Асыл дініміз өзге адамдардың ары мен намысын құрметтеуді бұйырып, оған нұқсан келтіретін барлық істерден тыйған. Алла Тағала қасиетті Құрандағы «Нұр» сүресінің 23-аятында:
إِنَّ الَّذِينَ يَرْمُونَ الْمُحْصَنَاتِ الْغَافِلَاتِ الْمُؤْمِنَاتِ لُعِنُوا فِي الدُّنْيَا وَالْآخِرَةِ وَلَهُمْ عَذَابٌ عَظِيمٌ
«Расында арсыздықтың не екенін де білмейтін, абыройы таза мүмин әйелдерге жалған жала жапқандар бұл дүниеде де, ақыретте де лағынеттеледі. Сондай-ақ оларға үлкен азап бар», – деп ескерткен.
Бұл аят Айша анамызға (оған Алланың разылығы болсын) жазықсыз жала жапқандарға қатысты түскенімен, ғалымдар аятта қамтылған мағына барлық ақ ниетті жандарға жала жауып, ар-намысын төккендерге қатысты екенін айтқан.
Адамдар бір-бірімен сыйластық қарым-қатынаста болып, жеке басының қадір-қасиетін құрметтей білген қоғамда бірлік пен береке болмақ. Ал бір-бірінің ары мен намысын аяққа таптап, қорлап, бағалай білмеген ортада бауырмалдық, ырыс-береке жойылатыны анық. Осы себепті де ата-бабаларымыз әрбір адам өзінің және өзгелердің ар-намысын жоғары бағалауын өсиет етіп: «Жігітке жар қымбат, намыс пен ар қымбат», «Ар намыстың пəктігі – жан дүниенің шаттығы», – деген даналық сөздер қалдырған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
كُلُّ الْمُسْلِمِ عَلَى الْمُسْلِمِ حَرَامٌ دَمُهُ وَمَالُهُ وَعِرْضُهُ
«Мұсылманның қаны, дүние-мүлкі және ар-намысы өзге мұсылмандарға харам», – деп мұсылмандар бір-бірінің жеке құқықтарына құрметпен қарауы керектігін баяндаған (имам Бұхари).
Осыған орай әрбір адам өзгенің ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін істерді біліп, оның зиянынан хабардар болуының мәнісі үлкен. Бүгінгі жұма уағызымызда адамдардың қадір-қасиеті құрметтеліп, ар-намысы аяқ асты болмас үшін сақтануымыз қажетті болған кейбір күнәлі істерге тоқталамыз:
Бірінші: Ғайбат айтпау
Адамдар арасында сенімсіздіктің тууына, қарым-қатынастың бұзылуына, ар-намысының қорланып, бүкіл бір қоғамға зардабы тиетін үлкен күнәлі істердің бірі – ғайбат айту. Ғайбат деп – бір адамды ол жақтырмайтын істерімен еске алуды айтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі,12-аятында:
يَاأَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا اجْتَنِبُوا كَثِيرًا مِنْ الظَّنِّ إِنَّ بَعْضَ الظَّنِّ إِثْمٌ وَلَا تَجَسَّسُوا وَلَا يَغْتَبْ بَعْضُكُمْ بَعْضًا أَيُحِبُّ أَحَدُكُمْ أَنْ يَأْكُلَ لَحْمَ أَخِيهِ مَيْتًا فَكَرِهْتُمُوهُ وَاتَّقُوا اللَّهَ إِنَّ اللَّهَ تَوَّابٌ رَحِيمٌ
«Уа, иман келтіргендер! Күмәннің көбінен сақтаныңдар. Өйткені, күмәннің кейбірі – күнә. Сыр тексермеңдер, біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген бауырының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер. Расында Алла тәубені тым қабыл етуші, ерекше мейірімді»,– деп ескерткен.
