Бүгінде қалай тез баюға болады немесе жетістікке жету сырлары деп материалдық құндылықтарды, әсіресе қаржыны, табысты арттыруға арналған сабақтар мен үндеулерден көп нәрсе жоқ. Демек сұраныстың да көбі осы бағытта болғаны шығар?
Ақпараттың ағылған заманында тез табыс тауып, тез баюды үйрете салатын техникалары бар курстар мен коучтар, сатушылар мен жарқ-жұрқ еткен инста әлемінің алдауына арбалып, санын соққандар да қаптады. Бір кітап пен бір курс алып, бизнес ашып, тез байып кетпекке аңсары ауған бәрінің. Осылайша курс сатамын деп, өз қызметтерін ұсынамын деп кәсіп жасап, пайда көремін деп өтірік айтуға еті үйреніп, алаяқтардың қатарына қалай қосылып кеткенін өзі байқамайтындар қанша?
Асығыс, қарбалас, бірінен-бірі озсам деген бір тынымсыз өмір. Өзіне оқырман жинап, кейін сол оқырманымен «жұмыс істейтін» шабарман жинап, виртуалды әлемінде қалай өмір сүрсем деп жанталасқан, шаршаған бір адам.
Осының бәрі бізге қайдан келе қалды? Бізге лайықтысы осы ма еді? Өз өміріміз айдалада қалып, камераның алдындағы жасандылыққа әбден етіміз үйреніп кеткендей.
Әлбетте бар болғаны, молшылық болғаны, әркімнің бай болғаны жақсы-ақ. Абай атамыз үшінші қара сөзінде: «Әрбір мал іздеген малым көп болса, өзімдікі де, балаларым да малды болса екен дейді. Ол мал көбейсе, малшыларға бақтырмақ, өздері етке, қымызға тойып, сұлуды жайлап, жүйрікті байлап отырмақ. Қыстауы тарлық қылса, арызы жеткендік, сыйы өткендік, байлық қызметінен біреудің қыстауын сатып алмақ, ептеп алмақ, тартып алмақ. Ол қыстауынан айырылған және біреуге тиіспек, я болмаса орынсыздығынан елден кетпек – әр қазақтың ойы осы» деген еді.
Амалын тауып, екі асап, мұратымызға қол жеткізіп, шат-шадыман болғанымыз да бар. Сол бақыт, сол қуаныш бірақ баянды болып, ұзаққа созылды ма? Одан кейін келесі бір оңай олжа туралы жаңа бір дүние мазалап, енді соған қол жеткізсем деп, уайымға түсіп, қайтадан сол күйді күйттеп кетпедік пе? Бар тапқанымызды қайта мән-мағынасыз қайда жұмсағанымызды таппай қалмадық па?
Ал адал еңбегімізбен нанымызды тауып, ғылымға қол созып, қарақан басымыздан асып, терең ойымызды өзгерткеніміз бар ма? Әу баста көршісінен қалмау ниетімен жарыс бастаған пенденің бара-бара ел қамын жеуі, деңгейі өсуі ол ұзақ уақытты талап ететін өзгеріс. Жанына қоң біткен сайын, қайтадан сол қарнының қамына сай шығынын асырып қана қоюы әдеттегі нәрсе.
Табиғаттың тамашасын, әлемнің, күллі жаратылыстың беріп тұрған тегін нығметтерін пайдаланып, тап-таза ауаны жұтып, суына шөлін қандырып, жерінде аяғын алшаң басып жүрген адам осы шексіз әлемге мен де бір үлесімді қоссам деп ойлай ма екен? Жоқ, әлде, қайтсем енді бұдан да үлкен үй салып, сарайымды кеңейтсем дей ме? Ғылым іздеп, пайдалы боларын көздер ме? Күмәнді әрине. Өзгелерде шаруам қанша деп өзеурей ме?
Көпқабатты үйлерде тұратындар жақсы біледі, жиі кездесетін жайттар бар: қарапайым ғана ортақ аулада тұрып жатқандар ортақ мүлікке жүрдім-бардым қарайды. Айналаның тазалығы бәріне қатысты болса да, бір-біріне сілтеп жүре береді. Жеке үйлерде де бір көшеде тұрып, өз ауласынан әрі аспайтын, өз қаласы тұрмақ, өз көшесіне немқұрайлы қарайтындар да болады. Бірақ үйіне кірсең, әрбір тал сіріңкесіне дейін сипалап, дірілдеп әлек. Себебі ол жеке «өзінікі» ғой.
Армандаған байлығы мен қиялындағы өмірге қазір екінің бірі қол жеткізе алады. Ешнәрсеге мұқтаждық жоқ сияқты. Алайда бүгінде осы тоқтық пен байлық заманында басқа мәселелер бой алып, хаос орнай бастағаны анық. Өмірлік мәні, бағыты, еш қызығушылығы жоқ, не қалайтынын білмейтін ұрпақ, бұлыңғыр, түсініксіз сезімдер мен рухани азу, жан аурулары, бір шаңырақта тұрып бір-бірін бөтенсіну, суицид пен өз эмоцияларын басқара алмау, ойын мен нашақорлыққа әуестік, қарым-қатынастағы ауыр мінездер мен ашушаңдық, сөз көтере алмау, алаяқтықтың көбеюі, т.с.с. сияқты барлығы жеткілікті деген «бай» өміріміздегі жағымсыз мәселелер көбейді. Азғындық көбейді. Жан түршігерлік жаңалықтарды селт етпей тыңдап, видеосын жайбарақат қарап отыратын күнге жеттік.
