Жұма, 5 Желтоқсан, 2025
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы
  • Кіру
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
Қазақстандағы Ислам
Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету

«Ас беру – өлгенге емес, тірілерге қажет» – Абылайхан Қалназаровпен эссе-сұхбат

25.08.2025
- Сұхбат
0
142
ҚАРАЛДЫ
Facebook-те бөлісуTwitter-де бөлісу

Қазақтың өмірінде ерте заманнан тұлғаларға ас беру дәстүрі ешқашан тек бір ғана діни рәсім болған емес. Ол – тұтас мәдениет, халықтың өзін-өзі танып, ұрпағына өнеге қалдыратын үлкен әлеуметтік мектеп. Кеңестік дәуірде біраз тұсауланса да, ас беру үрдісі жойылған жоқ. Қайта тәуелсіздік алғаннан бері ұлттық бірегейліктің басты рәміздерінің біріне айналып отыр.

Жуырда ғана Ақтөбе облысының Ойыл ауданында өткен ел қайраткері Сәрсенғали Балапашевтің еске алу асы – осы дәстүрдің бүгінгі заманғы үздік үлгісін көрсеткен айтулы іс-шара болды. Марқұмның ерен еңбегі мен ел алдындағы абыройы ескеріліп, үлкен жиын ұйымдастырылды. Ғұрып бойынша айтыс пен балуан күрес, ұлттық ойындар ұйымдастырылып, жергілікті халық бір жасап қалды. Дегенмен бұл астағы ерекшелік – белгілі күш мәдениетін зерттеуші, «Baluan tas» ұлттық спорт түрлері және мәдениеті академиясының құрылтайшысы Абылайхан Қалназаровтың онда «Күш лекциясын» жүргізуі еді.

Сапардан кейін ол әлеуметтік желіге: «Түркістанда көрмеген құрметті, Ақтөбеде көрдім. Төрт шапан киіп қайттым. Бірақ шапаннан да артық сый – ел-жұрттың «Күш лекциясына» деген шынайы ықыласы» деп жазды.

Осы әсерлі сапар, оның аясында қоғамдағы күлбілтелі мәселенің бірі – ас беру мәдениетінің қазіргі мәні мен орнын, сондай-ақ той-думанға лекция форматын кіргізу туралы біз Абылайхан Мамырайханұлымен әңгімелестік.

Расписание времени поста и намаза по городам Карагандинского региона

Ең ұлық амалдар

25.11.2025
Мейірім бар жерде береке болады

Мейірім бар жерде береке болады

25.11.2025

– Сіз көп өңірде болдыңыз. Бірақ Ақтөбе, оның ішінде Ойылдағы сапарыңызды әлеуметтік желіде де, одан бергі басқосуларда да ерекше сипаттап жүрсіз. Неліктен?

– Бәрі де академиямыздың жобаларының бірі «Күш лекциясы» жобасынан басталып отыр ғой. Осы жылдың басында Түркістандағы «Farab» әмбебап ғылыми кітапханасында аталмыш проектінің тұсауын кескен едік. «Тұсауын кесті» деген жай ғана аты. Белгілі бір билік иелері қызғанышқа басып, әбден кедергі келтіріп бақты. Менде арам ой жоқ. Мұндай бастама туған жерімнен, қасиетті шаһардан бастау алса деген ақ ниет қана болатын. Сосын ол жаққа өзім бармай, «шақырумен» бардым. Осы жағын да түсінсем, бұйырмасын! Алайда іс барысы елдің бәрі айтып жүрген шымкенттіктер туралы анекдоттағыдай болды. «Қатырамын» дегендер қатырмай, тіптен, жиында жүргізуші жоқ, өзіме жүргізуге тура келді. Барарын барып алып қатты өкіндім, тек шегінер жер болмады. Адам қарасы да азырақ. Өйткені ешкімге хабарламаған. Келгендердің өзі кездейсоқ естіп қалғандар мен өзім жеке шақырған жандар.