Ғайбат – тек тілмен айту ғана болмайды. Өзге адам жайлы жаман ойға салыну, оның айыбын жазу, денесінде бар кемшілігін мазақ етіп көрсету (мысалы ақсақ адамның жүрісін салу) сияқты істер де ғайбатқа жатқызылады. Сол сияқты сөз барысында «ғайбат болмасын, бірақ пәленше адам мынадай» деп айтқаннан да сақтану керек. Өйткені «ғайбат болмасын» деу арқылы харам етілген нәрсе халалға айналмайды.
Ғайбаттың күнәсі үлкен әрі екі дүниелік зардабы ауыр болғандықтан Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әркез бұл ауыр күнәдан сақтандырып отыратын. Айша анамыз (Алла оған разы болсын) былай деген: «Бірде мен Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «Саған Софияның осындай да осындай болғаны жеткілікті!» – дедім. Бұны естігенде Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Расында, сен сондай сөз айттың, егер сол айтқандарыңды теңізге қосса, онда бүтін теңізді ластар еді!» – деді. Сондықтан да әрбір адам өзі ғайбат айтпауымен қатар, өзге жақындарының да бұл іске бармауын даналықпен, көркем түрде ескертіп отырғаны дұрыс.
Мұсылманның көзінше ғайбат айтылған жерде мына амалдарды істеуі қажет:
– Айтылып жатқан ғайбатты тілімен қайтару;
– Ғайбатты қайтаруға шамасы жетпеген жағдайда, әңгіменің барысын өзге арнаға бұру;
– Әңгімені өзге арнаға бөле алмаса, орнынан тұрып кетіп қалу;
– Орнынан тұрып кетуге шамасы келмесе, айтылған ғайбатты бар жан-дүниесімен ұнатпай, жүрегімен іштей қайтару.
Қисса
Бір жолы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі ауқатты кісіге Сәлман Фарсиді серік етіп қосады. Жол үстінде екеуі Сәлманға: «Пайғамбарға барып нанға жағып жейтін артық нəрсесі болса сұрашы», – деп жіберді. Сәлман шығып кеткенде артынша əлгі екеуі: «Бұл пəлен құдыққа баратын болса, суы азайып кететін болар», – деп кемсітеді. Сәлман барғанша Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) əлгілердің əңгімесін уахи арқылы біліп, ол екеуіне: «Сендер астарыңды жеп қойдыңдар», – деп айт», – дейді. Екі ауқатты адам келіп:
«Біз ешнəрсе жеген жоқпыз», – дейді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендердің ауыздарыңнан еттің қызыл түсін көріп тұрмын», – деді. Екі адам: «Бізде жейтін ешнəрсе жоқ. Бүгіндікке ешнəрсе жеген жоқпыз, – десті. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер өз бауырларыңды ғайбаттадыңдар. Өлексе етті жеуді ұнатасыңдар ма?» – деді. Олар: «Жоқ», – деді. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өлексенің етін жегенді жек көретін болсаңдар, ғайбат айтушы болмаңдар. Кімде-кім бауырын ғайбаттайтын болса, ол оның етін жегені», – деп қасиетті Құрандағы: «…біреуді біреу ғайбаттамасын. Біреулерің өлген бауырының етін жеуді жақсы көре ме? Әрине, оны жек көресіңдер», – деген аятты оқыды.
Екінші: Жала жабудан сақтану
Жала жабу деп – адамның сыртынан оның ар-намысы мен қадір қасиетіне нұқсан келтіретін, абыройын түсіретін жалған мәлімет таратуды айтамыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ахзаб» сүресі, 58-аятында:
وَالَّذِينَ يُؤْذُونَ الْمُؤْمِنِينَ وَالْمُؤْمِنَاتِ بِغَيْرِ مَا اكْتَسَبُوا فَقَدِ احْتَمَلُوا بُهْتَانًا وَإِثْمًا مُّبِينًا
«Мүмин еркектер мен мүмин әйелдерді бойында жоқ нәрсемен ренжіткендер, анық сол жаланы және үлкен күнәні өз мойындарына артқан болып есептеледі», – деп айтқан.
