Еуразия аумағында билік жүргізген Жошы ұлысының ақша айналымы хақында айтудан бұрын сол тұста, яғни орта ғасырда дүниежүзілік сауда-саттық ісі қалай жүргізіліп келді дегенге тоқталған жөн. Бұл дәуірдің экономикасы мен ақша айналымын зерттеген америкалық тарихшы-социолог Жанет Абу – Лугодтың (Janet Abu-Lughod) тұжырымына назар аударсақ, ХІІІ ғасырдың екінші жартысында еуразиялық аумақта билік жүргізген Жошы ұлысының ықпалы нәтижесінде күллі әлемді қамтыған экономикалық саясатта бұрын-соңды болмаған бірнеше оң өзгеріс пайда болғаны туралы айтылыпты.
Өйткені бұған дейін еуразиялық аумақ бір әкімшілік бірлікке бағынып көрмеген еді. Бұған дейін Еуразияның апайтөс даласы тек текетірес алаңына айналған болатын. Атап айтар болсақ, католик, иудей, христиан дін өкілдері тарапынан Рим папасы қолдауымен кресшілер жорығы күллі қарт құрлықты қанға бояп жатса, Шығыста Таң және Сүн империялары өмір сүрді. Бірақ бұл ұлыстарды байланыстыратын сауда-саттық немесе мәдени алмасулар әлі тұрақты жолға қойылмаған еді.
Еуразиялық ірі мемлекет Жошы ұлысының құрылуымен ХІІІ ғасырда Батыс пен Шығыс арасында адамзат тарихында алғаш рет тұрақты әрі қауіпсіз қатынас орната алды. Нақты айтар болсақ, Жошы ұлысы еуразиялық сауда-саттық ісін дүниеге әкелді. Яғни қазіргі тілмен айтқанда, жаһандық интеграцияның іргесі қаланды. Бұл оқиғаның арқасында еуразиялық сауда экономика ісіне тың серпін туғызып, Азия мен Еуропа құрлығын тұтастырған бейбіт сауда айналымы жүйесі өмірге келді. Сөйтіп, ХІІІ ғасырдың екінші жартысында қалыптасқан ақша айналымы ХVІІІ ғасырға дейін 500 жыл жалғасты.
Осы аралықта еуразиялық аумақта сауда керуен жолдары ашылып, сонымен қатар мәдени алмасулар жүргізілді. Мысалы, Жошының ұрпағы Мөңке Темір ханның тұсында арнайы мөрленген аса ауқымды тиын-теңгелер соғылып, ақша айналымы өрістей түсті. Бұл металл тиын-теңгелер Батыс Еуропаның барлық елді мекенінде қолданыста болды. Ол тиын-теңгелердің алтын, күміс, қола түрлері айналымға енді. Салмағы 6 данник, яғни 1 мысқал (1 мысқал – 4,68 гр) болды.
Жоғарыдағы өлшем бірлігі әр ғасырда әрқилы өзгеріп отырды. Мысалы, 1265-1266 жылдары Қырымда соғылған тиын-теңгенің салмағы жарты мысқал (2,00 – 2,20) болып келсе, ХІІІ ғасырдың соңында соғылған теңгелер салмағы 1,45 грамм екен. Жошы ұлысының ыдырау кезеңіне жақын 1400 жылдары соғылған тиын-теңгелер салмағы исламның бір дирхамына сәйкес 1,1 грамм мөлшерінде тоқтатылған.
Осы кезден бастап Жошы ұлысына тән тиын-теңгелерге ислам дінінің ықпалы әсер етіп, тиын-дирхамның қасбетіне араб графикасымен бәдізделген аят-дұға мәтіндері жазу үрдісі қалыптасқан екен.
Ұлыс тарихы мен ортағасырлық ақша жасау мәдениетін зерттеушілердің пайымдауына қарағанда, ол заманда металл ақша соғатын негізгі төрт орталық болған. Олар: Хорезм, Қырым, Сарай, Бұлған қалалары. Бұл орталықтар Жошы билігіне дейін теңге жасаумен шұғылданып келгені хақында айта кеткеніміз жөн. Бірақ кейін Жошы және оның мұрагерлері заманында бұл шеберханалардың қызметі кеңейіп, күллі еуразиялық кеңістіктегі ақша айналымын толық игере алды.
Айталық, 1260 жылдары Қырым өлкесінің Азак және Тана қалаларында соғылған теңгелер Қара теңіз арқылы өрістеген сауда ісінің басты валютасына айналса, бұл үрдіс екі ғасыр өткенде 1424 жылы Гирей ханның мөрі басылып, татар-генуя жазуы бар тиынға дейін жалғасты. Жоғарыда атап өткеніміздей, Жошы ұлысы кезінде қалыптасқан ғаламдық сауда-саттық һәм ақша айналымы жүйесі әр жылдары билік жүргізген хандар кезінде жаңадан ақша-теңгелер соғылып, еуразиялық ақша айналымы жетіліп отырды.