«Досы көпті жау алмайды» дегеннің мысалын осы жерде көрдім. Бірнеше дос-жолдас көрермен шақырып, кейіннен зал аузы-мұрнынан шығып, толып кетті.

Содан не керек, «Күш лекциясын» дүркіретіп бастап, мақсат-міндеттерін жариялап, ағыл-тегіл дәріс, сұрақ-жауап өтті. Жиналғандар ұнатып, оң пікірлерін, алғыстарын айтып жатты.

Бірақ бір «бірақ» бар. Елестетіп келгенімдей жоғары деңгейлі тұсаукесер болмағасын, «апробация өтті» деп қана БАҚ-қа ақпар тараттық.

Қызық кешке басталды. Әлгі дәріске қатысқандар бірінен соң бірі безектеп звондайды. «Тыныштық па?» десем, «Абылайханның лекциясына неге барасыңдар?» деп, бәріне жоғарыдан түсінік жазғызып жатыр екен.

«Ә дегенге, мә» деп, ұстаса кетуге тамаша мүмкіндік. Кімдер, қай деңгейде осыған түрткі болып жатқанын шамалап біліп алдым. Дейтұрғанмен екі ортада оқырман-тыңдаушылар күйіп кеткелі отыр: «Не істемек ләзім?».

Өзіме «сабыр, сабыр» деп, үнсіздік ұстап қалдым. Не де болса, әлдебіреулер Түркістанға масқараламақ болып шақырып, алайды жоспарлары іске аспай, ақысын қарапайым жұрттан алып жатқанын түсіндім. Әйткенімен «Отырар мен Шымкентте «Күш лекциясын» әрмен қарай жалғастырсам» деген лапылдап тұрған ықыласым, үстінен су құйғандай сап басылды.

Қапалық ұстап, бірақ сыр білдірмей, ауылға – Шәуілдірге бардым да ініммен әулие аралап кеттім. Арыстанбаб-Ясауи, Арыстағы Жекен Шайқыдан бастап, Жаңақорғандағы Қорасан баба, Сарыағаштағы Ер Дәуіт, Созақтағы Баба Түкті Шашты Әзізге дейінгі аралықта жол жүріп, тәуап етіп, құран оқып қайттым.

Тек көңілде дық қалды. «Назалану» деген дәл аты ма? «Farab» кітапханасы сайты мен әлемжелілерінде де іс-шара туралы бір ақпарат шықпаған. Мұны әкімдіктегі біраз таныстарға да жасырмай базына қылып айттым. Мұның алдында ғана «Шымкенттің жұмсақ күші» кітабы шыққандағы «иттіктері» анау, бұларға не жаздым?» дедім. Қайтарда Түркістандағы әуежей арқылы көкке көтерілдім. Ұшып бара жатып көкейде бір ғана ой: Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын?» деген аталы сөзі тыным бермеді.

Елордаға келгесін де тыныш жатқаным жоқ. Осы күш лекциялары аясында «Тоғызқұмалақ» халық ойыны халықаралық республикалық федерациясының президенті Әлихан Байменов ағамызбен біраз дәріс бердім. Тағы бірнеше мекемеде лекциялар болды. Сонда да бәрібір көңіл-күй болмады. «Басы қатты болған нәрсенің аяғы тәтті болуы мүмкін бе?» деген ауыр ойда жүрдім.

Енді мына қызықты қараңыз. Ақтөбеден шақыру келіп тұр. Жай шақыру емес, асқа шақыру. Ас аясында «Күш лекциясын» өткізуге шақыру. Содан жаныма халық арасында «Тас палуан» атымен танымал Арман Сүлеймен, әйгілі журналист Жамбыл Зейнолламен бірге тартып кеттік.

– Түркістандықтардың мұнысы қызық екен. Бұл оқиғаның басты кейіпкерлерінің есім-сойын тарқатып айта аласыз ба?

