Өмірдегі ең жаман нәрсенің бірі – құл болу. Құл болу – өзіңді қорлау. Еркіндігіңнен, абыройыңнан айырылу…
Көрініп тұрған сыртқы құлдық адамның қарсылығын тудырады. Ешбір адам басқа адамның құлы болып, өзімен мал немесе зат сияқты қарым-қатынас жасауын еш қаламайды! Қарсыласады, төбелеседі, соғысады, жан береді – бірақ шамасының жеткенінше ондай қорлық жағдайға көнбейді! Жеке адамды былай қойып, ұлттар өміріне, тарихқа қарасаңыз, соғыстардың көбі – құлдықтан құтылу үшін, егемен Ел болу үшін болған және бола береді де.
Сондықтан жалпы көпшілікті, қол астындағы халықты білдірмей құлдықта ұстау үшін «басқарушылар» құлдықта ұстаудың жаңа түрлерін ойлап тапқан. Бұндай құлдыққа түскендер өздерін «азатпыз, өз еркімізбен өмір сүріп жүрміз» деген негізсіз оймен алдайды. Өйткені: құлдықта екенін сезбейді. Сездірмейді – елдің бәрі солай өмір сүріп жатқан соң, бұл жағдай «норма» – қалыпты болып көрінеді…
Ақпарат сананы қалаптастырады, іштен ірілейді немесе ірітеді. Ақпараттық шабуылға-қысымға-алдауға ұшыраған адам: таптаурынды (стеоротипті) іс-әрекет пен «таңдау»-дың иесіне айналады; жасанды бақытқа (иллюзия) бөленеді; мәжбүрлі мақсаттардың соңына түседі; өзін тәуелсіз, еркін адам сезінеді. Бірақ жалған ақпараттың жетегінде кеткен пенде мына тұзақтардың біріне түскенін сезбей де қалады:
- Балалық санада қалып қою (инфантилизм дерті): «өзің – үлкен, қылығың – бала-шаға» (Абай), яғни жас ұлғайғанымен балаң санада, шалаң санада қалып қою.
- Тұтынушы: жасампаздық-шығармашылық қабілеттен жұрдай болып, тек қана «шығарушылардың» (шығарған заттарының, мәдени өнімдердің) тұтынушысына айналу.
- Темекі, арақ, наркотик, бейберекет жыныстық қатынас (инстинкттерге байлану) секілді рухани һәм тәндік денсаулыққа нұқсан келтіретін зиянды заттар мен әдеттердің құлына айналу.
- Әлеуметтік желінің «тұтқынына» айналу.
- Мода мен қоғамдық пікірдің тұтынушысы мен «жақтаушысына» айналу.
Сондай-ақ саясатқа «байлану, ақшаға, мәнсапқа (карьера), спортқа «құл болу», мәдениет тұтынушысына (кино көргіш, концертке барғыш, коллекция жинағыш, т.б.) айналу – яғни, бүкіл уақытын, қуатын, қаржысын аталған дүниелерге «иелік ету» үшін, сол арқылы өзін «бай» сезіну үшін сарп етуі. Өзін тануға, өзін дамытуға, мәнді-мағыналы дүниеге жұмсауға уақыт, ақша, күш-қуат (энергия) таба алмай қалуы; отбасы құндылықтарының төмендеуі, ақыр соңында түксіз қалуы: іште – бостық, санада – сапырылыс, бойдан қуат, жүректен намыс-жігер жоғалады. Қуыскеуде дерті күшейеді…
Осындай манипуляцияға ұшыраған жастардың ұраны – «Басымды ауыртқым келмейді! Оралыңның барында ойна да күл!» немесе «Ойланғым келмейді! Ойнап-күліп өмір сүрейік!» деген, бір қарағанда жанға (нәпсіге) жайлы сөздер. Бірақ түптеп қарасаң: санаға салынған ақпарат-вирустардың жемісі екенін көресің. Ойланбағаннан бақытты боп кеткен адам бар ма екен?..
Алғадай ӘБІЛҒАЗЫҰЛЫ










