарым-қатынасты сақтайды. Ал керісінше өсек, өтірік, жала жабу сияқты жаман, күнәлі сөздер көбейсе, қоғамда сенімділік жоғалып, берекетсіздік орын алады. Сондықтан да Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әрдайым тілге ие болуға шақырған.
«Мұсылман – өзге біреуге қолымен және тілімен зиян тигізбеген адам», – деп мұсылманға тән сипаттың бірі тілге қатысты екенін меңзеген (имам Бұхари).
Халқымыз: «Әдептің басы – тілді бағу» деп айтқандай, сөз әдебіне мән беру – мұсылман адамның басты сипатының бірі. Шәкәрім Құдайбердіұлының: «Сөзіңді түзе – әдетіңе айналады, әдетің – мінезіңе айналады. Мінезің – сенің тағдырың», – деген сөзінде де үлкен мән-мағына бар. Алла Тағала баршамызға жақсы сөз сөйлеп, игі істердің жаршысы, қоғамға, ел мен жерге пайдалы болуды жазсын, амин!