– «Бір ісіне қарасаң, жолында өлгің келеді. Енді бір ісіне қарасаң, қолында өлгің келеді» деген осы. Оны сол ұйымдастырушылардың арына қалдырдым.

– Қазақстан танитын, брендке айналған атыңыз бар. Әкімдікке немесе біреулерге тапсырмадыңыз ба?

– Мұндайға тап болғанның алды да, арты да мен емес. Сол ешкімге тапсырмай-ақ қояйыншы. Осы сапар да жетеді. Айталық, «Шіркін, біздің оңтүстікте «жоқ» деген сөз жоқ қой. «Болмайды» деген лепес те болмайды. Мысалы, «Қаратауды Алатауға қарай қырық шақырым жақындатып созып қою керек» деп айтыңызшы. Шымкенттіктердің кез-келген азаматы «Болды, көке, болады. Сіз келгенше Қаратауды Алатауға қосып қоямыз!» дейді. «Отказ» жоқ» дегенді бұл турасында тірісінде ауылдасым, белгілі сатирик Көпен Әмірбек. Ал бұған қатысты марқұм, жерлес жазушы Дулат Исабековтің де: «Ара-арасында «Көке не тапсырма бар?» деп сұрап қалатындары бар. Бір-екі тапсырмаңды айтасың. Келесі жолы тағы барғанда шығарып салып тұрып: «Өткен жолы айтып едім, соны орындамадың ғой» десең, «Көке, ол ескіріп кетті ғой, жаңасын айтыңызшы» дейді. Қалай ренжірсің? Күлесің де қоясың. Кейбіреулер осыған қарап, «шымкентшелеп» кетті деп кінә артады. Бәлкім оның қолынан келмей қалып, айтуға ұялып тұрған шығар» дегені бар.

Өзімнің де жерлестеріме: «Жоқ» деп айт, қолдан келмесе, «болмайды» дегін! Дәл бұдан ішіңе жоқ түсіп кетпейді. Тіптен, рабайсыздардың да қолжаулығы болма» дегім келеді. Мен мұнда елдің жоғын жаңғыртам деп жүрсем, балағыма жармасып жүр де…

– Қош, бұл жағынан «Едігеден бастасам, Ертегіге кетермін» болып тұр екен. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, Ақтөбе сапарын айтсаңыз.

– Әр аймақтың өзіндік ерекшелігі бар. Түркістан – біздің рухани орталығымыз, тарихтың алтын қазығы. Ол жерде мен көбінесе ғылым, тарих, мәдениет саласында ой бөлісетін кездесулерге қатысамын. Ал Ақтөбеде халықтың шынайы ықыласын әуежайдан түсе сала ерекше сезіндім. Ақтөбе топырағының энергетикасы да бірден оң қабылдап, баурап қоя берді.

Одан әрмен Арекең-Жәкедермен қаланы шарлап, жолға да шығып, Әлия Молдағұлованы тудырған Қобданы да, басқасын да көріп, астың өзіне де жетіп, талай қызықтарға куә болдым.

«Орамал тонға жарамаса да, жолға жарайды», ондағылар маған бір емес, төрт шапан жапты. Қазақ үшін бұл – ең үлкен құрмет. Бірақ мәселе шапанда емес. Ол – символ. Халықтың: «Сөзің жүрегімізге жетті, еңбегіңді бағалап отырмыз, жолың дұрыс» деген аманаты сияқты. Сондықтан да мен әр жерде: «Түркістанда көрмеген құрметті, Ақтөбеде көрдім» деп айтып жүрмін.

Шапан – сыйлық емес, сенім. Ал сенімді сезіну – кез келген марапаттан да жоғары емес пе?

