Әдетте «мәңгілік» немесе «әлемдік» сұрақтар адамның жасөспірім шағында, өзінің «Менін» қоршаған ортадан бөлек нысан ретінде танығанда туындайды. Олардың ең басты сауалы: «Мен не үшін өмір сүрудемін?». Мұнда, басқа мәселелердегідей, айқындық, нақтылық қажет, біз жартылай, анық емес жауаптарды ұнатпаймыз. Бірақ өмірдің мәні туралы сұраққа біржақты жауап беру бәрінен де қиын. Ал америкалық танымал жазушы Джек Лондонның «Мартин Идені» осы тақырып аясындағы дүниенің бірі еді.
Психолог-философ В. Франкл айтып өткендей, «Өміріміздің мәні не?» деп қойған сұрағымызға біреу жауап береді деген сенім қате. Біз емес, өмірдің өзі бұл мәселені алдымызға көлденеңнен қояды. Біз оған жауап беруге тырысамыз, әрқайсысы өздігінше, сөзбен емес, іс-әрекетпен жауап береді. Адамның тек қалай өмір сүретінін көріп, бағалай отырып қана, оның өмірінің мәнін көріп, бағалай аласыз.
Жазушы Ф.М. Достоевскийдің «Қылмыс пен жаза» романындағы кейіпкердің қайғысы да осы. Родион Раскольников өзінің эксклюзивтілігі мен жүгенсіздік теориясын құрып, бұдан әрі негіздеді. Алайда теория шындықпен ұласпағандықтан, бұл Раскольников ойлап тапқан кәсіпорынның құлдырауына ғана емес, сонымен бірге оның өмірінің мәнінің құлдырауына әкеліп соқты.
Егер өмір мәнінің қайнар көзі тек қол жеткізілген жетістіктерден ғана тұрса, адам кез-келген істегі сәтсіздіктерді қинала басынан кешеді, олар оның өмірлік үрдісін бұзады. Егер өмірдің мәні тек мақсаттармен ғана белгіленсе, адам мақсаттарына қол жеткізген соң, өзін-өзі жоғалтады. Психологтар Д. Лондонның әйгілі романындағы дарынды жазушы, қоғамның төменгі сатысынан биікке жетуге, өз талантын дамытуға, табысқа жетуге ұмтылған және ақыр соңында, мақсатына жеткеннен соң өмірі кенеттен мәнін жоғалтып, өз-өзіне қол жұмсаған кейіпкер Мартин Иденнің есімімен аталған «Мартин Иден синдромын» сипаттады.
Лондонның пессимистік кітабының кейіпкері Мартин Иден – жазушы даңқына да, қаржылық табысқа да қол жеткізген еңбеккер, өзінің ішкі дүниесімен және қоғаммен түсініспеушілікте болуы салдарынан рухани дағдарысқа ұшырайды.
«Мартин Иден» – негізінен автобиографиялық кітап. Оның негізгі идеясы өте қымбатқа түскен адамның өмірлік тәжірибесіне негізделген. Кедей жұмысшы отбасынан шыққан қарапайым көрікті жігіт, теңізші, зауыт қыздарының кумиры – Мартин, білімді буржуазиялық ортадан шыққан, университетте ағылшын филологиясын оқып жүрген студент қызбен танысады. Руф Морз есімді бұл қыздың, оның мейірімді және жақсы тәрбиеленген отбасында, олардың таза, жайлы, кітаптар мен суреттерге толы үйінде М. Иден өзі бұрын-соңды ескермеген, рухтандырылған, мәнді өмірге деген ішкі ұмтылыстарын байқайды. Кейіпкер қайткенмен де осы адамдардың деңгейіне жетуге және өз аруының жүрегін жаулап алуға бел буады.
Оқу ақысын төлей алмағандықтан, Мартин бар құлшынысымен өз білімін көтеруге кіріседі және көп ұзамай үлкен жетістіктерге жетеді. Ол өзінің туабітті және асқан талпыныспен жетілдірілген жазушылық қабілеттеріне сүйенеді. Оның әдеби тәжірибелерін газеттер мен журналдар ұзақ уақыт бойы қабылдамай, кедейлікке тап болады. Оның қалыңдығы болуға бел буған Руф болашақ жарының әдеби болашағына сенімсіздікпен қарап, отбасын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін «қалыпты» қызмет таңдауын талап етеді. Ақыр соңында отбасы құру уағдасы бұзылады. Сол мезеттен бастап Мартиннің жолы ашылады. Бұрын қабылданбаған қолжазбалар тиражы мол баспалар мен журналдарда басылып шығып, бестселлерлерге айналады. Бір мезетте атақты болған авторға қаламақы деген құйылып, онымен әріптестік барша баспагерлерге табыс әкеледі.
Бұған дейін көп таршылық көрген Мартин Монте-Кристо графының жомарттығымен айналасындағы жоқ-жітіктердің – әпкесі мен жездесі, пәтер иесі, кір жуатын бөлмедегі бұрынғы жолдасының ең биік армандарын орындайды. Руф оған оралуға дайын болғанмен, өмір жағдайы ғана емес, кейіпкердің өзі де өзгергені анықталады. Мартин енді өзінің қаншалықты білімді екенін, ой-өрісінің қаншалықты кең екенін және сүйіктісінде шынайы рухани ұстындардың қаншалықты шірік екенін көреді. Сыншылардың, редакторлардың және баспагерлердің немқұрайлылығы мен тәкаппарлығын бастан кешірген адам, ендігісі олардың мақтауларын қабылдай алмайды. Оны бұрын білгісі келмейтіндердің мақтаулары мен түскі асқа шақыруларын естіген Мартин: «Мен мұның бәрін сол кезде жазғанмын, содан бері жақсы болып кеткенім жоқ» деп таңданады. Алайда ол, өзі соншалықты қашып құтылуға асық болған қарапайым ортаның қуаныштарына да қайта орала алмайды. Мартин Иден бұл әлем өрісінен көктей өтіп, қаңыраушылыққа тап болғандай күй кешеді. Кенеттен, еңбегі мен құрбан еткен нәрселері үшін заңды марапатқа ие болған адамның жалғыз жолы – өз-өзіне қол жұмсау болды. Оның барлық нәрсені артта қалдыруға бағдарланған шынайы және аңғырт ұмтылысының нәтижесі осы.
Оның жан-дүниесіндегі толғанысты сол кітаптағы басты қаһарманның Руфпен болған соңғы кездесу диалогынан көреміз:
«Бір күні оған Руф келді. Оны келеді деп күтпеп еді. Таң-тамаша болды. Ол Мартинді құшақтап алды. Бір таңғаларлығы: сол сәтте Мартин ешқандай сезімді бастан кешпеді. Бұрын қызды құшақтаса, қолынан ұстаса, жүрегі лүпілдеп, қол-аяғы дірілдеп кетуші еді. Қазір ол сезімнің бәрі ізім-қайым жоғалғандай… Ол Мартинге қайта оралғысы келетінін білдірді. Бірақ Мартиннің жүрегінде сезім емес, кекесін бар еді. Ол:
– Анаң маған тұрмысқа шығуыңа қарсы еді ғой, енді келісіп отыр ма? – деді. Руф күлімсіреп басын изеді. Мартин:
– Білесің бе, Руф, мен өзгерген жоқпын. Сол баяғы көшеде балаларға кәмпит үлестіретін, дөрекі сөйлейтін Мартинмін. Қайта қазір онан сайын бұзылған сияқтымын. Жұртты жарылқап ақша таратамын. Тіпті сыра ішіп, шылым да шегетін болдым. Көрдің бе, бөлменің іші көк түтінге толып тұр, – деді. Руф жауап берудің орнына алақанын Мартиннің ерніне тосты. Бірақ Мартин қолын сүйген жоқ. Сөзін жалғастырып:
– Қарашы, тұрақты жұмысқа да тұрмадым. Ондай қызмет іздемеймін де. Бұрынғыша Спенсерді құмартып оқимын. Оны ұлы адам деп білемін. Ал судья Блоунтты есектің миын жеген нағыз топас деп санаймын. Өткенде үйінде түскі аста боп, солай екеніне көзім жете түсті, – деді.
– Әкем сізді қонаққа шақырғанда неге келмедіңіз? – деді қыз.
– Оны қайдан білесің?
– Әкем айтты.
– Шешеңнің айтуымен шақырған шығар. Мүмкін сен де қазір шешеңнің ақылымен келген шығарсың, – деді. Руф жалынышты үнімен:
– Мартин, неге мұншама қатал боп кеткенсің? Келгелі мені әлі бір рет те сүймедің. Мен өз аяғыммен келдім. Мұнда екенімді ешкім білмейді, – деді.
– Бұрын тар лашықта тұрғанымда, қиналғанымда қайда болдың? Кәдімгі Мартин Иден кезімде қайда болдың? Жалпы қазір айналамда қонаққа шақырып толып жүрген жұрт сол кезде қайда кетті? Даңқым шыққаны болмаса, өзгерген жоқпын. Қол-аяғым, он екі мүшем сол баяғы Мартин Иден қалпында, әлде бәрі атағым мен ақшама қызыға ма? Мүмкін сен де сол есеппен келген шығарсың? – деді.
Руф шешесінің сөзіне еріп, оңбай қателескенін мойындады. Мартиннің дөрекі мінезін, тіпті темекі тартатын әдетін де ұнатуға уәде беріп:
– Бәрін қайтадан бастайық, – деді. Мартин:
– Руф, білесің бе, мен өмірден тойдым. Қазір аурумын. Өмірден торығып, жалығатын дертке ұшырадым. Арман-мақсатымнан жеріндім. Айналамда толған ләббайшылдан тойдым. Мағынасыз бақыттан шаршадым. Бақыт құсы бұлайша тез қонып, арман-мақсаты сарқылған тұл жетімге айналам деп кім ойлаған? Тіпті саған деген құмарым да тарқаған. Сезім қайта жалғанбайды. Бәрі кеш, – деді. Қыз үнсіз есіктен шығып кетті» (Отбасы хрестоматиясы өкілдерінің аудармасы).
Өз кезегінде Д. Лондонның бұл кейіпкерінің тағдыры тек дүние табу мен табысқа жетуді көздейтін, адамға адам деп емес, «ресурс», «мүмкіндік» деп қана қарайтын қазіргі қазақ қоғамына да қатаң ескертпе екендігін атап өткен жөн.
Адамдар арасында шынайы адами қарым-қатынас жоғалғанда, өмірдің бояуының да оңып, солғын тартатынын, адамзатты күйреуіктікке шалдыратынын Мартин образы ашып тұр. Мақсат-мұратты да материалдық дүниеге емес, биік те асыл, транцеденттілікке байламай, түбі қайырсыз болады. Бізге де барынша бұл синдромнан алшақ болу керек.
Мәдениеттанушы-философ
Абылайхан Қалназаров