Ислам – адамның өмір сүру салтын қалыптастыру үшін түсірілген дін. Бірақ, бұл салт – өзі қандай салт? Тек сыртқы атрибуттарға мән беріп, басқаның барлығына тыйым салатын салт па?
Жо-жоқ, мүлдем олай емес! Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Ад-дийну иуср», – деген. Яғни, дін – бұл жеңілдік![1] Дін өмірді ауырлатушы емес, жеңілдету үшін керек. Сондай-ақ, пайғамбарымыз үш мәрте қайталап: «Артық кетушілер (ынсапсыздық танытушылар) опат болады!», – дегені белгілі[2].
Ислам білімнің, ғылымның, мәдениеттің дамуын жан-жақты қолдайды және соған үндейді, бірақ өнердің жарату ісіне араласатын бөлігіне, мысалы, суретшілер немесе мүсіншілер Алланың ғана жаратушы екенін естен шығарып, өзін Оның орнына қойып, ерекше, қайталанбас бір нәрсені жаратып жатырмын деген ниетпен жұмыс істесе, бұған тыйым салады.
Жарату – тек Құдайға тән іс. Ал адамдар өздерінің өмірлеріне, үйлерінің ішкі көрінісіне немесе ғимараттың сәулетіне сән беретін нәрсе ретінде мүсін жасаумен, сурет салумен айналысып, Алланың орнатқан табиғат заңдарын пайдалана отырып, өте ақылды машиналар мен механизмдерді құрастыратын инженер ретінде жұмыс жасай алады. Алайда, олар қаншалықты данышпан болса да, Алланың тіпті шыбын секілді бір шөкім жаратылысына ұқсайтын нәрсені жасай алмайды. Қандай шеберлікті игергенімен, ешқашан оған шамалары жетпек емес[3].
Сонымен, түбегейлі тыйым салынатын бірінші нәрсе – өзіне жаратушылық «мүмкіндікті» иеленушілік. Бұл жерде ең бастысы «өзімнің қылқаламыммен жаратып жатырмын, белгілі бір адамның портретіне бұрын-соңды болмаған ерекшелік енгізіп жатырмын» деп ойлайтын, бір үрлей салса, «жаратқан» суретіне жан кіріп, тіріліп кететіндей пиғылда болатын суретшілер туралы айтылуда.
Бұрынғы замандарда иллюстрацияларды жаппай пайдалану, картиналарды мыңдаған таралыммен басып шығарып, олардың құндылығы мен маңыздылығының белгілі бір дәрежеде төмендеуіне себепші болатын баспаханалар болған жоқ. Сол секілді, ол кезде жанды нәрсенің бейнесін салу христиандардың мүсіні секілді оны киелі тұтып, әсіре дәріптеумен байланыстырылды. Міне, бұл сөзсіз тыйым салынған нәрсе еді.
Себебі суреттегі адамдарды (немесе жануарларды) біртіндеп асыра дәріптеу кісіні пұтқа табынушылыққа алып келетін жолдың алғышарттарын қалап беретін[4]. Бұл жер-жерде «көсемдердің» еңселі ескерткіштерін немесе бюсттарын орнатуға да қатысты жағдай.
Жанды нәрсені бейнелеу мәселесі тиянақты талқыланатын барлық діни еңбектерді қарайтын болсаңыз, «мумтахән» деген терминді кезіктіресіз, яғни бұл бір нәрсеге көңіл аудармау, талғамсыз қарау, құрмет тұтпау дегенді білдіреді. Міне, пайғамбарымыз Мұхаммедтің заманынан-ақ жан-жануардың немесе адамдардың бейнелері салынған заттарға (төсеніш, жамылғы, жастық, тиын, т.б.) адамдар жоғарыда айтқандай табыну ниетінсіз қараса, оларға тыйым салынбаған. Ең әрі дегенде, егер намаз оқып жатқанда қандай да бір үй бұйымындағы суреттер адамның көңілін ауласа ғана, ол мәкрүһ болуы мүмкін[5].
Көркемсуреттегі рұқсат етілген және тыйым салынған нәрселер
Дін адамды шектемейді, керісінше бостандық береді, оны келешекке ой жіберуге тәрбиелейді, алдынан мәңгілік өмірдің көкжиегін ашады, сонымен қатар, бұл дүниені де тәрк етпей, тек өзін емес, қасындағы адамдардың да жағдайын ойлауға үндейді.
Сондықтан сурет пен мүсінге тыйым салу туралы айтылған хадистерге келесі ұстанымдар тұрғысынан қарау керек:
- жанды нәрсе не үшін салынады?
- ол қалай қолданылады?
- суретші нені мақсат тұтты?
Періштелер мен суреттер жайында бірнеше хадис
Үйде немесе жұмыс орнында жанды мақұлықтың натуралды суретінің болуы ол жерге Алланың рақым періштелерінің кіруіне кедергі келтіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай деген:
- «Тамасил»[6], «тасауир» тұрған жерге періштелер[7] кірмейді»[8];
- «Сура»[9] бар жерге періштелер кірмейді»[10];
- «Ит және «тасауир»[11] бар жерге періштелер кірмейді»[12];
- «Ит және «сура»[13] бар жерге періштелер кірмейді»[14].
Осы хадистерге түсіндірме беруде әдетте әл-Хаттабидің мына пікірі келтіріледі: «Дінде тыйым салынған сурет (немесе мүсін) бар үйлерге (Алланың рахметін әкелуші) періштелер кірмейді. Алайда, мәселен, кескіннің (немесе мүсіннің) бет-пішіні анық емес болса немесе оларға айрықша көңіл бөлусіз пайдаланылса[15], періштелердің кіруіне кедергі емес»[16].
Ал имам ән-Нәуәуи хадисте айтылған шарт – кескіннің кез келген формасына қатысты деп одан да қатаңдау пікір білдірген[17].
Үйлерге періштелердің кірмеуіне қатысты ең басты жорамал себептердің бірі – кезінде (кейде қазіргі күні де) адамдар Кімге құлшылық етіп, Кімнен ғана тілеу керектігін ұмытып, жанды нәрсенің кескіндеріне, мүсіндеріне, монументтеріне табынып кететін[18].
Тағы бір хадисте пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Жәбірейіл маған келіп: «Мен кеше сен болған жерге келдім. Бірақ кіре алмадым. Сен болған үйдің ішінде бір ер адамның мүсіні, суреті бар перде және де күшік болды», – деді. Пайғамбарымыз мүсіннің бас пішінін ағашқа ұқсатуды бұйырды. Пердеден отыру үшін екі жастық жасады. Ал күшікті далаға шығарды. Оған Пайғамбарымыздың немерелері Хасан мен Хүсейін қарады»[19].
Имам Әбу Дәуіттің хадистер жинағында осы хадис сәл басқашалау айтылады: «Маған Жәбірейіл келіп: «Мен саған кеше келдім, бірақ кіре алмадым. Кіре-берісте мүсін тұрды, бөлмеде суреті бар перде және күшік болды. Оларға айт, мүсіннің бас пішінін өзгертіп, ағашқа ұқсас етіп қойсын. Пердеден сендер отыру үшін екі жастық жасасын, ал итті далаға шығарсын», – деді. Бәрі періштенің сұрағанындай өзгертілді. Күшікті сыртқа шығарды. Оған Пайғамбарымыздың немерелері Хасан мен Хүсейін қарады»[20].
Сурет тақырыбына қатысты басқа да хадистер
Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Жаратушы Иеміздің мына сөзін жеткізген: «Менің жаратқанымдай бір нәрсені жаратқысы келген адамнан артық зұлымдық етуші бар ма? Олар [жарату қабілетіміз бар деп санаса,] тозаңның түйірін (атомды), бидай немесе арпа дәнін жаратып берсінші»[21].
«Жаратып берсінші», – дейді, яғни суретін салсын емес, атомды, бидайды, арпаны Алла қалай жаратса, сол секілді жоқтан бар қылып жаратсын дегені. Яғни сол болмашы ғана және бір қарағанда өлі көрінетін, бірақ шын мәнінде аса маңызды нәрселерді Алла тағаланың тарапынан берілетін барлық сипаттарымен жарату жайлы айтылуда.
«… Тозаңның түйірін (атомды)» – хадиске берілген түсініктемелерде «түйір» (зарра) сөзінің негізінен «құмырсқа» (нәміл) деп аударылғаны айтылған. Яғни: «Жәндіктер әлемінен кішкене ғана нәрсені (құмырсқаны) жаратып көріңдер, оған шамаларың жетпесе, құмырсқаға қарағанда қарапайымдау бидайды немесе арпаны жаратыңдар» дегенге саяды[22]. Егер ғылымға мәлім микроәлемді, молекулалар мен атомдар әлемін назарға алар болсақ, құмырсқаны емес, араб тілінде хадис мәтінінде қолданылған «зарра» сөзімен айтылатын «атомды» мысалға алсақ жеткілікті.
Алла тағала осы секілді сөгіс сипатымен айтқан сөздері арқылы адам баласының қаншалықты жетілген әрі саналы жаратылыс болғанына қарамастан, Құдайдың алдында тым әлсіз пенде екендігін білдіруде. Адам баласының жаратылған мақұлық екендігінің мағынасы барлық нәрсені жоқтан бар қылып, адамдар үшін белгілі бір тәртіптер мен нормаларды белгілеп, соларды Өзінің елшілері және пайғамбарлары арқылы жеткізген Алла тағалаға иман келтіру негізінде толықтай ашылады.
*
Пайғамбарымыз: «Расында, Қиямет күні азабы ең қатты адамдар – [адамдарды немесе жануарларды бейнелейтін] суретшілер», – деп ескерткен[23].
Ислам ғалымдары «Азабы ең қатты» деген сөзді тікелей түсінуге болмайтындығын атап өткен, себебі Қасиетті Құранда ең ауыр азапқа «перғауындар» және солар секілді күпірлік келтіргендер мен қатыгездер душар болатындығы нақты айтылған[24].
Имам ат-Табари осы екіұшты мәселеге қатысты мынадай қызықты түсініктеме береді: «Хадисте қарапайым жұрт Жалғыз әрі Мәңгі Құдайды былай қойып, суретке табынып кететінін біле тұра, адамдар мен жануарлардың суретін әдейі салатын суретшілер туралы айтылып тұр. Өз туындыларының келешекте әлгіндей мақсатта пайдаланылатынын білген суретші Аллаға деген иманынан айырылады. Мұндай суретшілер де өздерін құдай деп жариялаған перғауындар сияқты ауыр азапқа лайық болуы ықтимал. Ал ондай ниеті жоқ және өздері салған адамдардың немесе жануарлардың суреттерін кейін ешкім табынатын пұтқа айналдырмайтынына сенімді суретшілер аталған жазаға лайықтылардан емес, десе де бойұсынбаушы әрі күнәһар болады», – дейді[25].
*
«Алла тағала суретшілерді қиямет күні қатты азаптап жатып: «Қане, жаратқандарыңа жан бітіріңдерші», – дейді»[26].
«Жаратқандарыңа» («халәктум»), – деп тұр, яғни өздеріңді Тәңірге теңестіріп, «жаратқан нәрселеріңді тірілтіңдер», – дейді. Сендер адамның не жануардың суретін кәміл күйде салғандарың сондай, енді тек соған жан үрлеп тірілту ғана қалады деп ойлайсыңдар ма?! «Ана өмірлеріңде өздеріңді тым жоғары санадыңдар. Ендеше, қане бүгін, Қиямет күні сол нәрселеріңе жан бітіріңдерші»[27].
Имам ән-Нәуәуи: «Жан-жануарларды (Алланың жаратушылығымен тайталасып, шынайы бейне секілді қылу мақсатымен) салу харам, оны кейін қандай мақсатта пайдаланса да, ол қандай нәрсеге: киімге, кілемге, ақша немесе қабырғаға, ыдыс-аяққа, т.б. салынса да. Жануарлар болмаған басқа суреттерге келсек, олар харам емес», – деген.
Имам әл-Хаттаби хадиске түсіндірме бере келіп: «Бұрынғы уақыттарда адамдар Құдайды ұмытып, (мүсін немесе картинадағы жанды нәрсенің) бейнелеріне табынғаны себепті суретшілердің жазасы ауыр. Бұл хадисте бірінші кезекте пұттардың мүсіндік бейнелері меңзеліп тұр», – дейді.
Әбу Әли әл-Фариси, мәселен, аталған хадистер Алла тағалаға пішін, белгілі бір форма беретіндерге қатысты қолданылатындығын айтқан[28].
Көптеген ғалымдар хадистерде сөз болған жаза өздерін «жаратушы» сезінетін және де адамдардың немесе жануарлардың бейнелерін келешекте қарапайым халық табынатын икона ретінде арнайы жасайтын суретшілерге қатысты екендігін айтып өткен[29].
Мұндай ой мен ниет болмаған жағдайда жанды нәрсені бейнелеу харамнан мәкрүһ үкіміне өтеді, ал қоғамдық немесе басқа да қажеттіліктер туындаған жағдайларда мәкрүһ үкімі де күшін жояды[30].
*
Әл-Бұхари мен Мүслім хадис жинақтарында осы аталған тыйымның басты себептерінің бірін түсіндіретін және бір қарағанда еш зияны жоқ болып көрінген ұлы адамдардың бейнесі арқылы пенде баласының не нәрсеге ұрынуы мүмкіндігін ашып көрсететін Айшадан жеткен хадис бар. Онда өз әулиелерінің мүсіндерімен әшекейленген бір эфиопиялық шіркеу туралы айтылып, сосын пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) сөзі келеді: «Расында олар араларында бір ізгі кісі қайтыс болса, оның қабіріне мешіт тұрғызып, ішіне суреттер салатын[31]. Олар [ғибадатханаларында ізгі адамдарының суретін салғандар] қиямет күні Алла құзырындағы ең жаман адамдар [себебі олар адамдарды өз Жаратушысына құлшылық етуден алыстатып, көпқұдайшылық пен пұтқа табынушылыққа тікелей жол салды]»[32].
*
Айша риуаят етеді: «Маған Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) келді. Мен қабырғадағы ойманы мүсіндердің суреті бар жұқа пердемен жауып қойған едім. Расулалла пердені көріп, түсі бұзылып кетті. Кейін пердені жұлып алып: «Ей, Айша! Қиямет күні Алла тағаланың ең қатты азабына душар болатындар – өздерін Оған ұқсатқандар», – деді. Осыдан кейін біз пердені жыртып, одан бір (немесе екі) жастық істедік»[33].
«…Мүсіндердің суреті бар» – хадисте көбіне «пұт» деп аударылатын «тамасил» сөзі қолданылған. Имам Мүслімнің хадис жинағында аталған пердеде «қанатты жылқы» бейнеленгені туралы айтылады[34].
«…Бір (немесе екі) жастық» – имам Мүслімнің хадис жинағында осы хадистың мынадай жалғасы бар: «Екі жастық істеп, кейін оларды үйде пайдаландық. Пайғамбарымыз Мұхаммед [отырған уақытта] оларға жантаятын»[35].
Осы хадистің, сондай-ақ, пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қатысуымен болған осы мәндес жағдайлар сипатталатын, мағыналас хадистердің негізінде кейбір мұсылман ғалымдары адамдардың көңілін ауламайтын, елеусіз жерге қойылған және де көлеңкесі түсетін мүсін болып табылмайтын жанды нәрсенің кескінін қолдануға болатындығы туралы айтқан.
Имам ән-Нәуәуи: «Пайғамбар сахабаларының және олардан кейінгі келгендердің (табиғиндардың) қатарынан болған ғалымдардың басым көпшілігі осылай санаған. Бұл пікірмен әс-Сәури, Мәлік, Әбу Ханифа және аш-Шафиғи секілді ғалымдар келіскен. Ал кейбіреулері оның көлеңкесі бола ма, болмай ма, ол маңызды емес дегенді айтқан. Ең бастысы, суретке киелі, табынатын, асыра маңыз беретін нәрсе ретінде қарамаса болды деген»[36].
*
Әнас айтады: «Айшаның бір пердесі болатын, оны үйдің бір бөлігіне тұтып қойған еді. Бір күні Пайғамбар оған: «Мынаны алып таста [ол төрге ілінбесін]. Пердедегі сурет мен намаз оқыған кезде көңілімді аулайды», – деді»[37].
Имам Мүслімнің жинағында: «Айшаның суреті бар киімі Пайғамбардың кейде намаз оқығанда қарайтын жағында жатты», – делінген[38]. Яғни, Пайғамбар намаз оқығанда бетін қарататын бағыт пен аталған киімнің жатқан жері тұспа-тұс келіп қалатын, сонда киім Пайғамбардың алдында жататын. Расулалла (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) киімді басқа жерге ауыстырып қоюды сұрайтын.
Осы хадистер негізінде бірқатар ғалымдар намаз оқығанда қарама-қарсы жерде суреттің тұруын дұрыс емес дейді, өйткені ол намаздағы адамның ойын бөледі. Бірақ та, мысалы, ханафи ғалымдары егер бұл суреттер кішкентай болса немесе айқын пішінге ие болмаса, оның намазға кедергісі жоқ екендігін айтады[39].
Хадистен түсінгеніміздей, намаз оқушының алдында суреттің тұруы намазды бұзбайтындығына, пайғамбарымыз Мұхаммедтің намазын белгілі бір тұсынан үзбегендігі және оны қайтадан оқымағандығы дәлел болады[40].
*
Әбу Талха Зәйд ибн Сәһл жеткізеді: «Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Сура»[41] бар үйге періштелер кірмейді», – деді»[42].
«Зәйд ибн Халид (р.а.) ауырып қалды. Біз оның көңілін сұрау үшін үйіне бардық. (Үйіне барғанымызда) есігінде суреті бар перде ілініп тұр екен. Суретті көріп мен (қасымдағы) Убайдулла әл-Хауаланиге: «Кеше ғана Зәйд бізге «періштелер суреті бар үйге кірмейді» деген хадисті айтқан жоқ па еді?» – дегенімде, Убайдулла маған: «Сен оның (хадистің жалғасында) «матаға кестеленіп салынған суреттен басқасы («иллә ракман фи сауб»)» деген сөзін естімедің бе?» – деген еді»[43].
Бұл хабар барлық дерлік хадис жинақтарында және осы сурет мәселесі қозғалатын діни еңбектерде келеді. Көбіне осы және бұған қарағанда қаттырақ үкіммен айтылған Айшадан жеткен мына хадиспен екеуі салыстырылады: «Айша анамыз (р.а.) суреті бар жастықты сатып алып, үйіне әкелді. Расулалла үйіне келгенде, ол жастықты көріп, есіктен кірмей тұрып қалды. Оның жүзінен жастықты жақтырмағаны білініп тұрды. Айша анамыз: «Я, Расулалла! Мен Алла тағалаға және Оның пайғамбарына тәубе етемін. Мен не күнә істеп қойдым?» – дегенінде, Расулалла: «Бұл не қылған жастық?» – деп сұрады. «Мен бұл жастықты Сізге сатып алдым. Қаласаңыз, оған сүйеніп отырасыз немесе жастық етіп жатасыз», – дегенде: «Мына суретті салған адамдар азапқа душар болады. Оларға: «Мынау жаратқан нәрселеріңді тірілтіңдер», – делінеді», – деді де, сосын: «Суреті (сура) бар үйге періштелер кірмейді», – деп айтты»[44].
Имам әл-Құртуби аталған хадистерге түсіндірме бере келіп: «Бірінші хадис «ракмун фи сауб» бар үйге періштелердің кіретіндігін айтуда, ал Айшадан келген хадис суретке толық тыйым салынғанын білдіруде. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің есіктен кірмей тұрып қалуы оны ұнатпағандығын және мәкрүһ екендігін білдіруі әбден мүмкін, ал Пайғамбардың «иллә ракман фи сауб» дегені мұндай суретке рұқсат (жәиз) екеніне дәлел. Жәиз нәрсе ұнамсыздықпен (кәраһә) қарама-қайшылыққа түспейді. Имам Ибн Хажар әл-Асқалани бұл тұжырымға дұрыс деп қараған»[45].
Алғашқы ғасырлардағы көптеген ғалымдар (сәләфтар) көлеңкесі түсетін нәрселерге (мүсіндер, ескерткіштер, постаменттер, т.б.) тыйым салынатынын мәлімдеген. Ал көлеңкесі түспейтіндерге (қағазға, матаға, кенепке, т.б. салынған суреттер) рұқсат, яғни тыйым салынбайды деген[46]. Мысалы, Ибн Әбу Шәйба имам әл-Қасым ибн Мұхаммедтің көлеңкесі түспейтін суреттерді салуға шариғат тұрғысынан рұқсат деп айтқандығын сахих жолмен жеткізеді. Өз заманының ең сауатты адамдарының бірі болған[47] бұл ғалымның үйінің күмбезінде құндыз бен үлкен феникс құсының суреті бар еді. Үйлерінде сурет болған осы кісі мен басқа да сол алғашқы кезеңдердің ғалымдары «иллә ракман фи сауб» деген сөзді қаперге алуы әбден мүмкін[48]. Сондай-ақ, мысалы, имам Ахмет хадистер жинағында Ләйстің Салим ибн Абдолланың көңілін сұрауға барғаны туралы сөздері келеді. Салимнің құстар мен жабайы аңдардың суреттері бар жастыққа жантайып жатқанын көрген ол: «Мынау мәкрүһ нәрсе (ұнамыз) емес пе?» – деп сұрайды. Сонда анау: «Жоқ. Тек көзге көрінетін төр секілді елеулі жерге іліп қою мәкрүһ», – деп жауап береді[49].
*
Айша айтады: «Бізде құстың бейнесі салынған бір перде бар еді. Ол үйге кірген кісінің дәл қарсы алдында тұратын. Бір күні Пайғамбарымыз маған: «Мынаны ауыстырып қойшы. Мен кірген сайын оны көрем, (көрген сайын) дүние есіме түседі», – деген еді…»[50].
*
Ибн Аббасқа бір адам келіп: «Мен мынау суреттерді саламын. Маған осының үкімін айтсаңыз», – дегенде, Ибн Аббас: «Бері жақында», – деді. Әлгі адам біршама жақындаған еді, Ибн Аббас: «Тағы жақында», – деді. Суретші тағы жақындады. Ибн Аббас оның басына қолын қойып: «Мен саған Расулалладан естігенімді айтайын. Ол: «Әрбір суретші – тозақы. Оның әрбір суреті үшін бір азаптаушы жаратылып, сол оны тозақта азаптайды. Егер сурет салатын болсаң, тал немесе басқа жансыз нәрсенің суретін сал», – деді»[51].
Осы хадистің негізінде дін ғалымдары тірі мақұлықтың (адамдар немесе жан-жануарлардың) суреті бар картиналарды сату дұрыс емес (мәкрүһ) екендігі турасында пәтуа берген[52].
Бұл жерде ескеретін жайт: егер сіз хадисті сөзбе-сөз тікелей мағынада түсінгіңіз келсе, әркімнің қалауы өзінде. Ал егер Қасиетті Құран мен Сүннетте жазылған көптеген аспектілерді есепке ала отырып, аталған мәселенің егжей-тегжейлі тұстарын ұғынамын әрі (хадисте айтылмақшы) пайғамбарлардың мұрагерлері болып табылатын ғалымдардың пікірлері мен түсініктемелерін назарға алуға тырысам десеңіз, онда сізге жоғарыда келген түсіндірмелерді қаперге алған жөн.