– Сіздің «Күш лекцияңыз» дәл ас үстінде өтті ме? Бұл формат көпшілікке өте ме екен? – Өткенде қандай! Дәріс беріп қана қоймадым. Мен батырлық пен палуандықтың теориясын айтсам, Арман Сүлеймен практикасын қолма-қол көрсетіп жатты. Бірінің үстіне бірі қаланып, тізілген жеті кірпішті бір ұрып сындырудан бастап, лом майыстыру, шеге ию, таға бұрау және басқа да күштік ойындар көрсетілді. Мұны бір жерде емес, бірнеше жерде, кейіннен Спорт мектебінде де, Ақтөбе қаласы спортшыларымен кездесуде де қайталадық.

Қазақ үшін ас – ең үлкен халықтық жиын. Ас кезінде дастархан жаю бар, ұлттық спорт бар, ән-күй, айтыс бар. Шындығында, ас – халықтық этнографиялық ашық энциклопедиясы. Өз кезегінде, мына көрініске ақтөбелік-ойылдықтар таң-тамаша болып, «Баяғы Балуан-Шолақ-Қажымұқандар тіріліп келді ме?!» деп, қатты қанаттанып рухтанды.

Енді ас себебіне келсек, Сәрсенғали Балапашевтың асының үстінде сөз сөйлеу мен үшін үлкен жауапкершілік болды. Ол кісі – 1941 жылы туған, бар ғұмырын ауыл шаруашылығына арнаған, Жекенді кеңшарының іргетасын қалаған адам. Оның басқаруымен үйлер, мектеп, балабақша, мәдениет ошақтары, мал баздары салынып, ауылдың әлеуметтік келбеті өзгерді. Біле білгенге, бұл – күштің ең үлкен көрінісі.

Сондықтан мен жастарға: «Күш дегеніміз тек білектің қуаты емес. Күш – адалдықта, еңбекқорлықта, жауапкершілікте» деп айттым. Сәрсенғали ағаның өмірі осының жарқын дәлелі. Оның күші – қолындағы билікте емес, елге деген алғаусыз махаббатында. Оны да лекциямен байланыстырып, қадап айтумен болдым.

– Лекцияға қатысты нені байқадыңыз?

– Ас үстіндегі лекцияға келсек, халықтық университеттің дәрісі іспетті болды. Өйткені ол жерде айтылған сөзді бір ауыл емес, тұтас өңір тыңдады. Сайыс пен жарысқа атыраулықтар мен оралдықтар да келген-ді. Бүтін батыс жүрді. Ал осындайда қалай көсіліп сөйлемеске?! Бұл – тәрбиенің ең ықпалды жолы. Қалай дегенде де, өзім үшін алдағы іс-шараларға көп ой түйіп қайттым.

– Қазір қазақтың шапан жабу дәстүрін күстаналайтындар бар. Бұған не дер едіңіз?

– Жаңа айтып өттім ғой. Тағы қайталанайын деп отырмын. Сонда да айтайын. Әр шапанды мен жеке сыйлық деп емес, аманат деп қабылдадым. Арекең-Жәкеңдермен бөлісіп кидік.

Біріншісі – адалдық аманаты.

Екіншісі – еңбек аманаты.

Үшіншісі – елге қызмет аманаты.

Төртіншісі – ұрпаққа өнеге аманаты.

Қазақта «шапан жабу» – құрметтің ең жоғарғы түрі. Ал төртеуін қатар кигізу – маған артылған сенім. Бұл – «Сен халыққа қажетсің, жолыңнан тайма» деген сөз. Астанаға Голливуд жұлдыздары келгенде де жабылған шапан «мем» болуға емес, талай тұлғаға дем болуға жарайды.

Мәдениеттанушылық тұрғыда айтсам, шапан кигізу – дәстүр ғана емес, символдық тіл. Ол арқылы халық сенімін білдіреді. Мен сол сенімді ең ауыр әрі ең тәтті жүк ретінде қабылдадым. Кім не десе, о десін, бұл ғұрыптан айырылып қалмауымыз керек. Тек ол шапандарды сән үшін емес, тұрмыс үшін лайықтап, күнделікті киетін нұсқаларын айналымға қосу керек.

