Әлем қазіргі уақытта бұрын-соңды болып көрмеген «коронавирус» дауылының алапатымен арпалысып жатыр. Жалыны бес жарым миллионнан астам адамды шарпып, 350 мыңнан аса адамның жанын алған жұқпалы дерт адам баласын сансыратып, білім мен ғылымды үлкен емтиханмен сынап жатыр.
Тарихта алғаш рет жамағатқа мешіттердің есігі жабылып, жұма намаздары жайына қалды. Мұсылман пенденің жүрегі қарс айырылған осынау сындарлы сәтте біз не істей аламыз деген сұрақ әрбіріміздің көкейімізде тұрғаны ақиқат.
Қазақта «шымшық сойса да қасап сойсын» деген аталы сөз бар. Аурумен күресу – медицина мамандарының ісі, біздің міндет – дәрігерлердің айтқанына құлақ асу, мемлекет тарапынан қабылданып жатқан шараларға қолдау көрсету. Сонымен қатар, мұсылман пенде ретінде діннің де бұйрықтарын қаперімізде ұстағанымыз жөн.
Тарихқа көз жүгіртіп қарайтын болсақ, әр дәуірде көптеген жұқпалы аурулар болғанын көреміз. Осыған орай, сіздерге жұқпалы аурулар туралы аяттар мен хадистерде не айтылғанын айта кетуді жөн санадым.
Құран Кәрімде: «Алла жолында мал сарп қылыңдар. (Сараң қорқақ болып) өздеріңді өз қолдарыңмен қауіп-қатерге салмаңдар. Жақсылық істеңдер. Шын мәнінде Алла игілік істеушілерді жақсы көреді», – деген аят бар («Бақара» сүресі, 195 аят).
Алла Тағала осы аятта адамдарға дүние-мүліктерін Алла разылығы үшін жұмсауды бұйырады. Адам баласының басына түскен бақытсыздықтар мен зұлымдықтар, оның басына түскен қауіп-қатерлер мен қиындықтар көбінесе пенденің өзінің немқұрайдылығы мен қателіктерінің салдары болып табылады. Тек дүние жинау, ақша мен атақ-даңқ үшін өмір сүру, нәпсіге еріп салтанатты өмірге құмарту, ал басына қиыншылық күндер туғанда оған төтеп беретін жол іздемеу адамдарды және қоғамды қараңғылыққа итермелеп, құлдыққа түсуге мәжбүр етеді.
Тағдыры осыған апарып соқтыратынын біле тұра шарасыздық көрсету – ақыл-есі бар адам үшін қауіпті құбылыс. Құран тәпсіршілері Алла жолында мал-мүліктерін жұмсаудан бас тартудың үлкен қауіп екенін еске салу осы аяттың түсуіне себеп болды деп айтады. Хадисте де, біліп тұрып өз қолымен өзінің басын қатерге тігу, күнә жасау арқылы Алланың мейірімі мен кешірімінен үміт үзу мағынасына келетіні туралы айтылды (Байхаки, Сүненул-Кубра, X, 45).
Жеңіске жетуге мүмкіндігі жоқ екенін, жеңілетінін біле тұра санасыздықпен жауға тарпа бас салу, басын өлімге тігу де өзін қауіп-қатерге тігудің басқа бір түрі болып саналады және мұндай немқұрайдылыққа тыйым салынады. Тіпті ақыреттегі жазасын біле тұра күнә жасау, күнә екенін біле тұра табандап тұрып алу, арам болған нәрселерден бас тартпау да өз-өзін әдейілеп қауіп-қатерге душар етуден басқа ештеңе емес.
Құран Кәрімнің тағы бір аятында: «Сендер қайда болсаңдар да, тіпті мықты қорғандарда (жұлдыздарда) болсаңдар да өлім жетеді…», – деп бұйырылады («Маида» сүресі, 78 аят).
Расында да, егер дәм-тұзы таусылса, адам жұлдыздарға ұшып кетсе де, тіпті басқа планеталарға қашып кетсе де, ең биік ғимараттарға, ең мықты қамалдарға, ең салтанатты сарайларға тығылса да ажалдан қашып құтыла алмайды. Сол себепті, өлімнен қорқудың еш қажеті жоқ. Ең бастысы – кез келген уақытта оған дайын болу, яғни ешкімнің ақысын жемеу, ешкімге жамандық жасамау, қу дүниенің артынан кетіп қалмастан Жаратқан иеміздің алдындағы парыздарымызды, өз міндеттерімізді толығымен орындау.
Осы аяттың түсу себебі туралы келесідей риуаят бар:
«Алла елшісі Мәдинаға келгенде ол жерде молшылық және арзаншылық болған еді. Пайғамбарымыз адамдарды Исламға шақыра бастағанда, еврейлердің қырсықтығы мен екіжүзділердің қыңырлығынан ашаршылық пен қымбатшылық ортаға шыға бастады. Дәл сол кезде яһудилер мен екіжүзділер: «Біз мұндай кесірлі кісіні көрген жоқпыз. Сол келгелі жеміс ағаштарымыздың түсімі азайып, бағалар артты, қымбатшылық келді», – деді. Олар молшылық пен арзандық Аллаға тиесілі, ал жоқшылық пен қымбатшылықтың себебін Пайғамбарға жатқызды. Осыдан кейін Алла тағала төмендегі аятты түсірді: «Тағы Біз әрқандай бір кентке елші жіберсек, олар жалбарынсын деп, ол жердің тұрғындарын таршылық, қиыншылыққа ұшыраттық. (94) Сонан соң жаманшылықты жақсылыққа ауыстырдық. Тіпті артылып кетті де: «Аталарымыздың басына да таршылық, кеңшілік келген екен» десті. Сондықтан оларды кенеттен қолға алғанымызда өздері де білмей қалды.» (А’раф сүресі, 94-95 аят).
Осыдан түсінетініміз, біз кім болсақ та Жаратқан иемізді ұмытпастан, үнемі жалбарынып жәрдем мен кеңшілік сұрап жүруіміз керек. Ұмытып кетсек, басқаша яғни қаһарын төгіп білдіреді, әлбетте мұндай жағдайда адам баласы зиянға ұшырайды.
Ибн Аббастан (радиаллаһу анһума) жеткен риуаятқа сәйкес, Омар Ибн Хаттаб (радиаллаһу анһа) Шам тарапына жолға шығады. Хижазға бара жатқан жолдағы Серг деген жерге жеткенде оны әскердің бас қолбасшысы Әбу Убейде Ибни Керра және нөкерлері қарсы алды және олар оған Шамда оба ауруының пайда болғанын хабарлады.
Ибни Аббастың айтуы бойынша, Хз. Омар оған: «Маған алғашқы мухажирлерді шақыр», – деді және мен оларды шақырдым. Хз. Омар олармен ақылдасып, Шамда оба індеті болып жатқанын айтты. Олар осы жерде қалай әрекет ету туралы келісе алмады.
Олардың кейбіреулері: «Сіз белгілі бір жұмыс үшін мақсатты түрде сапарға шықтыңыз, сондықтан кері қайтуды құптамаймыз» деп айтса, енді біреулері: «Қалған адамдар және Алла елшісінің (с.ғ.с.) сахабалары (серіктері) Сізбен бірге. Оларды осы обаның үстіне айдап салғаныңыз дұрыс емес деп санаймыз», – деді. Осыдан кейін Хз. Омар: «Менен аулақ тұра тұрыңдар», – деді.
Содан кейін: «Маған Ансарларды шақырыңдар» деді, мен оларды шақырдым. Бірақ, олар да мухажирлер секілді келіспеушілікке түсті. Хз. Омар оларға да «Менен аулаққа бара тұрыңыздар» деді.
Содан кейін: «Мекке жаулап алудан бұрын Мәдинаға қоныс аударған және осы жерде қатысып отырған Құрайш мухажирлерінің ақсақалдарын шақыр» деді, мен оларды шақырдым. Олардың бәрі бірауыздан: «Біз Сіздің халықты кейін қайтаруыңызды, оларды осы обаның үстіне апармауыңызды дұрыс деп санаймыз», – деп айтты.
Осыдан кейін Хз. Омар адамдарға үн қатып: «Мен таңертең жануарыма мінемін, сіздер де мініңіздер», – деді. Сол кезде Әбу Убейде Ибн Жаррах (радиаллаһу анһ): «Алланың тағдырынан қашып барасың ба?» – деді. Хз. Омар: «Әттең, мұны сенен басқа біреу айтқанда ғой уа, Әбу Убайде!» деді. Омар Әбу Убейдаға қарсы шыққысы келмеді. Ол сөзін былай жалғастырды:
«Иә, біз Алланың тағдырынан Алланың тағдырына қашып жатырмыз. Қалай ойлайсың, сенің түйелерің болса және екі жағы бар жазыққа жіберсең, оның бір жағы құнарлы, екінші жағы тақыр болса, құнарлы жерде жайсаң, Алланың тағдырымен бағып жүрген боласың. Ал егер тақыр дала жағына жайған болсаң, онда да Алланың тағдырымен баққан болмайсың ба?» – деп айтты.
Ибн Аббастың айтуынша, сол кезде алғашында кейбір қажеттіліктерін өтеу үшін сол жерде болмай қалған Абдуррахман Ибн Ауф (радиаллаһу анһ) келді және менде бұл туралы ақпарат бар. Алла елшісі (саллаллаһу аләйһи уә сәлләм):
«Сіздер бір жерде оба індеті бар екенін естігенде ол жерге бармаңыздар. Бір жерде оба індеті пайда болып, сіз сол жерде болсаңыз, аурудан қашамын деп ол жерден кетпеңіз»,
– деп бұйырғанын естідім деді. Осыдан кейін Хз. Омар Аллаға мадақ айтып, оба індеті пайда болған жерге бармайтын болып кейін қарай жолға шықты. (Бухари, Тыб 30; Муслим, Салам 98).
Хз. Усамадан жеткен басқа бір хадисте Алла Елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын): «Егер сіз бір жерде жұқпалы ауру пайда болғанын естіген болсаңыз, ол жаққа бармаңыз. Егер жұқпалы ауру сіздің тұрған жеріңізде пайда болса, онда ол жерден кетпеңіз», – деп бұйырады (Бухари, Тыб 30; Муслим, Салам 100).
Жоғарыдағы аяттар мен хадистерге көз жүгірте отырып, келесі жайттарды көреміз. Хз. Омар барлық адамдарға және қоғамға қатысты шешім қабылдау үшін Құран мен Сүннеттің негізгі қағидасын қолданды. Ол сахабалармен ақылдасты, олардың әр деңгейдегі топтарын бөлек-бөлек шақырып, олармен сөйлесті және талқылады.
Нәтижесінде, сахабалардың көпшілігінің кейін қайтуды қалағандарын анықтады және бұл сақтық үшін орынды шара деп ойлады және өзінің жеке ой-түйсігі де сол бағытта болғандықтан кейін қайту туралы шешім қабылдады.
Сонымен қатар, жұқпалы ауру бар жерге барудың немесе мұндай ауру пайда болған жерден қашудың қажеті жоқ. Бұл – біздің дініміздегі және медицинадағы аурудың алдын алудың маңызды талабы. Қазіргі медицинада бұл карантин деп аталады. Және де өзінің мойнындағы жауапкершілікті сезінетін басшы өз халқының жағдайын білу, билік пен қоғамның арасындағы байланысты анықтау үшін тексеріп отырады. Халықтың және жауапты адамдардың биліктің ресми өкілдері келген кезде, оларға елде болып жатқан оқиғалар туралы хабарлауы елдің амандығы тұрғысынан маңызды міндет.
Сондықтан қандай жағдай болса да, дүрбелеңге салынбай, сақтық шараларын орындап, қоғамдық тәртіпке бағынған жөн. Яғни, жұқпалы ауруға жататын коронавирус кең таралған осы күндері біз, мұсылман пенде ретінде тазалығымызға көбірек көңіл бөліп, көбірек дұға етуіміз керек.
Сабырлылық пен шыдамдылық ең шарасыз деген жердің өзінде өте керек нәрсе және оның нәтижесі шынымен таңқаларлық оқиғаларға жеткізетініне сеніңіз. Сабыр ету – иманын сақтау үшін мұсылманның ең үлкен панасы және қаруы.
Балғабек МЫРЗАЕВ