Аятта өзгеге дәлелсіз жала жауып, ар-намысын қорлағандар үлкен күнә арқалайтыны баяндалуда. Ғалымдар жала жабудың күнәсі ғайбаттан да ауыр екенін айтқан. Себебі ғайбат айтқанда адамның сыртынан оның бойында бар нәрсе айтылады. Ал жала жабуда адамның сыртынан істемеген ісін істеді, айтпаған сөзін айтты деп жалған қосылып айтылады. Бір күні Алла Елшісі сахабаларынан: «Ғайбаттың не екенін білесіңдер ме?» – деп сұрайды. Олар: «Оны Алла мен Елшісі жақсырақ біледі», – деп жауап қатады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Ғайбат – бауырыңды оның ұнатпайтын нәрсесімен еске алуың», – дейді. Сонда біреу: «Егер айтып жатқаным бауырымның бойынан табылса ше?» – деп сұрақ қояды. Алла Елшісі: «Егер айтқаның оның бойынан табылса, ғайбаттадың демек. Ал егер бойында болмаса, онда жала жапқаның», – деп жауап береді.
Қазір әлеуметтік желілердегі ақпарат толқыны әп-сәтте жарияланып, әлемге тарап жатады. Әлде бір адамның істемеген ісін істеді етіп, жала жаба салу да оңайдың оңайына айналды. Халқымызда «Естігенің өтірік болар, көргеніңді айт» делінген даналық сөз бар. Сондықтан да өзге адамның теріс қылығы жайында қандай да бір ақпаратты оқығанда көзбен нақты көріп, қолмен ұстап алмағандықтан оны шындыққа шығару дұрыс емес. Өйткені бұл өзге адамның жеке басына кір келтіріп, жамандау мақсатында жарияланған негізсіз ақпарат болуы әбден ықтимал. Алла Тағала қасиетті Құранда:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِن جَاءَكُمْ فَاسِقٌ بِنَبَإٍ فَتَبَيَّنُوا أَن تُصِيبُوا قَوْمًا بِجَهَالَةٍ فَتُصْبِحُوا عَلَى مَا فَعَلْتُمْ نَادِمِينَ
«Уа, иман келтіргендер! Бұзық біреу хабар келтірсе, оны анықтаңдар. Әйтпесе білмей бір елге кесірлерің тиіп, істегендеріңе өкінесіңдер», – деп айтқан («Хұжырат» сүресі, 6-аят).
Мұсылман адам өзге мұсылман жайында жаман сөз айтылған кезде ең алдымен ол турасында жақсы ойда болып, ақтауға тырысуы қажет. Бұл нағыз бауырмалдықтың, жанашырлықтың көрінісі. Ал негізсіз ақпаратты тарату, сөз аңдысу, өзгенің сыртынан жамандау – шынайы мүминге тән істерден емес. Имам Рази (Алла оны рақымына алсын): «Мүминдерге қатысты бойыңда үш сипат болса, ізгілерден болғаның:
- Оған пайда тигізе алмасаң, зияныңды тигізбе;
- Қуанта алмасаң, уайым-қайғыға салма;
- Мақтай алмасаң, ешуақыт жамандама», – деген.
Үшінші: Өсек айтпау
Өсек деп – бір кісінің жағдайын оның рұқсатынсыз екінші бір кісіге араларына от салу мақсатында жеткізуді айтады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لَا يَدْخُلُ الْجَنَّةَ نَمَّامٌ
«Өсекші жәннатқа кірмейді», – деген (имам Бұхари, Мүслим). Бұл хадисте ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсек айтқан адам мынандай күнәға ие болады демей, бірден жәннатқа кірмейді деп айтуынан, өсек тасудың қаншалықты үлкен күнә екенін аңғаруымызға болады. Тағы бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) екі қабірдің жанынан өтіп бара жатып:
إنَّهُمَا يُعَذَّبَانِ ، وَمَا يُعَذَّبَانِ فِي كَبِيرٍ ! بَلَى إنَّهُ كَبِيرٌ : أمَّا أَحَدُهُمَا ، فَكَانَ يَمْشِي بِالنَّمِيمَةِ ، وأمَّا الآخَرُ فَكَانَ لاَ يَسْتَتِرُ مِنْ بَوْلِهِ
«Расында бұларды үлкен күнәлар жасағандары үшін азаптап жатқан жоқ. Дегенмен, бұлардың күнәлары ауыр. Оның бірі өсек тасыған болса, екіншісі өзінің зәрінен сақтанбаған», – деген (имам Бұхари). Хадистегі «Расында бұларды үлкен күнәлар жасағандары үшін азаптап жатқан жоқ» деген сөздің мағынасы, сіздер үшін үлкен күнә емес, бірақ Алланың құзырында бұл ауыр күнәлардан дегенді білдіреді.