– Сіздің сол сапардан кейінгі әлеуметтік желіге салған «Ас – өлгенге емес, тірілерге қажет» деген сөзіңіз қоғамда кең талқыланды. Мұны тарқатып айтсаңыз.

– Ас дегеніміз – халықтың өз болмысын көрсететін ең терең дәстүрлердің бірі. Көпшілік оны тек марқұмға бағышталған шара деп түсінеді. Әйтсе де оның мәні әлдеқайда ауқымды, түсіне білгенге.

Ас – ең алдымен, әлеуметке қажет. Өйткені ас кезінде жастар үлкендердің әңгімесін тыңдайды, ұлттық спортты көреді, әдет-ғұрыпқа куә болады. Ас – ұрпаққа сабақ. Керек десеңіз, ас – өткенді еске алу ғана емес, болашақты тәрбиелеу. Солай!

Қазақтың бір ерекшелігі – «Өлі риза болмай, тірі байымайды» деп біледі. Бірақ оның ар жағында үлкен педагогика жатыр. Ас арқылы халық өзінің бірлігін бекітеді, өткеннен өнеге алып, болашаққа бағдар жасайды.

Ас деген кімге беріледі? Қай заманда да хан, батыр, би, әулие яки ақын-жыршы, палуан, бір сөзбен, тұлғаға беріледі. Бұл болса, әрқашан да сол тұлға тағылымы арқылы қоғамды жүктеп, бағдарламалауға зор мүмкіндік. Мысалы, Сәрсенғали ағаның асының үстінде біз оның әруағын тербетіп, еңбегін еске алдық, сонымен бірге жастарға адалдық пен еңбекқорлықтың құнын түсіндірдік. Бұл – тәрбиенің ең ықпалды түрі. Сондықтан мен: «Ас – өлгенге емес, тірілерге қажет» деймін.

– Бүгінгі қоғамда ас беру дәстүрі кейде сынға да ұшырайды. «Қымбат, ысырап» деген пікірлер бар. Сіз бұл мәселеге қалай қарайсыз?

– Бұл – орынды сұрақ. Әрине, кейде асыра сілтеу бар. Кейбіреулер ас беру дәстүрін «Ата-баба намысы, ағайын намысы қайда?!» деп, руаралық немесе ауыларалық жарысқа айналдырып жатады. Бірақ дәстүрдің түпкі мәнін дұрыс түсінуіміз керек.

Ас – тек дастархан жаю емес, ұлттың өзін-өзі тану институты. Онда тарих бар, мәдениет бар, спорт бар, ән-күй бар. Бұл – ұлттық идентификациялық тірі театр.

Мәселе – ысырапта емес, мәнінде. Егер ас тек дастархан жаю мен ішіп-жеуге айналса – онда ол шынында да ысырап. Егер ас тәрбиелік мәнге, ұлттық болмысқа қызмет етсе – ол ұрпаққа өнеге.

Сондықтан біз ас беру мәдениетін қайта зерделеуіміз керек. Оны ысырапшылдықтың құралы емес, ұлттық идеология мен ұрпақ тәрбиесінің алаңы етуіміз қажет. Бұл ретте мен осы Ойылда өткен асты үлгілік эталон мен стандарт ретінде ұсынған болар едім. Рас, оңтүстіктегі қайсыбір көкпар мен бәйге беретін, қымбат көліктер тігілетін ірі астардағыдай болмаса да, жаңа заманға қарулануға алуға болатындай формат десем, артық айтқандық емес.

Бәрін айт та, бірін айт, қазір өзім де Астанада Алаш тұлғасы Нәзір Төреқұловтың музейін ашып, мүсінін орнататын, қала берді асының ұйымдастыру тобындамын. Ол кісі ұрпақсыз кеткен. Біз сияқты жақын ағайындары ғана бар. Тиісінше, осы аста да Ойылдағы ойға түйгендерімді аға-бауырларыма ұсынып жатырмын.

– Қазақтың дәстүр-ғұрыптары – ұлттың жаны, рухани қазынасы. Бірақ кез келген мәдениет сияқты ол да уақытпен бірге өзгеріп, бейімделіп отыруы тиіс. Осыған қосыласыз ба?

– Дұрыс айтасыз. Қазақ дәстүрлерін жаңа заманға лайықтау қажеттілігі аса өзекті.

Меніңше, біріншіден, дәстүрдің мәні – ұрпаққа қызмет ету. Қазақтың тойы да, асы да, қонақасысы да әу басынан – бәрі халықты біріктіру, тәрбие беру, әлеуметтік байланыстарды нығайту үшін жасалған. Басты миссиясы – тіршіліктің мәнін ұрпаққа жеткізу. Сөйтсе де уақыт өзгерген сайын тұрмыс жағдайы да, қоғамның өмір салты да өзгереді. Дәстүрдің мәнін сақтап, формасын бейімдеу – бүгінгі басты міндет.

Екіншіден, той – қуаныштың емес, жарыс алаңына айналып кетті. Ол да бар. Қазақ үшін той – қуанышпен бөлісудің символы. Тек соңғы жылдары тойдың мақсаты өзгеріп барады: ысырапшылдық, бәсекелестік, «шамасына қарамай тыраштану» жиі байқалады. Бұл дәстүрді әлсіретіп қана қоймай, халыққа әлеуметтік салмақ түсіріп отыр да… Мәселен, қарызға батып той жасау, шектен тыс даңғаза һәм ұлттық мазмұнның азаюы мен шоу элементтерінің көбеюі үлкен проблема. Бұл – дәстүрдің құнсызданған түрі. Ендеше тойды жаңа заманға сай қайта қарау қажет.

Үшіншіден, дәстүрді жаңғырту – мәнін сақтап, формасын өзгерту. Ақтөбеде «Күш лекциясы» халыққа неге өтті? Себебі, ол бұрынғы би-шешен, жыраулардың үрдісін қайталады. Ілгеріде өткен батыр-палуандардың естелігін қозғап, тәлім-өнегесін жеткізіп, рухтандырды.

Міне, жаңа заманға лайықтау дегеніміз – дәстүрдің түпкі рухын жоғалтпай, қоғамға ыңғайлы етіп қайта бейімдеу деген осы емес пе?

Ас беру – ысырапсыз, ләкін осылай қуатты да рухани әңгімелер қозғалып мән-мағыналы өтуі керек. Тек қазан-ошақ айналасы емес, сол тұлғаның өнегесін насихаттайтын күштік мәдени іс-шаралар ұйымдастырылса құба-құп. Себебі күш мәдениеті біздің генімізде бар. Қазекең басқаға селт етпесе де, батыр-палуан дегенде шыдап тұра алмайды. Сондықтан да тойда дәстүрлі ән-күй, салт-дәстүрмен қатар күш ойындары элементтері көбірек орын алып, ұлттық рухты көтерсе, ол бос әурешіліктен құтылар еді. Содан соң, қонақ күту – дастарханның молдығымен емес, ықылас-пейілмен өлшенуі керек. Талай жерге барып, табаққа емес, қабаққа қапа болып кеткеніміз бар енді. Бұл да шындық.

Төртіншіден, модернизация – дәстүрді жоғалту емес, қайта жандандыру. Мұны менің ғылымдағы ұстаздарым Тұрсын Ғабитов пен Рауан Кемербайлар «Осыны ұмытпа» деп ылғи айтады. Мен де осы ойға қосыламын.

Жасыратыны жоқ, кейде «жаңғырту» деген сөзді «бұзу» деп түсінетіндер бар. Шын мәнінде, модернизация – дәстүрді қазіргі қоғамға қажет етудің жолы. Мысалы, қыз ұзату тойын қарапайым, алайда мәнді ету – қызға берген тәрбиелік насихаттың құнын арттырады. Немесе күннен күнге орыстың «тостынан» айнымай бара жатқан бата беру дәстүрін де жаңғыртып, жастарға бағытталған мотивациялық формаға айналдыруға болады. Ал әлгіндегідей ас беру рәсімін спорт, мәдениет, ғылыммен сабақтастыру – оны ысыраптан арылтып, қоғам үшін пайдалы құралға айналдырады.

– Сіз айтқандай жасаса, нәтижесі не болмақ?

– Мұның бәрінің нәтижесі – ұлттың жаңарған болмысы болмақ. Егер дәстүр-ғұрыптарды жаңа заманға лайықтап қолдансақ, олар тек тарихта қалған формалар емес, бүгінгі ұрпақтың да өмір салтына айналады. «Заманына қарай заңы, тоғайына қарай аңы». Бұл – ұлттың рухын сақтай отырып, өркениетке ілесудің ең дұрыс жолы.

Қазақтың тойы да, асы да, қонақасысы да – ұлттың тарих өріндегі тәжірибесі мен жүрегінен шыққан ғажайып дәстүрлер. Бірақ біз оларды заманға сай қайта түсіндіріп, артық даңғазадан, ысыраптан арылтып, рухани өзегін сақтап қалуымыз керек. Өйткені кез келген дәстүрдің мақсаты – өткенді қайталау емес, болашақты тәрбиелеу.

– Мазмұнды да мәнді әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Ескендір ЕРҒАЛИҰЛЫ

Таңбалар: Абылайхан Қалназаровас берукүш өнері
Бөлісу4Твитерге2БөлісуБөлісу

Ұқсас мақалалар

Нанжемес
Ғибратты әңгімелер

Нанжемес

24.11.2025
Отырарға барсаң, ақынмын деме!
Ғибратты әңгімелер

Отырарға барсаң, ақынмын деме!

19.11.2025
Тағы жүктеу
Келесі жазба
Жыл басынан бері 8 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Жыл басынан бері 8 мыңнан астам этникалық қазақ қандас мәртебесін алды

Пікір қалдыру Жауапты болдырмау

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Соңғы жарияланымдар

Жаңалықтар

Аида Балаева Халықаралық волонтерлер күнімен құттықтады

05.12.2025
«Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары марапатталды
Жаңалықтар

«Үздік имам» интеллектуалды білім сайысының жеңімпаздары марапатталды

05.12.2025
Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне қатысты түпнұсқа құжаттар
Жаңалықтар

Бауыржан Момышұлының өмірі мен қызметіне қатысты түпнұсқа құжаттар

04.12.2025
Тағы жүктеу
Қазақстандағы Ислам

Kazislam порталы – мемлекетіміздің дін саласында жүргізіп жатқан жұмыстарын насихаттайтын еліміздегі бірден-бір интернет-ресурс.

Біздің қолдаушыларымыз:

  • Бастапқы бет
  • Жоба туралы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Нәтиже жоқ
Барлық нәтижені көрсету
  • ҚАЗ
  • РУС
  • Жаңалықтар
  • Мақалалар
    • Мемлекет және дін
    • Ислам
    • Қоғам
    • Ағымдар ақиқаты
    • Исламдық қаржыландыру
    • Ғибратты әңгімелер
  • Сұхбат
  • Сұрақ-жауап
  • Видео
  • Тағы
    • Инфографика
    • Кітапхана
    • Сауалнама
    • Дінтану бұрышы

© 2025 kazIslam.kz Яндекс.Метрика ZERO.kz

Қош келдіңіз!

Төмендегі тіркелгіңізге кіру

Құпиясөзді ұмыттыңыз ба?

Құпия сөзді қалпына келтіру

Please enter your username or email address to reset your password.

Кіру
-
00:00
00:00

Queue

Update Required Flash plugin
-
00:00
00:00