Имам Шафиғи мен имам Ахмед ибн Ханбал екеуі бір-бірімен қатты араласып, дос болған екен. Сонымен бірге, имам Шафиғи имам Ахмедке ұстаздық та етіпті.
Екеуі бір күні сапарлап келе жатса, жолдарында қой бағып жүрген қойшы кездеседі. Сонда имам Ахмед имам Шафиғиге: «Осы қойшыны дінге шақырып, насихат етсек қалай қарайсыз?»деп сұрайды.
Имам Шафиғи: «Меніңше, ол дінді жақсы білетін, тақуалық жолындағы адамға қатты ұқсайды. Оған насихат айтпай-ақ қойсақ та болатын сияқты» деп жауап береді.
Сонда да имам Ахмед қойшыға барып, дін жөнінде біраз насихат айтады. Оны тыңдап болған қойшы: «Мен Сіз сияқты ғалым адам емеспін. Бірақ, өзіме жететін дәрежеде дінді білемін» дейді.
Имам Ахмед: «Ондай болса, осы жайып жүрген қойыңыздың зекетін қалай бересіз?» деп сұрайды.
Қойшы: «Сіз үйреткен шариғат бойынша қырықтан бірін беруім керек. Ал, менің дінді ұстануым бойынша, мен де, бұл қойлар да Алланыкі. Қандай да бір көмек беру жағдайы туындаса, жылына бір рет беруге қарамай бере беремін» деп жауап береді.
Имам Ахмед: «Ал, мәселен намаз оқып тұрғаныңызда, қанша рәкағат оқығаныңызды ұмытып, жаңылып қалсаңыз, қалай оқисыз?» деп сұрайды.
Қойшы: «Сіз үйреткен шариғат бойынша, егер намаз оқушы адам намазында жаңылып қалса, намазын азға есептеп, толықтырып оқып, сәһу сәжде жасайды. Ал, менің дінді ұстануым бойынша, адам баласы Алланың алдында намаз оқып тұрып, қалай намазынан қателеседі?» деп жауап береді.
Қойшының жауабын естіп тұрған имам Шафиғи мен имам Ахмед те оған ризашылықтарын білдірген екен.
Бұл әңгімеде білген адам үшін үлкен хикмет бар. Ешкімге біліміне қарап, баға беруге болмайды. Өйткены, қаншама адам ортамызда қарапайым болып жүргенімен, оқығанынан бұран тоқығаны көп тақуа жан болуы мүмкін.
Алла баршамызға білгенімізге амал етуді нәсіп етсін!
Қуат ҚАБДОЛДА










