Түркістан өңірінің Сайрамнан батысқа қарай созылған жотасында «Нанжемес» атанған қасиетті орын бар. Бұл атаудың арғы жағында тұрмыс таршылығы мен адам жанының тазалығы жайлы терең бір хикая сақталған.
Ел аштықтан титықтап, жердің өзі жүдеп тұрған ауыр кезеңде Құббықожа деген діндар кісі мердігерлік жасап, біраз нәпақа табады. Сол тапқан-таянғанын өз басына жұмсамай, елден бұрын қалаға барып, екі қап нан көтеріп қайтады. Қолында нан, жүрегінде «Елге жетсем, біреудің жанына араша түсермін» деген тілеу ғана.
Оның әрекетін көрген жұрт: «Аштық жайлаған заманда өзінен айырып, елге нан әкелген жанның жүрегінде қандай мейірім бар!» – деп таңғалыпты.
Сол ақ көңілді болмысына риза болған халық оны «Нан жемес» деп атап кеткен екен. Өйткені өзі аш болса да, елге жеткізу үшін наннан ауыз тимей, жол бойына да қимай, алып келе берген деседі.
Арада бірнеше жыл өтіп, ел ес жия бастағанда қалалық бір бай адам әлгі Құббықожаны іздеп келеді. «Нан жемес қайда?!» деп жүріп, ақыры, дидарласып, сұхбат құрады. Содан бері екеуі жүздескен осы жер «Нанжемес» аталып кеткен.
Ел аузындағы тәмсіл былай дейді: «Жүрегі жомарттың несібесі кең, өзіне қимай өзгеге бергеннің аты жерге де, көкке де жазылады».
Осы жер атының өзі – адамның мейірімі мен құрбандығы мәңгілік із қалдыратынын меңзейтін хикметті ишара болып тұр.
Айтқандай, Құббықожа екі перзентін ертіп, Мекке-Мединеге жасаған қажылық сапарында сертіне жетіп өмірден қайтқан көрінеді. Ол былай: Онда барлық рәсімдерді толық орындап болған соң, балаларын шақырып, қолайлы жерге қабір қаздыртады. Өзі де сол жерде қонып қалады. Бұларды сөзге келтірмей жөніне жібереді. Түнді тағатсыз өткізіп, таң намазы шыққан соң қайта келгенде, жан тапсырған күйінде көреді. Олар бұл жағдайды жергілікті билік пен шайхыларға хабарлап, олар да таң қалып, «Әулие екен» десіп, мұсылманшылықпен жерлейді. Сөйтіп, туған жері мен өсіп-өнгені Шымкент түбінде болса, «нан жемес» асыл сүйегі Қағбалы жақта қалыпты.
Абылайхан ҚАЛНАЗАРОВ