Халқымыздағы: «Естіге өсек не керек», «Өсекші жоқта, өкпелесу де жоқ», «Қылыш – тәнді жаралайды, өсек – жанды жаралайды» делінген мақал-мәтелдерден адамның екі дүниесіне зардап алып келетін өсек атаулыдан ата-бабаларымыз өз ұрпағын барынша сақтандырғанын түсінеміз.
Төртінші: Өзгені мазақ етпеу
Мазақ ету – біреуді сөзбен, жазумен, ишара немесе әр түрлі әрекеттермен айыбын және кемшіліктерін ортаға шығарып, кекету. Мазақ ету адамның ар-намысына тиіп, абыройына нұқсан келтіретіндіктен дінімізде тыйым салынған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 11-аятында:
يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا لَا يَسْخَرْ قَومٌ مِنْ قَوْمٍ عَسَى أَنْ يَكُونُوا خَيْرًا مِنْهُمْ وَلَا نِسَاءٌ مِنْ نِسَاءٍ عَسَى أَنْ يَكُنَّ خَيْرًا مِنْهُنَّ
«Уа, иман келтіргендер! Бір топ еркектер басқа еркектерді мазақ етпесін! Мазақ етілгендер өздерінен де қайырлы болып шығады. Бір топ әйелдер де басқа әйелдерді мазақ етпесін! Мазақ етілгендер өздерінен де қайырлы болып шығады», – деп айтқан.
Ибн Аббас бұл аяттың түсу себебін былай айтқан: «Сабит ибн Қайс ибн Шаммас деген кісі жайлы түскен. Ол кісінің құлағында мүкісі бар еді. Пайғамбармен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) болған жиындарда ол кісі Алла Елшісіне (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақын отыратын. Адамдар ол кісіге орын беретін. Бір күні таң намазының бір рәкағатына кешігіп қалады. Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаздан соң жамағатқа қайырылып отырған кезде адамдар ол кісінің жан-жағына жайғасып отырып қалысады. Сабит ибн Қайс намаздан соң жол ашыңдар, жол ашыңдар деп келіп Пайғамбардың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасына арада бір адам тұрарлықтай қашықтықта жақындайды. Өзімен Пайғамбар (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арасында тұрған адамға: «Орын бер!» – дейді. Ол адам оған: «Сол тапқан орныңа отыра бер», – деп, орын бермейді. Сабит ибн Қайс ол кісіге ашуланып оның артқы жағына отырады да қасындағылардан: «Бұл кім?» – деп сұрайды. Адамдар: «Ол пәленше», – деп кім екенін айтады. Сонда ол: «Пәленшенің баласы ғой», – деп ол кісінің жаһилият дәуіріндегі жаман істерін айтып ұялтады. Міне, осы жағдайға қатысты аталмыш аят түсті».
Өзгені мазақ ету арқылы адам баласы өзін одан жоғары санап тәкаппарлыққа салынады. Адамдар арасындағы сыйластық жойылып, өшпенділікке алып келеді. Сол себепті мазақтау екі адам арасында ғана емес, қоғамда қарым-қатынастың да әлсіреуіне себепші болады.