Тақырыптың түйіні
Діни сараптаманың соңында әйгілі ғалым имам Тахауидың сөзін келтіре кеткенді жөн санадым. Ол былай дейді: «Алғашқыда жанды нәрсені бейнелеудің барлық түріне тыйым салынды, өйткені адамдар ғасырлар бойы пұтқа табынушылықтың ықпалында болғандықтан, бейнелерге табынуға жақын еді. Кейін пайғамбардың шақыруына ілесіп, адамдар суреттерді асыра дәріптеуден арыла бастағанда «ракмун фи сауб» делінді, яғни тұрмыстық қажеттіліктерге байланысты адамдар өздерінің үйлеріндегі керек-жарақтары мен маталарын, киімдерін сәндейтін суреттер мен әшекейлерге рұқсат етілді. Одан соң тек асыра дәріптеліп, құрметтеліп, қастерленетін суреттерден басқа адам өмірінде кездесіп жататын барлық бейнелерге рұқсат етілді».
* * *
Сұрақ. Шариғат тұрғысынан фотосуретке түсуге рұқсат па?
Жауап. Әрине, егер ол ақылға қонымды әдеп пен тәрбие шеңберінен шықпаса, болады[53]. Фотоларды альбомда сақтаған дұрыс, себебі кейбір ғалымдардың пайымдауынша, олардың көрінетін жерде тұруы үйге Алланың рахмет періштелерінің кіруіне кедергі болады.
Сұрақ. Балаларға ойыншықпен ойнауға бола ма?
Жауап. Жан-жануар, адам бейнесіндегі ойыншықтарға Сүннет бойынша толықтай рұқсат. Мәселен, Айша кішкентай кезінде қуыршақпен ойнап, оларды қыздарым деп атайтын. Оның қанатты жылқы бейнесіндегі ойыншығы бар еді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) қуыршақтарды көрсетіп: «Мынау не?» – деп сұрады. Айша: «Бұл менің қыздарым», – деп жауап берді. Пайғамбар атты көрсетіп: «Ал мынау ше?» – деген сауалына: «Бұл жылқы», – деді. «Неліктен оның екі қанаты бар?» – деді пайғамбар. «Сен Дәуіттің баласы Сүлейменде қанатты жылқы болғанын білмейсің бе?» – деген Айшаның жауабын естіген Расулалла бар ықыласымен күліп алды[54].
Сұрақ. Исламда пайғамбарлардың, періштелердің, қолбасшылардың және ғалымдардың суретін бейнелеуге тыйым салынған. Ал кейінгі ұрпақтың жадында оларды қалай сақтаймыз? Шын мәніндегі ұлы адамдарға көрсетілер құрмет қандай болғаны абзал?
Жауап. Бір мұсылман кісі: «Алланың алдында дәрежесі ұлы болып, бірақ адамдар арасында белгісіз қалған қаншама жан бар. Қоғамда пайда болған кезде, оларды ешкім танымайды. Олар дүниеден көшкенде, ешкім оны аңғармай да қалады», – деген әдемі сөздерді айтқан екен.
Адамзат баласының алдында, адамдардың өсіп-өркендеуіне қосқан үлесі үшін абырой-беделі жоғары, тіпті өте ұлы адамдар өмір сүрді. Бірақ, олардың фотосуреттері, постаменттері, олар бейнеленген картиналар немесе ескерткіштері жоқ. Ең біріншіден, бұлар, әрине, Алланың пайғамбарлары мен елшілері. Олар бұл өмірде ізгі амалдары мен өнегелі өсиеттері түріндегі іздерін қалдырды… Бұл адамдар картина немесе ескерткіш түрінде емес, адамдардың жүректерінде сақталған. Ғалым тарихшылардың немесе діндарлардың кітаптарынан құрметті орындарын алған пайғамбарлар жайындағы оқиғалар ұрпақтан-ұрпаққа, ауыздан-ауызға жетуде. Оны естігенде жаныңа қанат бітіп, жүрегің толқиды, өмір сүру жеңіл әрі әдемі көріне түседі.
Сұрақ. Мен көркемөнер мектебінде дизайнер мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Оқу кезінде адамдар мен жануарлардың бейнелерін салуға тура келеді. Осы оқу орнына түскен соң, шамамен бір жылдан кейін Ислам дінін қабылдадым және мұсылман заңы бойынша, жанды нәрсені (адамды, жан-жануарды) бейнелеуге тыйым салынғанын білдім. Не істесем болады?
Жауап. Мұсылман суретшілерге айтатын ең басты тілегіміз – сендер салған суреттер келешекте адамдар сыйынатын нәрсеге айналып кетуі мүмкін-ау деген титтей де күмәндарың болса, ол нәрсені салмаңыз және «жарату қабілеті» секілді Құдайға ғана тән сипатты иеленем деген ойдан аулақ болыңыз. Суретші Алланың жаратқан мақұлықтарын шебер де әдемі етіп бейнелей алады, бірақ жаратпайды.
Ең дұрысы – адамдар мен жануарларды табиғи қалпында, тірі кейпіне өте жақын етіп бейнелемеу керек.
Сұрақ. Мұсылманға адамдарды компьютерде анимация түрінде салуға бола ма? Рефат.
Жауап. Болады.
Сұрақ. Бала кезімде пластилинмен ойнағанды, сурет салғанды жақсы көретінмін. Бірде пластилинмен қасқыр басты көне мысыр пұтын жасағаным бар. Енді сол ісім үшін Алла мені Қиямет күні жазалай ма, жоқ па? Рефат.
Жауап. Жоқ, бұл күнәһарлық емес. Бала кезіңіздегі ойынға көңіл аударудың қажеті жоқ.
Сұрақ. Исламда бейнетаспаға және суретке түсіруге (фотография) тыйым салынған ба?
Жауап. Жоқ, тыйым салынбаған.
Сұрақ. Қабырғаға ауланған аңның терісін іліп қоюға бола ма? Бұл өзінше бір мәртебе ғой.
Жауап. Болады. Өйткені, оларға ешкім сыйынбасы анық.
Сұрақ. Шариғатта бір нәрсеге тыйым салынбаса, оған рұқсат деген сөз бе?
Жауап. Иә.
Ресейлік имам Шәміл Аляутдиновтың «Жұмақты қалай көреміз?» кітабынан.
Қазақ тіліне аударған Ескендір ЗҰЛҚАРНАЙ
[1] «Күмәнсіз бұл жеңілдік діні. Кім бұл дінді қиындатса [«айрықша» тақуалығымен басқалардан асып түсу үшін шектен шығушылыққа барса], дін бәрібір одан асып түседі». Әбу Һурайрадан жеткен хадис; әл-Байһақи х. ж. Қараңыз, мыс.: әс-Суюти Ж. Әл-жәмиғ ас-сағир. Бәйрут: әл-Кутуб әл-илмия, 1990. 261-б., № 4301 хадис; әл-Ажлуни И. Кәшф әл-хафа уә музил әл-илбас. 2-бөлімді. Бәйрут: әл-Кутуб әл-илмия, 2001. 1-бөл. 366-б., № 1323 хадис.
[2] Ибн Масғудтан жеткен хадис; Ахмет, Мүслім және Әбу Дәуіт х. ж. Қараңыз, мыс.: әс-Суюти Ж. Әл-жәмиғ ас-сағир. Бәйрут: әл-Кутуб әл-илмия, 1990. 569-б., № 9594 хадис, «сахих»; ән-Найсабури М. Сахих муслим. Рияд: әл-Афкәр ад-даулия, 1998. 1071-б., № 7-(2670) хадис; ән-Нәуәуи Я. Сахих муслим би шарх ан-науауи. 10-томдық, 18-бөлімді. Бәйрут: әл-Кутуб әл-илмия, [жылы жоқ]. 8-т. 16-бөл. 220-б., № 7-(2670) хадис.
[3] «Әй адам баласы! [Ойланыңдар, ақылға салыңдар] Бір мысал келтірілді. Енді соған құлақ салыңдар: Сендердің Алладан өзге табынғандарың, барлығы жиылса да әсте бір шыбын жарата алмайды [Тіпті сендердің барлық ойлап тапқан құдайларың, пұттарың, құдіретті деп санайтын нәрселерің; сиқыршыларың, экстрасенстерің, «тәуіптерің» осы бір қарапайым мақсатқа жету үшін бар мүмкіндіктері мен күштерін салса да, мұны жасай алмайды]. Сондай-ақ, егер шыбын олардың бір нәрсесін алып қашса, одан оны құтқара алмайды. Өйткені, іздеуші де [пұтқа табынушы да], ізделген де [пұттар да] нашар [оларда құдірет жоқ]» (Құран кәрім, 22:73).
[4] Кеңес Одағының идеологиялық «жауһарларын» көріп өскен адамдарға бұл нәрсе өте жақсы таныс. Өйткені, Ленинді және оның идеяларын әсіре дәріптеу арқылы құдай дәрежесіне көтеру көбіне-көп «әлемдік пролетариат көсемінің» көркем, фотографиялық және мүсіндік бейнелері арқылы жүргізілгені белгілі.
[5] Қараңыз, мыс.: әл-Мунзири З. Мухтасар сахих муслим. Бәйрут: әл-Ямама, 1996. 409-б., № 1365 («жанды нәрсе бейнеленген перде»), № 1366 («жанды нәрсе салынған матадан бір немесе екі жастық жасады»), № 1368 («Айша жанды нәрсенің суреті бар бір жастықтан екеуін жасап, Пайғамбар үйінде пайдаланды»), т.б. хадистер.
[6] «Тамасил» сөзі араб тілінен «мүсін, ескерткіш» деп аударылады, яғни жан-жануарлардың немесе адамдардың қашалып жасалған, көлеңкесі түсетін көркем-мүсіндік бейнесі. Бірақ көбіне «пұт» деп аударылады. «Тасауир» сөзі бұл жерде синоним ретінде қолданылып тұр. Қараңыз: Ибн Манзур. Лисан әл-араб. 15-томдық. Бәйрут: Садир, 1994. 4-т. 473-б; Муғджаму лұғати әл-фукаха. Бәйрут: ән-Нафаис, 1988. 146-б.
[7] Сақтаушы періштелер және адамдардың жанынан қалмай, барлық амалдарын жазып жүретін періштелер. Қараңыз: әл-Асқалани А. (һ. 773-852 жж.). Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық (15-і – негізгі, 3-і – кіріспе және сілтемелер). Бәйрут: әл-Фикр, 1996. 11-т. 579-б.
Сондай-ақ, адамдардың жанын алатын періштелерге жанды нәрсенің суреті немесе мүсіні кедергі болмайды. Қараңыз: әл-Қари А. Миркат әл-мафатих шарх мишкәт әл-масабих. 11-томдық. Бәйрут: әл-Фикр, 1992. 8-т. 265-б.
[8] Қараңыз: әл-Мунзири З. Мухтасар сахих муслим. 408-б., № 1364 хадис.
[9] Бұл жердегі «сура» сөзі («сод» әрпімен жазылады) араб тілінен «образ, картина, сурет, фигура» деп аударылады. Қараңыз: Х. Барановтың арабша-орысша сөздігі. Сондай-ақ, бұл сөз «бейне» деп те қолданылады. Қараңыз: Ибн Манзур. Лисан әл-араб. 4-т. 473-б.
Діни еңбектерде бұл сөз көбіне «шәкл» (форма, образ, фигура) және «ат-тимсәл әл-муджасам» (мүсін, монумент, ескерткіш) деген мағыналарда қолданылады. Бұрын ғалымдардың көбі мүсіндерді, ескерткіштерді, монументтерді кенепке адамның немесе жануарлардың бейнесін салу деген сөзбен айтатын. Олардың бәрін «сура» («сод» әрпімен жазылады) сөзімен қолданды. Қараңыз: Муғджаму лұғати әл-фукаха. 277, 278-б.
[10] Қараңыз: әл-Мунзири З. Мухтасар сахих муслим. 408, 409-б., № 1365 хадис.
[11] Бұл сөздің мағынасын алдыңғы сілтемелерден қараңыз.
[12] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық (15-і – негізгі және 3-і – кіріспе мен сілтемелер). Бәйрут: әл-Фикр, 1996. 11-т. 578-б., № 5949 хадис.
[13] Бұл сөздің мағынасын алдыңғы сілтемелерден қараңыз.
[14] Хадис Ахмет, ат-Тирмизи, ән-Нәсәи және Ибн Мажә хадис жинақтарында келген. Қараңыз, мыс.: әс-Суюти Ж. Әл-жәмиғ ас-сағир. 578-б., № 9758 хадис, «сахих»; әл-Әмір Аләуд-дин әл-Фариси. Әл-ихсан фи такриб сахих ибн хаббан. 18-томдық. Бәйрут: ар-Рисалә, 1991. 13-т. 160, 161-б., № 5849, 5850 хадистер. Сондай-ақ, қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 581-б., № 5957, 5958, 5960, 5961 хадистер; Ибн Әбу Шәйба А. Әл-мусаннаф фи әл-ахадис уә әл-асар. 8-томдық. Бәйрут: әл-Фикр, 1989. 6-т. 71-б., № 69/1, 2, 3, 4 хадистер.
[15] Мысалы, газеттердегі, журналдардағы, кітаптардағы немесе ақша банкноттарындағы иллюстрациялар.
[16] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 580-б., және де 593-б; әл-Қари А. Миркат әл-мафатих шарх мишкәт әл-масабих. 11-томдық. 8-т. 265-б.
[17] әл-Қари А. Миркат әл-мафатих шарх мишкәт әл-масабих. 11-томдық. 8-т. 265-б.
[18] Бұл да сонда. 266-б.
[19] Қараңыз: әл-Әмір Аләуд-дин әл-Фариси. Әл-ихсан фи такриб сахих ибн хаббан. 13-т. 165-б., № 5854 хадис; әл-Бәнна А. (ас-Сағати есімімен танымал). Әл-фатх ар-раббани ли тартиб муснад әл-имам ахмад ибн ханбал аш-шайбани. 12-томдық, 24-бөлімді. Бәйрут: Ихия ат-турас әл-араби, [жылы жоқ]. 9-т. 17-б. 280, 281-б.
[20] Бұл хадис ат-Тирмизи және ән-Нәсәи хадис жинақтарында да келген. Имам ат-Тирмизи оны «хасан сахих» деген. Қараңыз: Әбу Дәуіт. Сунан аби дауд. 4-томдық. Мысыр: ас-Сағда, 1950 (һ. 1369 ж.). 4-т. 103-б., № 4158 хадис; әл-Хаттаби Х. Мағалим ас-сунан. Шарх сунан аби дауд. 2-томдық, 4-бөлімді. Бәйрут: әл-Кутуб әл-илмия, 1995. 2-т. 4-бөл. 191-б., № 1493 хадис; әл-Қари А. Миркат әл-мафатих шарх мишкәт әл-масабих. 11-томдық. 8-т. 277, 278-б., № 4501 хадис.
[21] Қараңыз: әл-Мунзири З. Мухтасар сахих муслим. 410-б., № 1370 хадис; әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 584-б., № 5953 хадис; Ибн Әбу Шәйба А. Әл-мусаннаф фи әл-ахадис уә әл-асар. 6-т. 73, 74-б., № 71/4 хадис; әл-Бәнна А. (ас-Сағати есімімен танымал). Әл-фатх ар-раббани ли тартиб муснад әл-имам ахмад ибн ханбал аш-шайбани. 9-т. 17-бөл., 277-б., № 52 тарау, № 152, 153 хадистер.
[22] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 585-б.
[23] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 581-б., № 5950 хадис; Ибн Әбу Шәйба А. Әл-мусаннаф фи әл-ахадис уә әл-асар. 8-томдық. 6-т. 73-б., № 71/2 хадис; әл-Бәнна А. (ас-Сағати есімімен белгілі). Әл-фатх ар-раббани ли тартиб муснад әл-имам ахмад ибн ханбал аш-шайбани. 9-т. 17-бөл., 277-б., № 52 тарау, № 148 хадис.
[24] «Қиямет қайым болған күні: «Перғауындықтарды [солар секілді пұтқа табынушылар мен кәпірлердің бәрін де] азаптың ең қаттысына кіргізіңдер» (Құран кәрім, 40:46).
[25] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 582-б; сол еңбекте, 596-б.
[26] Қараңыз: әл-Бұхари М. Сахих әл-бухари. 5-томдық. Бәйрут: әл-Мактаба әл-асрия, 1997. 4-т. 1885-б., № 5951 хадис, сондай-ақ, 1887-б., № 5961 және № 5963 хадистер; әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 581-б., 5951 хадис, сондай-ақ, № 5961 және № 5963 хадистер; Ибн Әбу Шәйба А. Әл-мусаннаф фи әл-ахадис уә әл-асар. 6-т. 73-б., № 71/3 хадистер; әл-Бәнна А, (ас-Сағати есімімен белгілі). Әл-фатх ар-раббани ли тартиб муснад әл-имам ахмад ибн ханбал аш-шайбани. 9-т. 17-бөл. 277-б., № 52 тарау, № 149 хадис.
[27] Қараңыз, мыс.: әл-Әмір Аләуд-дин әл-Фариси. Әл-ихсан фи такриб сахих ибн хаббан. 13-т. 158-б., № 5847 хадис.
[28] Соңғы үш цитатаны қараңыздар: Әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 583-б.
[29] Осындай суретшілердің табысының лағнеттелгені туралы қосымша хадисті қараңыз: әл-Бұхари М. Сахих әл-бухари. 4-т. 1887-б., № 5962 хадис; әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 594-б., № 5962 хадис.
[30] Қараңыз: әл-Қардауи Ю. Әл-халәл уә әл-харам фи әл-ислам. Бәйрут: әл-Мактаб әл-ислами, 1985. 97, 98-б.
[31] Өмірден өтіп кеткен сол тақуа кісіні адамдар тым жоғары әспеттеп, тіпті құдайға айналдырып, Алладан емес, одан дұға тілеп жатса, бұған ол адам ешқандай да кінәлі емес.
[32] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 581-б; әл-Кари А. Миркат әл-мафатих шарх мишкәт әл-масабих. 11-томдық. 8-т. 282-б., № 4508 хадис.
[33] Қараңыз: әл-Бұхари М. Сахих әл-бухари. 4-т. 1885-б., № 5954 хадис; әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 586-б., № 5954 хадис.
[34] Қараңыз: әл-Мунзири З. Мухтасар сахих муслим. 409-б., № 1366, 1367 хадистер.
[35] Қараңыз: әл-Мунзири З. Мухтасар сахих муслим. 409-б., № 1368 хадис; әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 590-б; әл-Бәнна А. (ас-Сағати есімімен танымал). Әл-фатх ар-раббани ли тартиб муснад әл-имам ахмад ибн ханбал аш-шайбани. 9-т. 17-бөл. 286-б., № 182 хадис; әл-Әмір Аләуд-дин әл-Фариси. Әл-ихсан фи такриб сахих ибн хаббан. 13-т. 154-б., № 5843 хадис.
[36] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 587, 588-б.
[37] Қараңыз: әл-Бұхари М. Сахих әл-бухари. 4-т. 1886-б., № 5959 хадис; әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 592-б., № 5959 хадис; сол еңбекте, № 374 хадис; әл-Бәнна А. (ас-Сағати есімімен танымал). Әл-фатх ар-раббани ли тартиб муснад әл-имам ахмад ибн ханбал аш-шайбани. 9-т. 17-бөл. 285-б., № 178 хадис.
[38] Қараңыз: Әл-кутуб әс-ситтә. 23-томдық. Ыстамбұл: Чагре, 1981. 5-т. 1668-б., № 37 тарау, № 26 бөлік, № 93 хадис.
[39] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 592-б.
[40] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 14-томдық (13-і – негізгілер, 1-і – кіріспе). Каир: ад-Дайян лит-турас, 1988. 1-т. 578-б., № 374 хадиске түсіндірме.
[41] Алыңғы беттерде бұл сөзге толығырақ анықтама берілді.
[42] Қараңыз: әл-Мунзири З. Мухтасар сахих муслим. 408, 409-б., № 1365 хадис.
[43] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 589-б., № 5958 хадис; Әбу Дәуіт. Сунан аби дауд. 1950. 4-т. 102-б., № 4155 хадис; әл-Бәнна А. (ас-Сағати есімімен танымал). Әл-фатх ар-раббани ли тартиб муснад әл-имам ахмад ибн ханбал аш-шайбани. 9-т. 17-бөл. 286, 287-б., № 183, 184 хадистер; әл-Әмір Аләуд-дин әл-Фариси. Әл-ихсан фи такриб сахих ибн хаббан. 13-т. 161-б., № 5850, 5851 хадистер.
[44] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 589-б., № 5957 хадис.
[45] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 593-б.
Әлбетте, ұлы имам мұны осы тақырып бойынша барлық хадистер мен ғалымдардың түсіндірмелерін есепке ала отырып айтқан.
[46] Бұл суреттердің адам өмірінен орын алып, оған әр беріп, алайда көңіл аудармауы, елеусіз болуына қатысты түсіндірмелерді есепке алу керек.
[47] Әл-Қасым ибн Мұхаммед Мәдинаның ең сауатты жеті діни ғалымының бірі болған. Айшаның (жануарлардың) суреті бар жастықты сатып алғаны, пайғамбарымыз Мұхаммедтің оны ұнатпай есіктен кірмей тұрып қалғандығы туралы хадисті жеткізген осы адам болатын. Қараңыз, мыс.: әл-Бұхари М. Сахих әл-бухари. 4-т. 1886-б., № 5957 хадис; әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 589-б., № 5957 хадис.
[48] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 18-томдық, 1996. 11-т. 588, 589-б.
[49] Қараңыз: әл-Бәнна А. (ас-Сағати есімімен танымал). Әл-фатх ар-раббани ли тартиб муснад әл-имам ахмад ибн ханбал аш-шайбани. 9-т. 17-бөл. 277-б., № 150 хадис.
[50] Қараңыз: Әл-кутуб әс-ситтә. 5-т. 1666-б., № 37 тарау, № 26 бөлік, № 88 хадис; әл-Бәнна А. (ас-Сағати есімімен танымал). Әл-фатх ар-раббани ли тартиб муснад әл-имам ахмад ибн ханбал аш-шайбани. 9-т. 17-бөл. 285-б., № 175 хадис.
[51] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 14-томдық, 1988. 4-т. 485, 486-б., № 2225 хадис; Ибн Әбу Шәйба А. Әл-мусаннаф фи әл-ахадис уә әл-асар. 6-т. 74-б., № 71/6 хадис; әл-Мунзири З. Мухтасар сахих муслим. 409, 410-б., № 1369 хадис; әл-Қари А. Миркат әл-мафатих шарх мишкәт әл-масабих. 11-томдық. 8-т. 281, 282-б., № 4507 хадис; әл-Бәнна А. (ас-Сағати есімімен танымал). Әл-фатх ар-раббани ли тартиб муснад әл-имам ахмад ибн ханбал аш-шайбани. 9-т. 17-бөл. 277-б., № 52 тарау, № 146, 147 хадистер; әл-Әмір Аләуд-дин әл-Фариси. Әл-ихсан фи такриб сахих ибн хаббан. 13-т. 157-б., № 5846, 5848 хадистер.
[52] Қараңыз: әл-Асқалани А. Фатх әл-бари би шарх сахих әл-бухари. 14-томдық, 1988. 4-т. 486-б.
[53] Қараңыз, мыс.: әз-Зухайли У. Әл-фиқһ әл-ислами уә әдилләтуһ. 11-томдық. Дамаск: әл-Фикр, 1997. 9-т. 237-б; әл-Бути Р. Маға ән-нас. Машурат уә фатауа. Дамаск: әл-Фикр, 1999. 189-б.
[54] әл-Бұхари, Мүслім және Әбу Дәуіт х. ж. Қараңыз, мыс.: әл-Қардауи Ю. Әл-халәл уә әл-харам фи әл-ислам. 94, 95-б.