Бұл рухани кеселдер алыс бармай-ақ, әрқайсымыздың өз ішімізден табылады. Өмір заңдылықтарын, алыс-беріс теңгерімін бұзғанымызды таразымыз алға тартып көрсетіп жатыр. Кезекті бір алаяққа өз еркімізбен бар ақшамызды аударып сан соқсақ та, рухани кеселге шалдықсақ та, біз әлі ес жия алмай келеміз. Қап әтеген ай, деп, әлі де өзіміздікі дұрыс деп шешіп, жала жабатын кінәлілерді сырттан іздейміз. Ал барлық осы уақытқа дейін алған нығметтерімізге біз лайықты бола алдық па, еш заңдылықты бұзбай сонша нығметті біз де әлемге, өзгелерге бере алдық па, деп ойланатынымз аз-ау?
Өмірлік бухгалтериямыздағы балансты тексеріп, кіріс пен шығысымызды талдап жүрміз бе? Тек қаражатымыз емес, күш-қуатымыз бен әрбір іс-әрекеттеріміз, тіпті көңіл-күйіміз, бәрі-бәрі таразыда тұратынын сезетін шығарсыз. Басты құндылық болып эмоционалды интеллект алға қойылғанда, осының бәрі ең алдымен осы әділдік заңына кеп тірелетінін түйсінетін уақыт келді. Сыртқы келбеттен бұрын, ішкі байлығымызды реттеп, жаңа ізденістерге бет бұратын кезең туды. Бұл кезеңде бізге ең қажеттілері:
Қатаң тәртіп – телефонымызды қалай қуаттасақ, дәл солай өзімізді уақытылы қуаттандырып, әрі күшімізді тиімді пайдалану, уақытылы тынығу мен жаттығу.
Нақтылық: әлеуметтік желі мен отбасымызға, өзімізге, жұмысымызға бөлетін уақыттарды нақты белгілеп, көңіл-күйді бақылауды ұмытпау.
Тиянақтылық: әр бастаған істі, әңгімені, тапсырманы аяқтау және отбасы құндылықтары мен ұрпақ тәрбиесі бағытында үйдегі атмосфераны қалыпты ұстау: минимум зат пен кең жайлылық, көбірек уақыт бөлу мен саяхаттау, телефонсыз бірге серуендеу, арнайы отбасылық дәстүрлер қалыптастыру. Өмірге қызығушылық бағытын да көбейту деп қосқым келеді, бұл мағыналы кітаптар мен фильмдер, хобби, көрмелер мен театр-концерттер, жақсы салиқалы орта мен жаңа ізденістер.
Ең бастысы осы бағыттардың бәрінде де өзгеге бере алу – жақсы көңіл-күйіңізді, тәжірибеңізді бөлісе алу, тіпті өзгелердің қуанышы мен жетістігіне шынайы қуана алу, бойыңызда бар барлық жақсы қасиеттеріңізбен бөлісу. Әрине осының бәрі өзіңізде болса, бөлісе аласыз, ал өзіңіз шаршап, ешнәрсеге зауқыңыз соқпаса, жағдай қиындағаны.
Түсінген жанға, әрбір ұсақ-түйекте ғибрат бар. Жоғарыда ортақ мүлік, қара жер туралы сөз қозғап өттім. Осы бар құнарымен, дақылдарымен бізді асырап отырған жер анамыз бізге берілген нығмет. Бұл берілген нығметті бізге әлемге қалайша лас күйінде, күтімсіз қайтарамыз? Беру дегенім (яғни шотыңыздағы жиған ақшаны бөлісу екен деп тіке түсінбеңіз), осы қара жерді құрметтеп, әр жүрген жеріңізде орныңызды тап-таза етіп жинастырып кетуден басталады. Көзіңіздің қуанышы, өміріңіздің жалғасы деп жаратқан сізге ұрпақ берді делік. Оның есесіне сіз не қайтара аласыз? Әрине ұрпағыңызды адамзатқа пайдалы, ғылым жолында еңбек ететін, бастысы адамгершілігі жоғары жақсы адам етіп тәрбиелеп беріңіз. «Елден қалма, ең соңғы үлгідегі көлік не смартфонға лайықсың» демей, адамдықтың ең озық үлгісін үйретіңіз. Сіз де әлемге көп нәрсе бере аласыз. Ал беру, білгенге, алудан да тәтті, ләззәтқа бөлейтін сезім. Ал бере білу ниеттен туатын игілік. (Ниет туралы ойымды да https://kazislam.kz/2024/10/izgi-niet/ сілтемесінен оқи отырыңыз)
Адамдар бар ғұмырын тамаша бір ғажапты іздеуге жұмсайды, алайда бар болғаны өзіне лайықтысын ғана алады. Алуға лайық болу үшін, беруге де лайық болайық.
АйШаНұр