Асыл дінімізде мұсылмандар арасында ғана емес, тіпті өзге дін иелерінің қасиет тұтқан сенімі мен құндылықтарын да мазақ етуге тыйым салынған. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әнғам» сүресі, 108-аятында
وَلَا تَسُبُّوا الَّذِينَ يَدْعُونَ مِنْ دُونِ اللَّهِ فَيَسُبُّوا اللَّهَ عَدْوًا بِغَيْرِ عِلْمٍ
«Олардың Алладан өзге сыйынғандарына тіл тигізбеңдер. Олар білмей шектен шығып Аллаға тіл тигізеді», – деп айтқан.
Бесінші: Адамдарды өздері ұнатпайтын есімдерімен атамау
Адамның ар-намысына тиіп, абыройына нұқсан келтіретін істердің бірі – жаман ат тағысу. Мұсылманның барлығы бір дене іспеттес болғандықтан, өзге мұсылманның абыройына нұқсан келуін әр мұсылман өзінің абыройына нұқсан келуімен бірдей деп білуі керек. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хұжырат» сүресі, 11-аятында:
وَلَا تَلْمِزُوا أَنفُسَكُمْ وَلَا تَنَابَزُوا بِالْأَلْقَابِ بِئْسَ الاِسْمُ الْفُسُوقُ بَعْدَ الْإِيمَانِ وَمَن لَّمْ يَتُبْ فَأُوْلَئِكَ هُمُ الظَّالِمُونَ
«Бір-біріңді міндемеңдер, жаман ат тағыспаңдар. Иман келтіргеннен кейін жаман ат нендей жаман. Ал кім тәубе етпесе, міне солар залымдар», – деп айтқан.
Аятта «бір-біріңе» деген сөз: (أَنفُسَكُمْ) «өз-өздеріңе» деп айтылған. Себебі, мұсылманның барлығы бір дене іспеттес. Ал бір мұсылман өзге мұсылманды жаман атпен атауы, өз-өзін жамандауына тең. Сонымен қатар тәпсір ғалымдары аятқа қатысты былай дейді: «Аятта адамның ұнатпаған лақап аттарына қатысты айтылған. Ал егер белгілі бір лақап атпен атағанды ол адамның өзі ұнататын болса, ондай лақап атпен атауға болады. Өйткені Пайғамбамрымздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Омарды «Фаруқ» (ақиқатпен жалғанды ажыратушы), Әбу Бакрді «Сиддиқ» (шыншыл), Османды «Зи-н-нурайн» (екі нұрдың иесі) деп атағаны және басқа да сахабаларына лақап ат қойғаны белгілі».
Сол үшін де қандай да бір адамды лақап атпен атау үшін ол адамның өзі сол атты ұнатып әрі басқалардың өзін солай деп атауына қарсы болмауы тиіс. Қойылған лақап атты ол адам ұнатпаған жағдайда, оны аталмыш атпен атау дұрыс емес. Әсіресе адам баласының бойындағы кемшіліктеріне қатысты, көңілге тиетін лақап аттармен атаудан мүлде сақ болған жөн.
Қадірменді жамағат!
Мұсылманның абыройын төгу қасиетті Қағбаны қиратудан да жаман. Ибн Дәқиқ әл-Ғид (Алла оны мейіріміне бөлесін) атты ғалым: «Мұсылманның ар-намысы тозақ шұңқырларының бір шұңқыры», – деп, өзгенің ар-намысына тиюдің, абыройын төгудің жазасы қаншалықты ауыр болатындығын білдірген. Ал оны қорғаған жан Жаратушының қорғанында болады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
مَنْ رَدَّ عَنْ عِرْضِ أَخِيهِ رَدَّ اللَّهُ عَنْ وَجْهِهِ النَّارَ يَوْمَ الْقِيَامَةِ
«Кімде-кім бауырының ар-намысын қорғаса, Алла Тағала қиямет күні оның жүзін тозақ отынан қорғайды», – деген (имам Тирмизи).
Алла Тағала екі дүниеде жүзімізді жарық етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектеріміз қабыл болғай!
ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі